30 Сәуір, 2016

Шын шымыр шығармалар

578 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Оразбек-29,04Көрнекті жазушы Оразбек СӘРСЕНБАЙ хақында бір үзік сыр Қай кезде де қоғам өмірінің барысына, ел жағдайында болып жататын сан түрлі оқиғаларға, өзгерістерге бейжай қарамай, жүрегінен өткізіп, әрдайым өз заманы туралы толғана қалам тербеген көрнекті қаламгер, қазақ руханиятының ірі тұлғасы Ораз­бек Сәрсенбай ағамыздың бұл дүниеден бақилыққа кеткеніне де жыл толып отыр. Осы жерде айтулы қаламгер туралы заман­дас­тарының сөзіне ден қойсақ, Оразбек Сәрсен­байдың қалам қайратына, азаматтық болмысына риясыз көз жеткізесің. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбай­ұлы: «Өзі өскен Сыр бойының таби­­ғаты, мінез-құлықтары, ақ пейі­лі өн бойынан түп-түгел көрі­­ніп тұратын еді. Алғашқы әңгі­­ме­­лері мен повестерінен-ақ бет-жүзіңе қарамайтын турашыл­дығы мен шыншылдығы көзге ұрады. Құдайға шүкір, қаулап өсіп жатқан әдебиет орманында өз бағыт, өз бағдарын түзеп, қазақ руханиятында бүгін бар, ертең жоғалып кетпейтіндей баянды жол сала алған азған­тай әдебиет сүлейлерінің бірі Ораз­бек екені даусыз. Береке-бір­­лі­кті, ар-ұжданды, обал-сауап­ты, пәтуа-парасатты демі таусыл­ғанынша әспеттеп өткен Оразбек Сәрсенбаевқа бүгін­гі қазақ қауымының айрықша ризагер екендігі сөзсіз» десе, Нұрлан Оразалин: «Қазақ көркем ойы мен көркем сөзіне олжа сал­ған осынау тебінгілі, текті буын­ның көр­некті өкілдерінің бірі – Оразбек Сәрсенбай... Қарым­ды қаламгер Тынымбай Нұр­мағам­бетов: «Орекең білімді кісі еді. Және білімі жан-жақты болатын. Әдебиет жайлы болса да, дін жайлы болса да, өмір сүріп отырған қоғамымыз, саясат жайлы да парасатты ойлар айта алар қабілетке ие еді», деген бай­лам айтса, сұңғыла суреткер Дулат Исабеков: «Оразбек Сәрсенбаев секілді өмірлік көз­қарасы қалыптасқан, өзіндік ұста­ны­мы бар, кез келген дүниеге сы­ни көзбен қарайтын ойлы қалам­герлеріміздің дүниеден озғаны жанарымызға жас үйіреді», деп өкінішін алға тартады. Мәртебелі сөздің мәресінен көрі­­ніп, көптің көңілінен шық­қан зерделі жазушының шығар­ма­шылық талпынысы мектепте жүргенде-ақ бас­талып, университетте жалғасқан. Өңірдегі мерзімдік газетте алғашқы тырна­қал­ды өлеңдері, мақалалары жарияланып, одан әрі Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінде әр жанр­­дағы туындылары басылып, шығармашылық  тынысы ашы­лады. 1962 жылы жел­тоқ­санда «Лениншіл жаста» жария­ланған «1961 жыл» деген публицистикалық поэмасы қазақ әдебиетінде құбылыс бол­ды. «Алқынамын ауа жетпей бір жұтым... Ақ дидарын көреміз бе шындықтың?» деп толғанатын дастаны бұған дейін қазақ әдебиетінде айтылмаған тың сөз ретінде қабылданған. Поэмада сталиндік қуғын-сүргін,  қазақтың өткен дәуірдегі көрген қиыншылығы, отарлық езгіге ұшыраған жағдайлары, ұлттық, тілдік мәселелер көтеріл­ді. О.Сәрсенбаевтың шығар­ма­шы­лығын сөз еткен сыншылар «1961 жыл» поэ­масымен сталинизмді қазақ әдебие­тінде ашық сынаған тұңғыш еңбек деп бағалады. Кейін бір естелігінде Ә.