30 Сәуір, 2016

Татулықтан биік тау жоқ

688 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
*1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні 01-05-04Қазақстан халқы Ассамблеясы осы ұстанымды ту етіп келеді Қазіргі әлемде 2 мыңға тарта халық, 4,5 мыңнан 6 мыңға дейінгі аралықта әртүрлі тілдер бар деп есептеледі. Ал мемлекеттік құрылым саны 200-ге де жетпейді. Демек, өз алдына дербес мемлекеті жоқ ұлттар мен ұлыстар саны әлдеқайда көп. Ал бүгінде ту көтеріп, сап түзеп тұрған тәуелсіз мемлекеттердің бірқатары бағзы бір замандардан бері тіршілік етіп келе жатқан болса, бірсыпырасы соңғы ғасырларда әртүрлі жолдармен, әр қилы себептермен қиюласып қалыптасқан. Солардың қатарындағы Қазақстанның егемендікке қол жеткізуінде кешегі басқа да одақтас республикалардың бастан кешкені сияқты Кеңес Одағының кенеттен ыдырап кетуінің негізгі рөл атқарғаны белгілі. Бірақ сол посткеңестік елдердің көбіне аса бір ұқсай қоймайтын өзіндік ерекшеліктеріміз де бар. Ол – қасиетті қазақ жеріне тағдырдың жазуымен әр дәуірде келіп, тұрақтап қалған өзге ұлттар мен ұлыстардың соншалықты көптігінде және сол түрлі нәсіл өкілдерінің қазіргі таңда жерімізде бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығаратындай өзара тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанында. Бүгінде солардың барлығы тегі басқа болғанымен, теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен, мұраты бір тұтас халыққа айналды. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз – тыныштық арқылы тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткіздік» деп атап көрсетуінде бүкпесіз шындық жатыр. Біз бір заманда батырларымыздың қаһармандығымен, ақсақалдарымыздың ақылмандығымен ата-бабаларымыз ежелден мекен еткен ұлан-байтақ ұлы даланы өз еншімізде ұстап қала алсақ, бүгінгі дәуірде Елбасының алысты болжайтын көрегендігінің арқасында әлем мойындайтындай айтулы мемлекет құрдық. Міне, осы сарабдал да сара саясаттың ең ұтымды тұстарының бірі елдегі халықтар достығын баға жетпес байлыққа бағалап келеміз. Қазақ жерін мекен етіп келе жатқан ұлттар мен ұлыстар қашаннан оны өздерінің ортақ отаны, құтты мекені және кемел келешегі деп біледі. Әлбетте, бұл тұтастықта, бұл бірлікте, бұл ынтымақтастықта қазақ халқының алатын орны мен сіңірген еңбегі орасан зор. Себебі, Елбасы айтып өткендей, біздің «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында». Соны тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң кезеңінен жақсы сезініп, барлық жауапкершілікті өзіне артқан халқымыз жалауын жаңа желбіреткен мемлекеттің ішкі ұйтқысы, біріктіруші күші ретіндегі қызметін барынша адал атқаруға кірісті. Кезінде «мың өліп, мың тірілген», барға – қанағат, жоққа – салауат айтып үйренген жұртымыз бұл кезеңде өзінің қандай бір қиындықты көтере алуымен бірге, өзгелерге де қамқор бола білетін қасиетін айқын танытты. Бүгінгі ғылыми тілде бұл «толе­ранттылық» деп аталады. Ал таратып айтқанда, толеранттылық – жергілікті халықтың басқа ұлт пен дін өкілдеріне түсіністікпен қарап, оларды қудалауға түсірмеушілігі. Жалпы, толеранттылық – ертеден өркениеті қалыптасып қалған саналы, озық ойлы жұртқа тән қасиет. Ежелден қонағын құдайдай сыйлайтын даладай дарқан, жеріндей жомарт қазақ халқы үшін, сірә, бұл туабітті қасиет те болса керек. Дегенмен, егемендіктің осы кезге дейінгі ширек ғасырға созылған кезеңі халқымыздың ата-баба қанымен сіңген осы салт-дәстүрі, сана-сезімі мен пайым-парасаты деңгейін безбен басына салып, сынға түсіруге сындарлы уақыт болғаны да жасырын емес. Ал біздің халқымыз сынақтан әзірге ешбір сүрінбей өтіп келеді. Ақиқатын айтқанда, елімізде қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың салтанат құруы негізінен біз құрған мемлекеттің негізін қалайтын қазақ халқының саяси мәдениеті көтерілуінің арқасында мүмкін болды. Мұны кең-байтақ елімізді өз Отаны ретінде мекен етіп келе жатқан басқа ұлттар мен ұлыстар өкілдері де еш риясыз мойындап отыр. Осы тұрғыдан келгенде, толеранттылық біздің егемендік алғалы бергі мезгілде қол жеткізген аса маңызды жетістіктеріміздің санатында тұр. Әлбетте, Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен келісім өзінен өзі көктен салбырап түсе салған жоқ. Президент атап өткендей, ол  мемлекет пен баршамыздың күнделікті саясатымыз бен нақты іс-әрекетіміздің нәтижесінде қанат жайды. Мұның өзі ұлтаралық татулық пен келісімнің қазақстандық ұлттық идеяның