04 Мамыр, 2016

Баянды болашаққа бастайтын бағдарлама

223 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Кенжеболат Жолдыбай«Қаз тұрып қадам басқан Тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытта кестірген кезден бастап, осынау жылдардың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынан мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білген», деп Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ширек ғасырлық тарихы бар Егемен Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолымен келе жатыр. Қазақстан – нағыз үлгі алатын ел Осы жылдары еліміз табиғатының байлығымен ғана емес, ең алдымен, сан түрлі ұлттар өкілдерінен құралған халқының ауызбіршілігімен аты шықты. Сондай-ақ, бүгінгі Қазақстан өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда әрі шешуде ықпалды рөл атқаратын елге айналды. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың пікіріне әлем саясаткерлері мейлінше ықылас қоятын болды. Оған дәлел, Елбасымыздың ұсынысымен 29 тамыз – Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып ресми қабылданды. Енді, міне, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты ретінде қабылданып еліміздің және дүниежүзінің назарын өзіне аударуда әрі қызу талқылану үстінде. Біз де әлемнің қызығушылығын туғызып отырған бұл маңызды құжаттың астарына үңіліп көрелік. Бірінші кезекте, Қазақ елі бас­шысының осынау мәлімдемені жа­­­сауына толық құқы болғанын ерек­ше атап өткен жөн. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің тарихында жалпы адамзаттық мүддеге орай бұрын-соңды бол­маған бірден-бір ұтымды шешім қабылдаған Мемлекет басшысы. Осы ретте, Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның: «Қазақстан яд­ро­лық қарусыздануда ерекше ар­тық­шылығын аңғартуда. 1991 жы­лы Президент Н.Ә. Назарбаев­тың Семейдегі ядролық полигонды жауып, ядролық қа­рудан бас тартуы үлкен ерлік. Бұл қа­дам аса көрегенділік, нағыз тәуел­сіз­дікті жариялау. Мен бар­лық мемлекет басшыларын, әсі­ресе, яд­ролық державалар басшы­ла­рын Қазақстаннан үлгі алуға ша­қы­рамын», деп ағынан жарылуы тегін емес. Екіншіден, бұл манифест осы­­­­дан 60 жылдан астам уақыт бұрын көрнекті оқымыстылар Альберт Эйнштейн мен Бертран Расселдің «Қатал, қатерлі және қашып құтыла алмайтын сұрақ: біз адам баласын жоюға тиіспіз бе әлде адамзат соғыстан бас тар­­та ма?» деген атпен жария­лан­ған манифесінен кейінгі терең сараптамалық әрі өзекті мә­се­лелері жан-жақты зерттелген құн­ды құжат ретінде бағалану­да. Президент Назарбаевтың жа­­­һан­дық бағдарламасы 3 бас­ты қағидатты және әлемдік қо­ғам­дастық іс-қимылының тұ­тастық ал­горитмінің 5 бағытын қамтиды. Бұлардың әрқайсысы мұқият оқы­лып қана қоймай, сондай-ақ, тиісті шараларды қолға алуды ерек­ше қажет етеді, олай бол­ма­ған жағдайда жаһандық ын­ты­мақтастық сағымға айналып, жа­һандық соғысқа әкелуі мүмкін. Бұл – миллиардтаған адам қаза тауып, жер бетінен қалалар мен елдер тү­бірімен жоғалады, мәдениеттер мен өркениеттер мүлдем жойылады деген сөз. Біздің  Елбасы сол себепті де, әскери қақтығыстарды реттеу мақсатында әрі ядролық қа­русызданған қауіпсіз әлем құру үшін жоғарыда айтылған нақты қадамдарды ұсынып отыр. Мақсат – ХХІ ғасырда соғыс­сыз әлем орнықтыру Иә, бейбітшілік – біздің елі­мізде қазір үйреншікті сипатқа ай­налған ұғым. Күн сайын біріміз оқуға, біріміз жұмысқа барамыз, кө­шелеріміз тыныш және бұл ахуалға біз әбден етіміз үйреніп ал­ғаны соншалықты, мұндай жағ­дайды осылай болуы керек сияқты қабылдаймыз. Бейбітшілік құдды бір ауа тәрізді – оның бары ешкімге білінбейді де сезілмейді, ал шындап келгенде, әп-сәтте ауа қар­мап қалсақ, өмірімізге қауіп төнетіні белгілі. Бізге қалыпты осынау ахуал, өкінішке қарай, Жер шарының әр тұсында елдеріндегі тұрақ­сыздықтың салдарынан туын­даған үрей мен қорқыныштан мазасыздық күй кешіп жүрген, небір соғыс жағдайында өмір сү­ріп жатқан былайғы жұрт үшін қол жеткізбес арман десек, әсте қателеспейміз. Жалпы, қазір халықаралық қа­тынастарда жанжалдастық тәуе­келдері арта түсуде. Білікті ма­­мандардың зерттеулеріне сүйен­сек, жер өркениеті 15 мыңнан ас­там соғысты, яғни әр жыл сайын үш соғысты басынан өткерген, ал екінші дүниежүзілік соғыстан бе­рі әлемде 170 рет соғыс өрті тұтаныпты. Бүгін де 24 жерде соғыс сипатындағы қақтығыстар орын алуда. Әскери қақтығыстардың географиясы Еуропаның шы­ғы­­сындағы, Африканың сол­түстігіндегі, Таяу Шығыстағы со­­ғыс­тың іс-қимылдарының тарихи шегін