22 Қаңтар, 2011

«Валеология» кітабын қайта қарау керек

828 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Білім және ғылым министрлігінің ғылымды экономика мен қоғамға лайықтау, сұранысқа ие болуға бейімдеу, инновациялық жобаларға байланыстыру бағыттарында қолға алған шараларын қолдай отырып, мына мәселеге назар аударғанын жөн көрдік. Медицина қызметкерлері 15-19 жастағы жеткіншектердің ара­сында жүкті болу көрсеткішінің өсіп бара жатқандығына алаң­дау­лы. Республика Статистика агент­тігінің деректері бойынша елімізде жыл сайын 15-19 жас ара­лы­ғындағы 10 мыңға жуық қыз ба­ланың аяғы ауыр болады екен. 2008 жылы осы жастағы әр мың қыз баланың 31-і перзент көрген. Түсік жасатқан 6000 әйелдің 84-і 15 жасқа дейінгілер, олардың жар­тысы мұндай қадамға екінші рет барған. Медициналық тексеруден өткен әр 100 мың жет­кін­шектің 1466-сының  гинеколо­гия­лық ауруға шалдыққаны анық­талған.  Саламатты өмір сал­тын қалыптастыру мәселелері жөнін­де­гі Ұлттық орталықтың мәлі­метіне сүйенсек, Қазақстанда 14 жастағылардың жыныстық қаты­насқа бару фактілері тіркеліпті. «Біздің жеткіншектеріміз мо­раль­дық жағынан неге осылай құл­дырауда? Оның негізі қайда жатыр? Бұлай жалғаса берсе, ертеңгі ахуал күрделене түспей ме?» деген сауалдарға Білім және ғылым министрлігімен бірге     жауап іздесек дейміз. Аталған мәселені зерттеп жүр­ген ғалымдар мен жур­на­листердің пікірі бойынша жеткіншектердің жыныстық қатынасқа ерте ба­руы­на, басқа да себептермен бірге, мектеп бағдарламасына 2002 жылы жазылған «Валеология» пә­нінің енгізілуі ықпал еткен. Осы пән бізден көп бұрын енгізілген Еуропа елдеріндегі көр­сет­кіштер жағаңды ұстатады. Ұлы­бри­танияда 2006 жылы кәме­летке толмаған 39 мың қыз бала жүкті болған. Бұлардың 7 мы­ңы­ның жасы 16-дан төмен. Басқа мем­лекеттердегі жағдай осы дең­гейлес. Содан кейін ойланасың: мектеп жасындағы балаларға жы­ныс­тық қатынас туралы арнаулы пән арқылы қандай да болса білім-түсінік берудің қажеті бар ма деп. Енді осы «Валеология» пәні­нің оқулықтарын қысқаша талдап көрелік. Жалпы білім беретін мектептердің 7-9 сыныптарына арналған оқулықтың 19-та­рау­ын­да жыныстық даму үдерістері ашық баяндалады. «Ондағы адам­ның мүшелерін сипаттаған сөй­лем­дерді мұғалім ер балалар мен қыз балалар аралас отырған сы­ныпта қысылмай қалай оқып тү­сіндіреді?! Сол суреттеулерді 7-сынып оқушысына баяндаудың қажеті қанша?» деген ойға келдік. Сөйтсек, сорақысы әлі алда екен. Авторлар психосексуалдық бейімделу туралы айта отырып: «Дәл осы кезеңде сексуалды ба­ғыт­тарда ауытқулар байқалуы мүм­кін... Мәселен, ер балалар (балалар үйі) арасында ғана өскен ер бала тек ер балалармен араласу тәжірибесін алады. Солармен ал­ғашқы балалық жыныстық бай­ланыстарда өседі», деп шо­шы­та­ды. Мұндай қылықты айып­та­май­ды, болып жататын дағдылы әрекет түрінде жайбарақат әңгі­мелейді. Мұны аз десеңіз: «10-12 жаста жыныстық гормондар өнуі бас­талады да, жыныстық әуес­те­ну нақтырақ білінеді. Осы уа­қыт­та қызға деген таңдамалы қы­зы­ғу­шылық  байқалады», деп бала­ның басын айналдырады. Әрі қарай қыз баланы мүсіндеп суреттейді де, махаббатқа көшеді. Евгений Онегиннен үзінді келтіреді. Көптеген жүрек ырғағы, Жас кеудесін қозғады. Тәні бейнені ... іздеді,  деп алады да: «Егер адам сомдалған «бейнеге» сай серік кездестірсе, онда жыныстық әуестік бірнеше мәрте күшейеді», деп әбден ша­тастырады. Шабыттанып алып: «Пайда болған биологиялық және әлеуметтік әуен өз шешімін табады: махаббат объектісі табы­ла­ды. Эмоция  оң түріне ауы­са­ды, ол сексуалды байланыста өте күшті», деп еліктіреді. Мұндай сексуалды байланыстың ден­сау­лықты сақтаудағы тиімділігі де күшті деп желіктіреді. «Сек­суал­ды өмір маңызды биологиялық регулятор болып табылады» деп тағы да қамшылайды. Содан кейін түсік туралы баяндауға көшеді. Біз айтуға аузымыз бармай, «Валеология» оқулығындағы ашық жыныстық әңгімелердің жадағай дегендерін ғана келтірдік. Оның өзі оңып тұрған жоқ. Осының бәрі баланы түзеудің орнына күзейтінін, оғаш әре­кеттерге итермелейтінін аңғару қиын емес. Сондықтан да болар, Ресейдің көптеген қалаларында ұстаздар мен ата-аналар Білім ми­нистрлігінің оқушыларға жы­ныс­тық тәрбие беру жөніндегі нұс­қау­ларын орындаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Егер біздегі ата-аналар мына оқулықты талдап қарап шықса, дәл осылай жасар еді. Қорыта айтқанда, «Валеология» – жоғары оқу орындарына ұсынылатын пән. Оны қажет деп жатсақ, жыныстық сипаттаулардан арылтып, «Адам мен адам­заттың негізгі құндылықтары», «Денсау­лық дегеніміз не?», «Саламатты өмір салты дегеніміз не?», «Адам­ның биологиялық ритмі», «Ақыл-ой еңбегі», «Та­мақ­тану идео­ло­гиясы», «Зиянды әрекеттер» секілді тарауларын қалдыру керек. Онда да оқушыға түсінікті тілде қайта жазған жөн. Өйткені, авторлар бұ­рыннан бар академиялық еңбек­терден кесек-кесек ала салған. Шәкірт түгілі, арнаулы әзірлігі бар адамдардың өзіне ауыр. Тоқетеріне келсек, «Ва­лео­логияны» «пәлеологияға» айнал­дыр­ған, балаларды жыныстық әрекеттерге ерте баруға итермелейтін тараулардан арылту қажет. Редакциядан: Бұл мақала бұған дейін Білім және  ғылым министрінің атына сауал ретінде жолданған екен. Мәселенің аса маңыздылығын ескерген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жақында «Валеология» пәнін оқытудан алып,  оның сағаттарын «Өзіңді өзің таны» пәнінің сағаттарына қосу туралы шешім шығарды. Бәрекелді дейік. Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты.