Жер қай замандарда да тіршілік негізі. Жер – ана. Адам, жан-жануар, ұшқан құс, құрт-құмырсқа, түрлі өсімдіктер топырақтан нәр алған. Тарихымызда жер үшін талай қантөгіс шайқас болған. Аяулы атамекенімізді басып алмақ болған жаулардан қорғап қалған ата-бабаларымыз оны бізге мұраға қалдырған. Бірақ қазір заман өзгерді. Жердің, елдің иесі – халық. Енді сол жерді қалай пайдаланып жатырмыз, мәселе осында. Бұрын жерді тек жайылым ретінде экстенсивті пайдаланған болатынбыз. Интенсивті игеруге көшкенімізге салыстырмалы түрде онша көп болған жоқ. Біраз нәрсені үйрендік, бірақ меңгермегеніміз де аз емес. Дамыған елдердегідей жерді аялап, құнарландырып пайдалануды әлі үйрене алмай жатырмыз. Оған дәлел, былтыр Оңтүстік Қазақстанда әлдекімдердің жерді бульдозермен қопарып, онда өсіп тұрған жасыл мияны қазып алып, сыртқа тонналап сатып жатқанын өкіне айтып, «Мысль» (2015, №6) журналында «Земля от Бога истинный хозяин народ» деген мақала жазып едім. Бірақ нәтижесі болмады. Енді биыл сол сорақылық Қызылорда облысында орын алып жатқандығын «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы жылғы 27 сәуірде басылған «Қызыл мияға келген қырғын» деп аталатын мақаланы оқып қатты қынжылдым. Соған қарағанда жерге қалай болса солай қарау тоқтамаған сияқты.
Бұл не сонда? «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді халық. Міне, біз сол жағдайдамыз. Біздің жеріміз мол. Қазақстан Республикасының аумағы Еуропаның бірнеше елдеріне тең келеді. Алайда, халқымыз аз. Біз жерімізді ұқыпты пайдалана алмай отырмыз. Қазіргі таңда алыс-жақын көршілердің ішінде территориясына халқы сыймай, қысылып отырғандары бар. Солар біздің ұлан-ғайыр байтағымызды көрмей отырған жоқ. Егемен ел болғанымызға 25 жыл болды. Тыныш өмір сүріп жатырмыз. Ендігі келер 25 жылда жағдайымыз қандай болатынын ешкім кесіп айта алмайды. «Жерің кең, бос жатыр, бөліс», деп айтатындар шықпасына кім кепіл? Олай болса далиған даламызға көз тігетіндер жоқ деп айта алмаймыз. Ертелі-кеш бұл мәселе бәрібір көтерілуі мүмкін. Ал тез арада бұл байлығымызды игеріп алатындай, бос жатқызбайтындай, шынын айту керек, біздің шамамыз жоқ. Сонда не істеу керек? Мен қазір жерді сатпаймыз деп шырылдап жүрген патриоттарды, қандастарымды түсінемін. Бірақ көзімізді ашып қарайықшы, тікелей отқа түсуге бола ма? Ақылға келейік. Меніңше, елді, егемендігімізді сақтап, мәңгі ел болуымыз үшін жерімізді заңды түрде жалға беруден басқа амалымыз жоқ. Біз тек сол арқылы ғана тұтас ел болып тұра аламыз. Біздің Солтүстік Корея секілді әлемге үрей салатын қаруымыз жоқ. Сондықтан, бізге көз алартқысы келетіндер табылуы ғажап емес. Міне, осы жағдайда елді аман сақтаудың бір-ақ жолы бар. Ол – әлгі айтқан жалға артық жерімізді беру. Бұл бізге не береді? Біріншіден, бос жатқан жерлер игеріледі, егіс алқаптары тозбайтын болады. Екіншіден, азық-түлік проблемасы өткірленіп келе жатқан кезде астықтың, тағамның молаюына жол ашылады. Үшіншіден, бос жатқан жері бар деп ешкім көзінің сұғын қадамайды. Төртіншіден, біз көпұлтты мемлекетпіз. Бірақ бәріміз бір отбасыдай болып тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бұл үлкен өнеге! Міне, осы тәжірибеге сүйене отырып, жерімізді де жалға беріп, басқа елдердің техникасын, білімін пайдаланып, еліміздің жағдайын күшейтсек дұрыс емес пе? Сондықтан, құр даурықпайық. Мәселенің байыбына барайық дегім келеді.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі