«Сыр елі – жыр елі». Ежелден қалыптасқан осы ұғымның растығын қызылордалық өнерпаздардар үнемі дәлелдеп келеді. Осы орайда бірнеше өнер ұжымын біріктіріп отырған облыстық филармонияның би ұжымы да ұлт руханиятына елеулі еңбек сіңіріп келеді. Тоқмейілсуге болмас, соңғы жылдары филармония ұжымдары гастрольдік сапарларының шекарасы кеңейді. Бүгінгі таңда олар қазақ жұртымен шектеліп қалмай, төрткіл әлемді шарлап, қасиетті өнерімізді паш етіп жүр. Мәселен, «Томирис» би ансамблі жуырда Американың талғампаз жұртын өз өнерлерімен тәнті етті.
Аталған өнер ұжымы алдымен Түркияға барып, әрі қарай Америка асты. «Бұл біздің биші қыздарымыздың мұхиттың арғы жағындағы мемлекетке алғашқы сапары. Айта кетейік, «Томирис» би ансамблі 2001 жылы құрылған. Қазіргі күні ансамбльдің құрамында 28 хореогроф-бишіміз болса, қоржынымызда 80-нен астам би қойылымдары бар. Оның басым бөлігі қазақ халқының билері», – дейді аталған би тобының жетекшісі Гүлбану Мырзабекова.
Сырдағы өнер ұжымының гастрольдік сапарға ТҮРКСОЙ ұйымының шақыртуымен барғанын, Түркия Республикасының Президенті халықаралық түркі мәдениетін дамыту ұйымы делегациясын Бестөбе сарайында қабылдағанын білетін едік. «Алдымен бауырлас жұрттың Анкара және Болу қалаларында қазақ халқының би өнерін көрсеттік. Әрі қарай АҚШ-қа барып, Нью-Йорк және Вашингтон сахналарында ұлттық өнерімізді талғампаз көрерменнің назарына ұсындық»,– деп ағынан жарылған Гүлбану Мырзабекова қазақтың ұлттық би өнерін жақсы қабылдап, ыстық ықыласын білдіргенін жеткізді.
Айтуынша, бишілеріміз «Әдемі-ай», «Дала қызы», «Балбырауын» секілді билерді ұсынған. Көрермендер құрмет-қошемет көрсетіп, қазақ елінің салт-дәстүріне, соның ішінде би өнеріне қызыққандар сан алуан сұрақтар қойыпты. Осылайша, қандай елге барса да жұрттың ерекше ықыласына бөленіп жүрген «Томирис» би ансамбліне талғамы биік АҚШ жұртшылығы да дән риза болыпты. Ұлттық құндылығымызды бимен жеткізген өнерлі қарындастарымызға тік тұрып қошемет көрсетіпті. Өнерде шекара жоқ деген осы. Ал би әмбеге ортақ өнер. Ол қай елдің сахнасында орындалса да жүрекке жетеді, көңілді көтеріп, адам жанын рухани ләззатқа бөлейді.
Айта кетейік, Қызылорда филормониясының өнерпаздары бұған дейін Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия және Түркия елдерінде өнер көрсетті. Енді алдағы мамыр айында көршілес Өзбекстанға гастрольдік сапарға шыққалы отыр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА