30 Сәуір, 2016

Экономикалық өсудің берік буыны

342 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
DSC01422Әлемді шарлаған экономикалық дағдарыстарға қарамастан, Қазақстан қоғамы өз дамуының жаңа кезеңін белсенділікпен бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев былтырғы жыл соңындағы «Қазақстан жаңа жаҺандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында атап көрсеткеніндей, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты біздің еңсе тіктеп, алға басуымыздың қуатты қозғаушы күшіне айналды. Мұнда тіршілік өзегі саналатын жол қатынасының маңызы зор. Осы орайда, астаналық өңірде қандай шаруалар атқарылып жатқаны жөнінде Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ерболат ЕРІМБЕТКЕ бірер сұрақ қойған едік. – Ерболат Мылтықбайұлы, алдымен жол құрылысының экономикалық серпілістегі маңызына тоқталсаңыз. – Тіршілік атаулы жолдан бас­талатыны белгілі. Халқымыздың бұған қатысты қанатты сөздері де көп қой. Елбасымыздың стра­те­гиялық жоспарларымыздың жүзеге асуын сенімді көлік логис­тикасымен байланыстыруының маңызы зор. Қазіргі күні жол құры­лысы арқылы мыңдаған жұмыс орындары ашылып отыр. Мұның эко­номиканың өзге салаларын жетек­ке алып, жандандыратын тиім­ділігі бар. Мәселен, це­мент, металл, битум, машина, жаб­дық­тар өндірісі, жол бойы бизнесі, басқа да қызметтер қанат жайды. Заманауи автомагистральдар жолаушылар мен жүк тасымалын жеделдетумен қатар, халықаралық транзиттік әлеуетті күшейтті. Жолдар экономикалық қана емес, халықаралық интеграция, өзара достық пен мәдениеттің жар­шысы екендігі ақиқат. Замана­лық магистральдарымыз «Жібек жолын» қайта түлетіп, еліміздің жүрегі – Астанадан тармақтала тара­тылатыны ел рухын көтеріп, жасам­паздық сезімдерді кү­шейтуде. Республикамыз соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған сапалық деңгейдегі заманауи күре жолдар, теміржолдар құрылысы ала­ңына айналды. Инвес­тиция­лық тар­тымдылық, индус­трия­лық-инно­вациялық қадам­дар­дың қуаттануын осы екпінді істер­мен байланыстырамыз. Қаржылық негізі мығым өңірлік жобалар ауқымы да кеңейе түсуде. Нақтылап айтсақ, 2016 жылы орталық-оңтүстік және орта­лық-шығыс тармақтарындағы «Ас­та­на – Теміртау» (25,6 млрд.т.), «Аста­на – Ерейментау – Шідерті» (11,8 млрд.т.) бағытындағы автомо­биль жол­дарының құрылысын қай­та жүр­гізуге мемлекет 37,4 мил­­лиард теңге бөліп отыр. Басқа ай­мақ­тарда да қызу жұмыстар жү­ріп жат­қанын өзіңіз де білесіз. Эконо­­микалық серпіліс, басқа да игілік­­тердің бой көтеруі қатынас мә­се­­лесінің маңыздылығын айқындайды. – Мақсат – ел тұрмысын жақ­сарту. Әйткенмен, кез кел­ген қар­жы қайтарымды қалай­ды, сұрауы бар. Бұл ретте, сіздер­дің инс­пекцияға жүктелер жауап­кер­шілік салмақты деп білеміз. – Иә, экономика қайтарым­ға құ­рылады. Бұл заңдылық. Сондықтан, оның талаптарын орындау керек. Біздің мекемеге көліктегі қозғалыс қауіпсіздігін сақтау және автомобиль жолдарының талапқа сай ұсталуын қамтамасыз етудің кешенді міндеттері жүктелген. Бүгінгі таңда Ақмола облысы ау­ма­­ғындағы республикалық маңыз­дағы жолдар 2260 шақы­рым­ды құрайды. Мұның 97 шақы­рымы цементті-бе­тонды, 1434,5 шақырымы ас­фальт­ті-бетонды, 633 шақырымы құм-шағалды, 59 шақырымы қиыр­шық тасты және 37 шақырымы топырақ жамылғылы жолдар. 