30 Сәуір, 2016

Оңтүстіктен шығысқа көшіп келдік

468 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_2253Мақсатымыз – бос жатқан алқапты игеру Қазақ халқы ежелден жерге ерекше құрметпен қараған. Қастерлеген, әр жердің өзіне тән қасиетін алабөтен ұлықтаған. Сон­дықтан, сол маңайдың қадір-қасиетін тануға болатын мән-мағыналы жер атауларын қал­дырған. Жерге байланыс­ты аңыз-әпсана, ертегі-дастан, жыр-шумақ, мақал-мәтел де көп. «Туған жерге туыңды тік» дейтін халқымыздың осы орайдағы тәмсілдерінің бірі: – Ел жағалай қонбаса, Айдын шалқар көл жетім, Қаптай көшкен елі жоқ, Құлазыған жер жетім, – деп келеді. Бұл – жердің сәні қаптай қонған елі мен жан-жануарлар дүниесі екенін көрсетеді. «Жер шежіресі – ел шежіресі». Жердің жадынамасы мыңжылдықтармен есептеледі. Егер қайбір жылдары бұл жер бос қалса, шежіреден қалыс қалды деген сөз. Қазір елімізде осындай бұйығы жат­қан жерлер баршылық. Оның бар­лығын жарыққа шығару, ең­бекті еселі істей алатындарға беру керек. «Тәуелсіздік. Келісім. Бола­шағы Біртұтас ұлт» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының сессия­сында Елбасымыз жер туралы жақсы ойларымен бөлісті. Соңғы кезде қазақ жерінің шетел азаматтарына жалға берілуі жөнінде қауіп еткен ой-пікірлер сарыны халық арасында белең алғаны белгілі. Президент бұл сөзге нақты жауабын берді. Жер сатылмайды. Мемлекет бас­шысы кесімді сөзін айтты. Бұл ретте Елбасының ауыл шаруашылығымен шын мәнінде шұғылданушыларға жер беру мүмкіндігін жасап отырғанын жеткізгім келеді. Нақтылағанда, жерді күтіп-баптай білетін жан­дарға беру керектігі қозғалып отыр. Сондықтан, бұл мәселені басқа мүддеге бұрып, саяси сипат берген жөн емес. Мысалы, біз былтыр оңтүстік өңірден Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына көшіп келдік. Барлық жан басын айтқанда 43 адамнан құралған 9 отбасы Қаратаудан Тарбағатай бөктеріне, Құмкөл ауылына қоныс аудардық. Мұндағы мақсатымыз не? Жерді игеру. Шығыс өңірінде, өкінішке қарай, көптеген суармалы алқаптар игерілмеген. Жер әлбетте тусырап бос жатпауы керек. Елбасы айтқандай, «Жер – біздің ата-бабамыздан мұраға қалған басты байлығымыз!». Басты байлығымызды қорғау мылтық асынып, шекара күзету­мен шектелмейді. Жерді кәдеге жарату керек, жер халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Жерден алған өніммен экономикамызды да алға жылжыта аламыз. Осы орайда Тарбағатай ауда­нының әкімі Ділдәбек Ораз­баевтың ерік-жігерімен және қолдауымен оңтүстік өңірден климаты қатаңдау шығыс өңіріне біраз отбасы келгенін айтқым келеді. Біз оңтүстікқазақстандық, шығысқазақстандық болып бөлінбейміз. Келушілердің барлығы еңбекқор жандар. Былтыр осы елуге жуық отбасы «Мырзашөл» атты өндірістік кооператив құрған болатын. Өткен жылы тың жерге түрен салынып, кооператив мүшелері мол өнімнің астында қалды. Тіпті, орталық қалалардағы жәрмеңкелерде картоп, сәбіз сынды көкөніс түрлерін жарты бағасына жуық арзанға сатты. Биыл кооператив мүшелері 100 гектар жерді игеріп, оған қауын-қарбыз, сәбіз, ұсақ жемістер, жүгері, бидай және тағы басқа ауылшаруашылық дақылдарын егіп жатыр. Сәтін салса, еңбекқор ағайын күзгі жиын-теріннен үлкен үміт күтіп отыр. Сол себепті, от көсемей, Отанымыздың әр жерін қорғай білсек, бізді жарқын болашақ күтеді. Президенттің парасат­ты сөзі осы ойдың жібін ұстат­қызғандай.  Әдина ҰЛЫҚБЕКОВ, «Мырзашөл» өндірістік кооперативінің жетекшісі  Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы