01 Мамыр, 2016

«Астана» өз алаңында «Қайраттан» басым түсті

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
01-05-2016-KPL 1АСТАНА. 1 мамыр. Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасының 8-туры ойындары ойналды. Орталық кездесу саналған «Астана» – «Қайрат» матчында елордалықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Астана Арена» стадионында болған ойында есеп 8-минутта ашылды. Алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Серікжан Мұжықовтың сол қапталдан айып алаңына асырған добына өзгелерден бұрын жеткен сербиялық легионер Неманья Максимович басымен нәтижелі соққы жасады. Бұл Максимовичтің осы маусымдағы алғашқы голы екенін атап өткен жөн. Голдан қанаттанған астаналықтар үзіліске дейін есепті еселейтін бірнеше мүмкіндікке ие болды. Сондай сәттердің бірінде, яғни 28-минутта команда капитаны Таңат Нөсербаевтың тепкен добы қақпа маңдайшасынан кейін серпілді. Өз кезегінде «Қайрат» ойыншылары таразы басын теңестіру үшін күш жұмсады. Дегенмен, Бауыржан Исламхан бастаған алматылықтар қарсыластарының осал тұсын таба алмады. Екінші таймда да осы ойын өрнегі қайталанып, нәтижесінде, «Астана» ойыншылары маусым барысындағы 7-жеңістеріне қол жеткізді. Ал «Қайрат» жаңа маусымда осымен төртінші рет жеңіліске ұшырап отыр. Осы ретте бұл матчқа «Қайраттың» былтырғы маусымдағы сұрмергені Жерар Гоудың қатыспағанын айта кетейік. Тур барысында тағы 3 ойында 1:0 есебі тіркелді. Атап айтқанда, Шымкентте жергілікті «Ордабасы» Оралдың «Ақжайығын» осындай есеппен тізе бүктірсе, өз алаңында «Таразды» қабылдаған Қостанайдың «Тобылы» франциялық легионер Аллассане Ндиайенің көмегімен соңғы минуттарда жеңіс голын соғып кетті. Одан бөлек, «Ақтөбе» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 1:0 есебімен басым түсті. Турдағы ең ірі есеп Талдықорғанда өткен жергілікті «Жетісу» мен Павлодардың «Ертісі» арасындағы кездесуде тіркелді. Бұл ойында алаң иелерінің қақпасына жауапсыз үш гол соққан павлодарлықтар маусымдағы 6-жеңістеріне қол жеткізіп, турнир кестесіндегі 2-орындарын сақтап қалды. Ал Қарағандының «Шахтері» мен «Атырау» арасындағы кездесуде есеп ашылған жоқ. 01-05-2016-KPL 2 8-тур ойындарының нәтижелері: «Астана» (Астана) – «Қайрат» (Алматы) 1:0 Гол: Неманья Максимович 8. «Ордабасы» (Шымкент) – «Ақжайық» (Орал) 1:0 Гол: Дәуренбек Тәжімбетов 72. «Тобыл» (Қостанай) – «Тараз» (Тараз) 1:0 Гол: Алассане Ндиайе 90+4. «Жетісу» (Талдықорған) – «Ертіс» (Павлодар) 0:3 Голдар: Роман Мұртазаев 40, 41, Игнасио Фернандес 90+4. «Шахтер» (Қарағанды) – «Атырау» (Атырау) 0:0 «Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 1:0 Гол: Самат Смақов 72 (пенальти).

8-тур ойындарының қорытындысы бойынша турнир кестесі01-05-2016-keste 01

Үздік мергендер:
  1. Роман Мұртазаев («Ертіс») – 5 гол;
  2. Гогита Гогуа («Ертіс») – 3 гол;
  3. Азат Нұрғалиев («Ордабасы») – 3 гол.
9-тур ойындары 5 мамыр күні ойналады. Аталған турдағы қарсыластар реті төмендегідей: «Ақжайық» – «Ақтөбе» «Атырау» – «Ордабасы» «Ертіс» – «Тобыл» «Оқжетпес» – «Астана» «Тараз» – «Шахтер» «Қайрат» – «Жетісу». Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: vk.com.