басты өзегі болуына байланысты жемісті жетістіктерін беріп келеді. Бұл саясаттың бас­тауы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөнінде алғаш идея көтерген кезінен арна тартады. Өзінің осы көрегендікпен көмкерілген келелі ой, кемел сөзін Елбасы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан еді. Аталмыш бастама Президенттің 1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысы жанынан консультативті-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қоюы негізінде жүзеге асты. Ал 2007 жылғы мамыр айында Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер  Ассамблеяға конституциялық мәртебе беріп, ол Парламент Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығын алды. Осылайша, құрылымның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай арта түсті. Бұдан кейін, 2008 жылғы 20 қаңтарда Президент Жарлығы арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің нормативтік-құқықтық негіздері анық айқындалған, әлемнің ешбір елінде баламасы жоқ толыққанды субъектісі болды. Қазіргі таңда Ассамблея еліміздегі эт­носаралық келісімді, қоғамдағы то­леранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту жолындағы қызметін барынша адал атқарып келеді. Құрылым сондай-ақ, мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениеті іргесін қалыптастыруға ұдайы көмек көрсетеді. Ол мұның сыртында этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін, этномәдени орталықтардың, халықтың ұлттық мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің сақталуы мен өркендеуін қамтамасыз етуде  зор міндеттер атқаруда. Ассамблеяның белсенді жұмысы нәти­жесінде Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір аза­маттың Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толық қолданылатын этносаралық және кон­фес­сияаралық келісімнің айрықша бір өрнекті өнегесі қалыптасты. Осыған орай еліміздегі өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясы маңайына топтасып, өздерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дамыта бастады. Оның тағы бір айғағы, елімізде аз ұлттар өкілдерінің мұқтаждығымен санасу,  ұлтаралық қарым-қатынас шеңберінде үйлесім орнату бағытында өте көп ауқымды зор жұмыстар жасалып жатыр. Мұны біз қазақ жерінде тұратын барша ұлттардың азаматтық, сая­си, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтарын қорғауға байланысты қолға алынатын шаралардың барлығы халықаралық стандарттарға сай, басқа мемлекеттерге үлгі-өнеге бола алатын дәрежеде ұйымдастырылып келе жатқанынан да байқаймыз. Бұған қоса, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ішкі саясаттың тағы бір тармағы ел тұрғындарын түрлі діни конфессияларға деген толеранттылық көзқарасқа тәрбиелеумен ұштасып отыр. Бұған кейінгі кездері республиканың әр алуан қиырында бой көтеріп жатқан түрлі діни ғимараттардың құрылыстары толық дәлел. Мұның арғы жағында өзара сыйластық пен төзімділікке, бейбітшілік пен келісімге негізделген өрелі де өміршең қоғамдық қатынастар Қазақстанның әлем сахнасындағы шын кескін-келбеті мен имиджін қалыптастыруға игі ықпалын жасап жатыр. Еліміздің көпэтностық бай кеңістігінде осындай сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Өз кезегінде бұл республика аумағында этномәдени бірлестіктер саны ұдайы өсуіне әсер етті. Бүгінде бізде олардың қатары 800-ден асады. Сол үйлесімнің арқасында елімізде 15 тілде газет-журналдар, 8 тілде радиобағдарламалар, 7 тілде телебағдарламалар шығады. Сол сияқты өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде толық білім беретін 88 мектеп бар. Ал 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде өтеді. Қазақ және орыс театрларынан бөлек, тағы 4 ұлттық өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Бұған қоса, жыл сайын бізде тұратын этностар тілдерінде бірнеше кітап жарық көріп тұрады. Әлемде біздегі секілді көпұлтты мемлекеттер де аз емес. Бірақ олардың бірде-бірі өздерінің территориясында тұратын барлық нәсіл өкілдеріне дәл біздегідей жағдай жасап отырғандарын көрсете алмайды. Олар, керісінше, соңғы жылдардағы дүниежүзін қаусырып келе жатқан саяси-экономикалық дағдарыстардың салқыны осындай көп ұлттың басын қосып отырған Қазақстанның береке-бірлігіне іріткі сала алмауының өзін құбылыс ретінде қабылдап отыр. Осындай ерекшеліктерінің арқасында біздің еліміздің этносаралық төзімділік және қоғамдық келісім моделі оның таяу және алыс шетелдердегі брендіне