Кекіл­баев бұл поэманы 60-жыл­дардағы жас буынның алғаш рет тізгін үзіп бой көрсеткені осыдан басталды деп атап айтқаны бар. Бұл шырмаулы шы­ғар­масының толық нұсқасын Орекең 2005 жылы шыққан «Жарық дүние» жыр жинағында ғана жариялады. Жазушылыққа біржола ден қойған Орекеңнің алғашқы проза­лық жинағы «Даңқ» деген атпен 1965 жылы жарық көрді. Одан кейінгі жылдары «Жалғыз күрке», «Сағым», «Таңбалы тас», «Бақыт құсы», «Жиде гүлдегенде», «Жақсының көзі», «Замандас», «Уәде», «Шамшырақ», «Шеңбер», «Менің мекенім», «Өмірнама», «Адам­ның құны қанша?» деген атаулар­мен әңгімелері, повестері, романдары, әдеби сын мақалалары, рисала философиялық толғаулары, жырлары 20-дан астам кітапқа жинақталып, оқырман қолына тиді, қазақ әдебиетінің алтын қорын байытты. Сыншылар Оразбек Сәрсенбаев қазақ әдебиетінде Антон Чехов­тың орыс әдебиетіндегі сезім­тал қарапайымдылығы мен өзіміз­дің Бейімбет Майлиннің ұғым­тал қарапайымдылығын бір­дей ұстанған қаламгер деп дәйек­тейді. Атамекен жайы, ондағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, қайырымдылық пен имандылық, адалдық пен арамдық сияқты екі ұдай дүние арпалысы кейіпкерлер өмірімен өріліп, тағылымы оқыр­манын бейжай қалдырмайды. Ең соңғы кітабы «Өмір-сынақ» былтыр жазушы дүниеден өткен соң бір айдан кейін жарық көрді. Сөз зергерінің әңгімесі негізін­де жарасымды «Долана» көркем фильмі түсірілді. Режиссер – С.Нарымбетов. Шиеліден шық­қан әйгілі артист Мейірман Нұрекеев осы фильмде ойнайды. Жазушының шығармалары ағыл­шын, венгр, корей, қырғыз, қытай, марий, орыс, өзбек, татар, тыва, украин, эстон, якут, т.б. тілдерге аударылып, қазақ әде­бие­тінің қуатын танытты. Өзі де аудармашылықпен айналысып В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искандер және басқа танымал жазушылардың шығармаларын ана тілімізде таныстырды. Кейінгі жылдары имандылықты насихаттауға ден қойды, «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», «Шайтаннан сақтану жолдары», «Сиқырдан сақтану және емделу жолдары», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», т.б. ондаған кітаптарды қазақшаға аударуға атсалысып, имандылық жолды нұсқады. Күрескер Мұстафа Шоқай мен өнерпаз Нартай Бекежанов Орекеңе рухани жақын жандар. Нартайға арнап «Шамшырақ» романын, әңгіме, мақалалар жазса, Мұстафа еңбектерінің басын құрап, әуелі екі том, кейін үш том жинағын шығарған, мақала жазған насихатшысы екенін атап айтуға тиістіміз. Орекеңнің еңбегі мен шығармашылығы қоғам мен мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды. «Уәде» атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы, «Шамшырақ» романына халықаралық «Алаш» сыйлығы, «Шеңбер» романына Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. «Қазақстан Республикасы баспа және полиграфия ісінің қайраткері» атанды. «Айқын» газетіне берген сұх­батында О.Сәрсенбай өз шығар­ма­шылығы туралы айта келіп, «О бас­тан осы заман тақырыбын таңдап алған жазушымын. Ең қиын нәрсе – өзіңнің заманың туралы жазу. Жалпы, әдебиет тарихында өз заманыңның шежіресін жасау құндырақ бола ма деп ойлаймын. Менің бар қорегім – ел, кейіпкерлерім де түгелдей ауылда тұрады. Сол елдің жағдайын, басқасын былай қойғанда, өзіміздің Сырдың жағдайын әжептеуір білемін»,  депті. Иә, Орекең замана сурет­кері және Сыр халқының жүрек соғысын дөп басатын оның шы­ғармалары Сыр елі адамдарының жиынтық бейнесінің көрмесі деуге болады. Ол Сырдан шық­қан әйгілі адамдар – болыстар Әйеке, Әлмембет, сүлейлер Бұдабай Қабылұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Нартай Бекежанов, Қалмақан Әбдіқадыров, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев, қаламгер Дүйсенбі Смайылов, басқа да талай қарапайым жандардың абзал бейнесін, қайшылықты өмірлерін көркем кескіндеп берді. Орекең – саясатқа үйір болма­ған, жазушының саясаты да, философиясы да, өмірге, қоғамға деген көзқарасы да оның шығармасында жатуы керек деп түйген