30 Сәуір, 2016

ЖЕР КОДЕКСІ: Тиімділікке бағытталған жұмыс

334 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
02.jpg-02-09 «Жердің ұлттық юрисдикциясы қамтамасыз етілуі тиіс» Сенаттағы парламенттік тыңдауда ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігінің түйткілді мәселелері талқыланды Кеше Парламент Сенатында ЕАЭО және ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – заңнамалық реттеу және оны тәжірибелік тұрғыдан іске асыру тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Оған палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.  Парламенттік тыңдауды Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников ашып, жүргізіп отырды. Аграрлық сектор мәселелерінің бүгінгі таңдағы төтенше маңызы туралы айта келіп, ол қатысып отырғандарды таныстырды. Оның сөзінен отырысқа Сенат депутаттарынан басқа, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму ми­нистрліктерінің, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің, сек­тордың ғылым мен тәжірибе сала­сы өкілдерінің, Мәжіліс депутат­тарының, облыс­тар әкімдері  орын­ба­сарларының қатысып отырғандығы белгілі болды. Жиналыс модераторы алғашқы сөзді Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді. Бүгінгі парламенттік тыңдаудың тақырыбы өте өзекті, өйткені, аграрлық сектордың тиімділігін арттырмай, мемлекеттің тұрақты дамуын және оның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл қоғамның әлеуметтік әл-ауқатының негізі болып табылады. Әлемнің барлық дамыған елдері ауыл шаруашылығына айрықша назар аударуы тегін емес. Олар өз нарықтарын қорғау үшін дәл осы ауыл шаруашылығы өнімдері саласында мейлінше қатаң протекционистік шараларды қолданып отыр, деді Қ.Тоқаев. Одан әрі Төраға біздің елімізде халқымыздың 42 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын айта келіп, олардың жұмыс орындарының едәуір бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін сату және оларды өңдеу саласына тиесілі екенін сөз етті. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Стратегиялық Даму жоспарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік азық-түлік нарығындағы көшбасшылар қатарына шығу үшін ауыл шаруашылығын ауқымды түрде жаңғырту міндетін алға қойды. Қазақстанның зор әлеуетінің арқасында осы міндетті іске асыруға толық мүмкіндік бар. Біз 200 млн. гектардан астам аумақты қамтыған әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы алқаптары иесінің біріміз, қолайлы инвестициялық ахуал тудыратын заңнамалық актілер қабылданған, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі мен ЕАЭО-ға қатысуы  ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, әлемдік азық-түлік нарығындағы шебімізді күшейтуге нақты мүмкіндіктер туғызды, деді Төраға. Одан әрі ол алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы өндірісінің құрылымына, оның жұмыс істеу қағидаттарына, мемлекеттің аграрлық саясаттағы көзқарасына күрделі өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартты. Бүгінгі таңда Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының мол әлеуетіне қарамастан, өндірістік даму қарқынында экономикалық өсімнің орташа статистикалық көрсеткішінен артта қалып отырмыз, аграрлық сектор елдегі ІЖӨ-нің 4,7 пайызын ғана өндіреді. 2015 жылғы алдын ала деректер бойынша, саланың өнімділігі жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда 5600 доллардан сәл ғана асады, бұл жалпы республика бо­йынша орташа көрсеткіштен 3,5 есе аз (20 026 доллар) және дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен, дей келіп, Төраға сын көтермейтін мәселелерге тоқталды. Соның ішінде отандық аграрлық сектордағы өндіріс көлемінің артуы тиімді технологиялар мен қазіргі заманғы жабдықтарды кеңінен қолдану және ғылыми жетістіктерді пайдалану есебінен емес, көп жағдайда экстенсивтік факторлар арқылы жүзеге асып отырғанын, топырақ өңдейтін озық технологиялардың жоқтығын, сапалы егіс егу материалдарының, өнім жинайтын заманауи техниканың  жетіспеушілігін айтты. Қазақстандағы астықтың түсімі жалпы ЕАЭО мемлекеттерімен салыстырғанның өзінде төмен деңгейде қалып отыр. Шетелден асыл тұқымды мал сатып алынғанымен, мал шаруашылығының даму қарқыны айтарлықтай арта қойған жоқ. Отандық өнім көп жағдайда сыртқы бәсекеге, соның ішінде Ресей тауар өндірушілерімен арадағы бәсекеге төтеп бере алмауда. Отандық нарықта қазақстандық тауарларға қарағанда импорттық азық-түліктік тауарлары басымдыққа ие болуда. Өткен жылы еліміздің сыртқы тауар айналымында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 4,5 пайызды ғана құраса, импорттың үлесі 11,3 пайызға ғана жетті, деп Қасым-Жомарт Кемелұлы аграрлық сектордың жұмысына орынды сындар айтты. Осы мәселелерді шешу бағытында Төраға бірқатар ұсыныстар мен пікірлер білдірді. Соның ішінде ауылдық аймақтарда білікті кадр­ларды сақтау жолдарын табу, ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық циклдары − агрошикізатты сақтау, тасымалдау және қайта өңдеу бо­йынша шығындарды азайту, тиімділігі жоғары болса, бағаны белгілеу кезінде дотацияларды қолдану мәселелерін көлденең тартты. ДСҰ шеңберінде Қазақстанға арналған аграрлық қолдау шараларының көлемі ауыл шаруашылығы ІЖӨ-сінің 8,5 пайызын құрайды, бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің бүгінгі деңгейін (5-6 па­йыз) сақтап қалуға, сондай-ақ, басқа да субсидиялау мен қолдау шараларының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, деді ол. Одан әрі Төраға Қазақстанның ауыл шаруашылығында кәдеге асуы мүмкін жайылымдардың елеулі қорын сақтап отырғанын атап көрсетті. Сондай-ақ, өндіріс айналымына қосымша ондаған млн. гектардан астам жер қосылуы ықтимал екен.  