айналды. Ал әлемдегі ахуал тек бірөңкей экономикаға ғана емес, сонымен қатар, этномәдениетке де елеулі әсер етіп отырған қазіргі заманда төзімділік пен келісімнің атқаратын рөлі зор. Қазіргі заманғы әлемде бір мезгілде екі үдерістің қатар белең ала бастағаны анық байқалады. Оның бірі унификацияға, яғни біртұтастыққа қарай бет бұрса, келесісі бұрынғыдан бетер алуан түрлілікке, яки бөлшектене түсуге бағыт алып барады. Олардың бірі үшін бұл табиғи құбылыс ретінде бағаланса, екіншісі үшін, нағыз апаттық ахуал әкелгелі тұр. Осының өзі бізді бүгінгі тұтас қалпымызды сақтап қалуға күш салуға шақырады. Елбасы құрған Ассамблеяның алдына қойып отырған нақты мақсаты да осындай. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев айқын мемлекеттік стратегия болса, ұлттың ерік-жігері болса, көптүрлілік мәселелері бір-бірін толықтырып тұратынын айтып өтіп еді. «Дәл осындай саясатты біз Қазақстан халқы Ассамблеясының бүкіл сессиялары барысында жүргізіп келеміз. Бұл саясат толығымен өзін ақтады», – деген болатын Мемлекет басшысы осы сөздің ыңғайында. Ұлы Дала бұған дейінгі мыңдаған жылдар бойы тағаттылық пен табандылықтың ордасына айналды. Тағаттылық пен табандылық бізге қазір де өмір сүрудің өзіндік бір заңдылығы, қоғамымыз адамгершілігінің қалыптасқан нормасы болып келе жатыр. Осы орайда Президент: «Төзімділік Қазақстан халқының ұлттық құндылығы әрі байлығы болып табылады. Ол қазақ халқының бірнеше ғасырлық дәстүрі мен мәдени нормалары негізінде қалыптасты», – деп атап көрсеткен еді күні кеше өткен Ассамблея сессиясында. Расында да, төзімділік Қазақстан халқының ұлттық құндылығы әрі байлығы болып табылады. Ол қазақ халқының бірнеше ғасырлық дәстүрі мен мәдени нормаларының айнасы іспеттес. Біз «Ырыс алды – ынтымақ» деген тәлімді санаға құйып өскен халықтың өкілі ретінде «бірлік бар жерде, тірлік бар екенін» де ешқашан жадынан шығармаған  ұрпақпыз. Сонымен бірге, сыйластық пен достықты қашаннан ту етіп төбесіне көтерген жұрттың жұрағатымыз. Сондықтан да, татулықтан асқан асу, бірліктен өткен биік жоқ деп білеміз. Ал қаншама жылдардан бері біздің жерімізді мекен етіп келе жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлысқа пана болып, олармен бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай жағдайда қатар тіршілік етіп келе жатқанымыз – сол татулық пен достықты, сыйластық пен келісімді бағалай білуіміздің арқасы. Сөз жоқ, осы үдерістің діңі берік діңгегі, түбірі мықты тұғыры, алымы бөлек алтын арқауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ұстанымы болып тұрғаны ешкімнің де күдігін шақырып, күмәнін келтіре алмаса керек. Елбасымыз елімізді егемендік алған кезеңнен бері барша қиындықтары мен кедергілерінен абыроймен өткізіп, жылдан жыл асқан сайын дамудың жаңа биік белестеріне жеткізіп келе жатыр. Тәуелсіздіктің таңы атқан шақтан өз тағдырын сеніп тапсырған туған халқын нұрлы жолмен жарқын болашаққа бас­тап келе жатқан Президент біздің осы ортақ жеңісіміздің бәрінде татулық пен келісімнің орны зор екенін әрдайым еске салып тұрады. Мұндағы басты міндет республиканың негізін құрайтын қазақ халқына жүктелетінін де, татулық пен тұрақтылықтың ел иесі ретінде, ең алдымен, қазаққа керек екенін де Мемлекет басшысы үнемі ашық айтып келеді. «Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, келешекте мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес, – деген ол тағы бір сөзінде. – Халқымызда «тар жерде табысқан, кең жерде кеңеседі» деген сөз бар. Тар замандарда қазақ құшағына алған өзге ұлт өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды». Бұл сөздің өмірдің өз шындығынан алынып тұрғанын жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясының барысы тағы да көрсетіп берді. Жаныңдағы жанға қол ұшын беру, демеу, көмектесу, жарты нанды бөліп жеу Елбасының қанына жастайынан сіңген қасиет болар деп ойлайсың. Аталмыш сессияда мінбеге көтеріліп, қиын кезеңде ата-әжесіне пана болған Назарбаевтар отбасына алғыс айтқан Фаризат Хаджиеваның жүрекжарды пікірі осы ойымызды тиянақтай түседі. Біз мақаламызды қазіргі әлемдегі ұлтттар мен тілдер дерегін келтіруден бекер бастаған жоқпыз. Жер бетінде халықаралық қауымдастық мойындаған 197 мемлекет болса, соның бірі – Қазақстан. Ал еліміздің еңселі ертеңі үшін елеңдейтін болсақ, дәл қазір, ең алдымен, осы ұлттар арасындағы татулықты ұдайы сақтап қалғаннан абзал да абыройлы шаруа жоқ. Еркін ҚЫДЫР, «Егемен Қазақстан»