30 Сәуір, 2016

Елдік кепілі – жер

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ормантаев-копияҚазақтың басты бай­лығы, Тәуел­сіз­дігінің кепіліжер деп білемін. Иә, Рес­пуб­ликамыздың территориясы үл­кен. Соған қарай, бай­лығы да мол. Бұл ба­ба­ларымыздың бізге қал­дыр­ған өлшеусіз қазынасы. Қазы­на­ны қадір тұту еңкейген кәрі, еңбек­те­ген баладан бастап – бәрі­мізге басты борыш. Территориямыз кең, бай­лы­ғымыз жетеді деп оға­н немқұ­рай­ды қарауға бол­май­ды. Оны бұ­рынғы дәс­түр бо­йынша қалыбын бұзбай сақ­тап, кейін­гі ұрпаққа жет­кізу де қазір басты міндет. Қанша жерден даламыз байтақ деген­мен, оның иесі де, киесі де бол­ған. Мен жерді шетел­діктерге сату­ға бұрыннан қарсы­мын. Оны Елбасы да айтып келеді. Жақында болған Қазақ­стан халқы Ассамблеясының сессия­­­сында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жер – ата-бабамыздан мұра­ға қал­ған біздің басты байлығымыз. Қазақ­стан­­ның 14 мың шақырымнан астам мем­лекет­тік шекарасын рәсім­деу үшін мен көр­ші елдердің бар­шаларымен 8 жыл бойы келіс­сөз жүр­гіздім. Осының бәрі жері­міздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныш­ты­мын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің хал­қымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», деді. Міне, Елбасы жер туралы осын­дай ден қоятын аталы ой айтты. Шынында, жердің байлығын алып қана қоймай, оны қорғау, болашақ ұл мен қызға мұра етіп қалдыру міндетін де Президент алға тартып отыр. Ең бастысы, халықтың игілі­гіне жарату, бос жатқан жерді тиім­ді пайдалану, одан өнім алу үрдісін қалыптастыру жөніндегі пікірлерге мен қосыламын. Әсіресе, шетелдіктерге жер сатылмайды деген Мемлекет басшысының сөзі көңілімнен шықты. Менің халқыма айтар бір тілегім бар, ол баба­лары­мыздан қал­ған жердің иесі ретінде тиімді пайда­лануды өзгеден  бұрын өзіміз ойластыруымыз керек. Атам қазақтан қалған «Жат жарыл­қамай­ды, өзіңдікі өлтірмейді» де­ген қанат­ты сөзді ай­та отырып, біз елге адал­­дық­ты жерге адал болу арқы­лы көр­сетуге тиіс­тіміз. Себебі, Тәуел­сіз­­ді­гіміз­дің, елді­гіміздің кепілі осы қасиетті жеріміз. Елдің азаматы, бала­лар дәрігері ретінде миллион­даған ұл-қыздың тілекшісі санал­ғандықтан жерді өзгеге сатуға болмайды деген Прези­дент сөзін қолдай отырып, ол жер­ді ұрпағымыз пайдалануы керек дегенге қосыламын. Осылай дей отырып, кейбір күдігімді, жеке пікі­рімді айта кетсем деймін. Жерді жалға береміз дейді, жалға берген уақыт біткен соң оның құнарлылығы сақтала ма, бастапқы күйінде қолға тие ме, әлде түрлі химикаттарды пайдаланып жарамсыз етіп тастай ма? Ол қайта пайдалануға келе ме? Сондықтан, жалға берген жерді қалай пайдаланып жатыр дегенді әр жыл емес, әр ай сайын қадағаласақ, киелі жеріміз құнарынан арылмай, кейін иесін табады. Тағы бір айтайын дегенім, бабадан қалған жерлерді кейбір бай-манаптар қазірден иеленіп алып, өзгелерді маңына жолатпайтын көрінеді. Қазіргі кейбір бос жерлер солардың иелігінде болуы да мүмкін. Өйткені, кезінде алданып қалып, жер пайынан айырылған жұрттың ащы үні естіліп қалады кейде. Осыны да Үкімет бір барлап көруі керек секілді. Ең бастысы, жерді өз Отанымызда кімдер сатып алғанын, жалға кімдер­ге беріл­генін біліп отырсақ, артық ауыз әңгіме тыйы­лар еді. Соңғы айтарым, Елбасының жоға­рыда кел­тірген сөзіне құлақ ассақ, қолдасақ деймін. Камал ОРМАНТАЕВ, академик