Осыған байланысты, үкімет мүшелері мен заң шығарушылардың, үкіметтік емес ұйымдардың алдында Жер кодексіне жақында енгізілген түзетулердің мәнісін халыққа түсіндіру бойынша ауқымды да маңызды жұмыс атқару міндеті тұрғаны ерекше аталды. Бұл орайда, жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы айтып қана қоймай, аталған талапты түрлі қитұрқы жолдармен «айналып өткісі келетіндерге» тосқауыл қою үшін заңның осы ережесін құқықтық тәсілдермен іске асыруды қамтамасыз ету қажет, деп Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың алаңдаушылығын туғызған мәселелер туралы  өзінің кесімді пікірін білдірді. Сөзінің соңында ол ауыл шаруашылығы кешенін дамыту туралы Президент стратегиясын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде Сенат Мәжіліспен тығыз байланыс жасай отырып, бұл маңызды жұмысты жалғастыратынын атап көрсетті. Осыдан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің сөзі тыңдалды. Ол сенаторларды агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, 2013-2020 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту жөніндегі «Агробизнес-2020» бағдарламасы  қабылданды, өсімдік шаруашылығының егіс алқаптарын әртараптандыру жүзеге асырылды, тұқымға қол жеткізу мүмкіндігі арта түсті, жаңа сұрыптау технологиясына қол жеткізуді жақсарту мақсатында сұрыптау жетістіктерінің нарығы еркіне жіберілді, аймақтарда ауыл шаруашылығына бағдарлар қалыптастырылды, мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі жоба бастау алды, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудың заңнамалық негізі жаңғыртылды, деді ол. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Жеңіс Нұрғалиев та саланың бірқатар өзекті мәселелерін көтерді. Ол ауыл шаруашылығы өндірісін сақтандыру және субсидиялау, шаруа және фермер қожалықтарын ірілендіру, жоғары білікті мамандардың жетіспеушіліктері, логистиканы дамыту секілді маңызды мәселелерді шешуге назар аудару қажет деп санайды. Осыдан кейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, «Майлы дақылдар өндіру» ЖШС директоры Фарид Әбитаев, т.б. мамандар сөйлеп, аграрлық секторды дамыту бойынша өз салаларындағы мәселелерді ортаға салды. Соның ішінде А.Мырзахметов «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасының деңгейін мемлекеттік бағдарламаға көтеру қажеттігін айтты. Бүгінгі таңда біз 100 млрд. доллардың өнімдерін сыртқа шығара аламыз, соның 70 млрд.-ын – Қытай, 17 млрд.-ын – Ресей, 11 млрд.-ын – Иран алуға дайын, деді ол. Ұлттық аграрлық университет ректоры Т.Есполов ауыл шаруашылығы кадр­ларын дайындау бағытында ғана емес, саланың өзі білетін өзекті мәселелері туралы да айтты. Соның ішінде ауыл шаруашылығына пайдаланылатын барлық 215 млн. гектар жердің тек жартысы ғана қолданылады, соңғы 20 жылда егістік жердің құнарлылығы 30 пайызға төмендеген, 2,5 млн. гектар суармалы жердің 1,2 млн. гектары ғана іске жаратылуда, деді ғалым. Одан әрі жайылымдардың 50 пайызы тозғандығы да айтылды. Осының бәрін тоқтату үшін ауыл шаруашылығына қолданылатын жерлерді тиімді түрде қалпына келтіруге бағытталып, заңнамамен толық қамтамасыз етілген мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек, деді ол. Сонымен бірге, ауылда тұратын халықтың 41 пайызы, яғни 1,6 млн. адам өзін-өзі қамтамасыз ететін өнімділігі төмен еңбекпен айналысатынына назар аударылды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңның тиімді пайдаланылуын қадағалап, халықты өнімді еңбекпен қамтамасыз еткен дұрыс. Ауыл шаруашылығы өнімінің рентабельділігіне бағаны көтеру арқылы қол жеткізуге тырысу үлкен қателік, тек өзіндік құнды төмендету мен өндірісті арттыру арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Сонымен қатар, ғалым ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың тиімді еместігін де атап өтті. Көмек тек мақсатты сипат алғанда ғана оның тиімділігіне қол жеткізуге болады, дей келіп, ол осы арада дамыған бірнеше елдің мысалын келтірді. Ауыл шаруашылығы ғылымын жетілдіру туралы сөз қозғағанда ғалым Елбасы былтыр айтқан аграрлық ғылымдар бойынша Ұлттық ғылыми кеңес құру мәселесін шешу қажеттігін көлденең тартты. Осыдан кейін отырыс сұрақ-жауап режіміне ауысты. Әрине, сұрақтардың бәрі дерлік Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековке қойылды. Соның ішінде сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің балық шаруашылығы мәселесіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейді дегеніне министр ондай проблеманың бар екенін айтып, жақын болашақта айналысатындарын жеткізді. Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленді. Шараға қатысушылар еліміздің әлемдік экономикаға ықпалдасу үдерістері агроөнеркәсіп кешенін дамытудың кешенді қадамдарын көрсететін жүйелі бағдарламалық құжат әзірлеу қажеттігін айқындап отырғанын атап көрсетті. Бұл бағыттар еліміздің аймақтық ерекшеліктерін ескере отырып, ұлттық басымдыққа негізделуі, ауыл шаруашылығы өндірісі мен нарықтарын теңгерімді дамытуды көздейтін тетіктерді құрауы, ауыл шаруашылығының экологиялық таза, бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіруі, жаһандану жағдайында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»