қаламгер. Өмір, тіршілік, болмыс турасындағы пікірлерін соңғы жылдарда жазған рисалаларында айтып кетті. Рисала жанрына қалай барғанына тоқтала келе, Орекең бала күнінен Шығыс ғұламаларының, ақындарының еңбектерімен танысуы, әкесі Сәрсенбай мен оның замандастары – ақылгөй ақсақалдардың әңгімелері көңіліне жатталып қалғанын айтады. «Мен 18 рисаламда басты кейіпкер ретінде көбіне өз әкемді суреттеймін. «Рисала» – Шығыс әдебиетінде ежелден бар жанр. Қазақта бірінші рисала жазған адам – Абай. Абай «қара сөздер» деп емес, «сенім-наным кітабы» деп жазған екен. Кейінгілер оны «бірінші сөз», «қырық бесінші сөз» деп нөмірлеп шыққан. Абайдікі ғақылия түрінде келсе, менікі Ислам дініне негізделген дүниелік философияның прозалық түрі деуге болар. Қолдан келгенше жас күнімізден мұсылмандық жолмен жүруге тырысып келеміз. Менің бірде-бір шығармамда Құдайды ғайбаттайтын бір ауыз сөз жоқ екен. Қайта кейіпкерлерімнің аузына Құдайдың атын, Алланың ақ жолын салған жерлерім көп», деп сырын ашады қаламгер. Ол өмірде кездесетін екіжүз­ді­ліктің бет пердесін аямастан сыпырып тас­тайды, ізгілікшіл жазушы: «Рухы мықты елді ешбір жау, ешбір жамандық жеңе алмайды. Ілгерілеуді көрмеу, болашаққа үміт артпау – дұрыс болмайды. Шындықты шырылдатып айту керек, олқылықты ортаға салу керек, бірақ сонымен қатар, тым сарыуайымға түсудің қажеті жоқ. Қазақ халқының келешегіне үлкен үмітпен қарау керек. Қазақ ұлты – пассионарлық дәуірі әлі тоқтамаған халық», деген сенімін білдіреді. Міне, жазушының өмірлік бекем ұстанымы, сарабдал сая­саты, сұңғыла философиясы, өмірге, қоғамға кемел көзқарасы. «Менің саясатқа қоян-қолтық араласпауым, билікке жақын жүрмеуім, популизмге бармауым, теледидар қаншама рет қиылып шақырса да бармауым, үлкен жиын-тойлар, конференция­лар ұйымдастырмауым, өмірімде бір рет арнайы мерейтойымды өткіз­беуім – мұның бәрі өзімнің саналы түрде таңдап алған жолым, жеке философиям десем болады», деп ағынан ақтарылады Орекең. Туған елі: «Ореке, Сыр халқының көркем шежіресін жасадыңыз, елге өзіңізше келіп-кетіп жүресіз, білдірмейсіз, оқырман жұртыңыз сізбен дидарласқысы, сырласқысы келеді», деп өтінгенде өмірінде бір-ақ рет, 73 жасында Шиеліге барып кездесулер өткізгені де осы ұстанымының айғағы. Сол кез­десулердің бірінде бір оқырман: «Біз, кейінгі жастар, Шиелінің өткен келбетін білмеуші едік, Орекеңнің кітаптарын оқысақ, көз алдымызға дөңгелеп келе қояды», деген екен. Туған елі Орекеңді қошеметтеп Шиелі ауданының құрметті азаматы атандырыпты сол сапарында. Қарымды қаламгердің күнде­лік­­тері де бір әлем. Оқып көрелік: «Жазғанымның бәрі – шындық, шындық болғанда да кәдімгі қара­па­йым өмірдің өзі» десе 1955 жылы студент шағында, 1961 жылы «Қиянат көрсем, бір­ден бүлініп шыға келемін. Мәмі­л­ешілдік маған жат емес. Жағым­паз­дықты жек көремін», депті. Кезінде Мұқағалиді Жазу­шы­лар одағынан шығармақ болған жина­лыс­та Мұқағалиді жақтап қор­ғаған екі адам: Оразбек Сәрсен­бай мен Ғаббас Қабышев болған екен. Міне, мінез, таным, ұстыным. «Мен білер Оразбек қазір де сондай. Осындай қасиет­тері мол жазушыға сенесің, илана­сың, ден қоясың, өмір жолын қызыға оқисың» деп Орекеңнің аза­мат­тығын жоғары бағалапты 2005 жылы қазақтың білгірі Герольд Бельгер. Одан әрі Әбекең – Әбіш Кекілбаевтың сөзі­мен айтсақ, О.Сәрсенбаевтың шын­д­ы­ғында оның бетіне тайсалмай қара­ған­мен, белден басар әуле­кілік, беттен тырнар әумесерлік жоқ. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»