2015 жылы жергілікті маңызы бар автокөлік жол­дарын жөндеуге 6 миллиард теңге қаржы бөлініп, соның нәти­жесінде 84 шақырым жол жөнделді. – Жол мен көпір салу сияқты сауапты іске жанашырлық керек. Қыруар қаржыны былай қой­ғанда, онда көптің маңдай тері бар. Жұмыстарыңыздағы жауапкершілік, берілетін баға осыдан көрінеді емес пе? – Білікті кадр қалыптастыру – тұтқалы мәселе. Осы қызметке келген бір жыл ішінде сегіз ашық конкурс ұйымдастырылып, 17 адам қызметке алынды. Сондай-ақ, бес кісіміз қайта даярлықтан өтіп, он бірі біліктілігін жоғарылатты. Қазіргі күні штаттық кесте бойынша бізде 27 мемлекеттік қызметкер және еңбек келісімшартымен 10 адам жұмыс істейді. Жүктеменің ауырлығына қара­мастан, олар өз міндетін аброймен атқаруда дей аламын. Атап айт­сақ, өткен жылы бюджет кірісіне барлығы 150 миллион теңге қаржы түссе, оның 87 миллион теңгесі 556 әкімшілік істер бойынша өндірілген айыппұлдар болып отыр. Сондай-ақ, ел аумағындағы жолдарды пай­даланғаны үшін 63 миллион теңге қаржылай алым есепке тір­келді. – Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Бұл жөнінде инспекция тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? – Елбасымыздың тікелей бастамасымен іске асырылған бұл қа­дамды Қазақстанды әлемдік қаты­настардың абыройлы санатына қосу деп есептеу керек. Яғни, еліміздегі барша құрылымдар сияқты, біз­дің ұжым да даму үрдісінің үйлесім­ділігіне қызмет етеді. Сонымен бір мезетте өз үлесімізді қамтамасыз етуге мүдделіміз. Қазіргі таңда мем­­лекеттік кіріс, прокуратура орган­дарымен және «Атамекен» Ұлт­тық кәсіп­керлік палатасымен өзара іс-қимыл жасау туралы мемо­рандум қабылданды. Бұл Еура­зиялық экономикалық одақ шеңберінде жекелеген та­уар түр­лерінің қозғалысында заң­дық нормативтердің сақталуына бағытталған. Осы ретте, біздің та­ра­пымыздан рұқсатнама жүйесі саласында мыңнан астам мемле­кеттік қызмет көрсетілгенін тілге тиек етуге болады. Жұмысты тиім­ді ұйымдастыру шаралары қарас­тырылып, қолданысқа енгізіліп жатыр. Кең тармақты ізденіс жал­ғасын таба бермек. – Ізденіс демекші, «Ақмола Ме­диа орталығындағы» бри­­финг­­­те кө­ліктік бақылау инс­пек­ция­­сының көшпелі бекет­­те­рінің жұмысынан тікелей онлайн-трансляция жүргізіп едіңіз. Бұ­рын болмаған дүние еді. Мақсат белгілі. Сонда да... – Алдымен инспекторларға қажетті барлық жағдайды жасадық. Көшпелі бекеттер компьютер, көшірме және көбейткіш құрал­дарымен жабдықталды. Құжаттар қолма-қол дайындалады. Ішкі және сыртқа бейнебақылау қондыр­ғылары орнатылды. Онлайн режімінде барлық жаз­балар көрініс тауып, инспек­тор­лар­дың күнделікті кешкі есеп­терімен сәйкестігі тексеріледі. Сондай-ақ, тоқтатылған көлік­тер­дің уақыты мен саны, заң бұзушы­лықтың белгілері дәлме-дәл айқын­далады. Яғни, біздің жұмы­сымыздың ашық­тығы қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта инспектор мен жүк тасымалдаушылардың сөздері жазылатын аудио-дыбыс жабдықтары орнатылады. Мұны шектен тыс сенімсіздік деп түсінбеу қа­жет. Аудио-бейнематериалдар бұл­ тартпас дәлел ретінде сот про­цес­терінде пайдалану үшін де қажет. – Жоғарыдағы әңгімеңізден көліктік бақылау саласында тәр­тіп бұзушылық азаймай отыр­­ғаны аңғарылады. Соған кішкене тоқталып, қолданылған шараларды атай кетсеңіз. – Көліктік заңдылық жүк тасы­малдаушы-қосалқы мердігерлер тарапынан көбірек бұзылады. Әсіресе, жүк тасымалдауда арнайы рұқсат құжаттарын ресімдемеу, бюджет алымдарын төлемеу, қозғалыс қауіпсіздігін сақтамау сияқты фактілер жиі орын алады. Біздің өңіріміз қазба байлық­тарына өте бай. Елорда мен облыс­­тың аумағында құрылыс та қар­­қынды жүргізілуде. Бірақ, тіркеуге алынған 179 карьерден (179) қиыр­шық тас пен құм тасыған көліктер жүк тасымалы ережесін өрескел бұзатындықтан, жолдың да сапасы кетіп, жарамсыз болып қалады. Инспекция жергілікті ат­қарушы және құқық қорғау орган­дарымен бірлесіп пайдалы қазба орындарындағы тәртіп бұзушылық пен оның алдын алу шараларын қолдануда. Жалпы, қолданылған шаралардың нәти­жесінде пойыздардың қоз­ғалыс қауіп­сіздігін бұзу фактілері бір­шама азайғанын да айта кету қажет. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы