ТАРАЗ. 3 мамыр. Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Аула ойындары» мен «Көше ойындарының» екі кезеңі өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аула ойындары жарыстың қалашық, ләңгі, асық ату, қашпа доп және секірмек түрлері бойынша өткізілді.
Бірінші кезең – іріктеу (аула, көше, ауыл деңгейіндегі жеңімпаздарды анықтау) ойындары 10 наурыз – 10 сәуір аралығында өткізілді. Екінші кезең – аудандық, қалалық (аудан, қала деңгейіндегі жеңімпаздарды анықтау) жарыстар 10 – 20 сәуір аралығында өтті. Үшінші кезең – финал (облыс деңгейіндегі жеңімпаздарды анықтау) 6 мамыр күні өткізіледі. Облыстық жарыстарға Тараз қаласының және аудандардың құрама командалары қатысады.
Жалпы жарыстың ауылдық жерде өткен бірінші кезеңіне 13 мыңнан астам спортшы қатысты. Аудандық, қалалық іріктеу жарыстарына (екінші кезеңі) 2,5 мыңнан астам спортшы бақ сынасты. Ал облыстық іріктеу жарысына 150-ге жуық спортшының қатысуы жоспарлануда.
Көше ойындарының облыс чемпионаты жарыстың стритбол, кроссфит, народный жим, стрит воркаут түрлері бойынша өткізілді.
Жарыстың аудандық іріктеу кезеңіне 1700 жуық спортшы қатысты. Ал облыстық іріктеу жарысына 500-ден астам спортшының қатысуы жоспарлануда.
Жарысты өткізудің негізгі мақсаты – облыс тұрғындарын, оңын ішінде жастар арасында бұқаралық қол жетімді спорт түрлерімен айналысуға, жастарды есірткіден, шылым тартудан, ішімдікке және компьютер ойындардың құмарлықтан бас тартуға шақыра отырып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды отансүйгіштікке, патриоттық сезімге және ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, фото: egemen.kz