қамтуда. Яғни, соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастырып жатыр. Милитаризм адамдардың санасы мен мінез-құлқына етене еніп кеткен. Халықтың қолында қазіргі күні 1 миллиардтан астам атыс қаруы болса, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Жалпы, жыл сайын қару-жараққа 1,7 триллион доллар немесе әр күн­ге шаққанда 4,6 миллиард доллар шығындалады. Ал осы тұста жер жүзінде 1 миллиардтан астам адам аштыққа ұшыраса, 210 миллион адам жұмыссыз күй кешуде, тағы 1,5 миллиард адам энергия көздеріне зәру. Халықаралық терроризм қаһар­лы сипатқа ие болды. Сөйтіп, жекелеген елдердегі бірлі-жарым ак­ті­лерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкция­лар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өз міндеттерін орындай алмауда. Адамға ажал себетін қару, оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарлан­ған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың тер­роршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүм­кін нәрсе. Бір сөзбен айтқанда, планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қыр­ғи-қабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады. Дүние әзірше өткен төрт онжылдықтың оң инерциясының арқасында сақталып тұр. Міне, осы жайттарды тілге тиек ете отырып, Н.Назарбаев өз манифесінде бүкіл адамзаттың жарқын болашағы үшін «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ау­қымды бағдарлама дайындалуы қажет дей келе, бұл құжатта үш басты қағидатты нақты мазмұндау керек екендігіне назар аударады және олар мына бір негізгі ережелерге сүйенуі тиіс деп есептейді: біріншіден, қазіргі кездегі бір­де-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Осы тұста белгілі саясаткер Уолтер Мондейльдің айтқан: «Үшінші дүниежүзілік соғыста ар­дагерлер болмайды», деген сөз­дерін тура қабылдаудан басқа лажымыз қалмайды; екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядро­лық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын кез келген қарудың өзге де түрлерін қолданудан қа­шып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді және де осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі кеш болады әрі жауап беретін адам да табылмайды. Осындай ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олар­дың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс; үшіншіден, мемлекеттер ара­сындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек. Қауіпсіз әлем үшін күрес – басты міндет Манифестің осы бір өзек­ті мақ­сатын жүзеге асыру үшін Н.Ә.Назарбаев әлемдік қоғамдас­тық өзінің іс-қимылының тұтастық алгоритмдерін бес бағыт бойынша ке­шенді түрде түзгені абзал деп санайды. Ең біріншісі әрі бастысы, әри­­не, ол – ядролық және өзге де жаппай-қырып жоятын қа­рудан толықтай азат әлемге қа­рай дәйектілікпен ілгерілеу. Жал­пы алғанда, бұл бағыттағы ма­ңызды қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. Бұған Қазақ елінің қосқан үлесі мол. Мысалы, 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бас­тамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жал­пыға ортақ декларация қа­былдады. Қазақстан 25 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полиго­нын біржолата жапты. Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға. Жас мемлекет содан соң КСРО ыдырағаннан кейін мұраға қалған атом қаруының әлемдегі төртінші әлеуетіне және оны жеткізу құрал­дарына иелік етуден өз еркімен бас тартты. Сөйтіп, 1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапешт қаласында ір­гетасын тамыры Ұлы Даладан бастау алатын дала қыпшақтары қалаған зәулім сарайда еліміздің тарихына алтын әріппен жазылатын оқиға орын алды. Қабырғалары алтынмен апталған, салмағы он тонна тартатын төбеден төмен қарай ілінген люстрамен көмкерілген бас айналатындай нән залдың ортасында біздің елдің Президентін қаумалай бес елдің басшылары «Қандай да ядролық қару еш­уақытта Қазақстанға қарсы қолданылмайды» деген кепілді растап қол қойды. Осы сәтке куә болғандардың толқығаннан тұла-бойлары шымырлап, көз­деріне жас үйірілгенін, сондай-ақ, әлемнің өзге елдері мұнан соң Қазақстанның осы жарқын үлгісін қолдайды, сөйтіп, жаппай қарусыздануға жол ашылады деген сенімдерін ұмыту мүмкін емес. Иә, Қазақ елінің бұл қадамы жетекші ядролық державаларды ядролық сынаққа мораторий жариялауға қозғау салды. Нәтижесінде 20 жыл бұрын БҰҰ аясында ядролық сынақтарға жап­пай тыйым салу туралы шарт жа­салынды және қол қою үшін ашық деп жарияланды, бірақ ол әлі күшіне енбей отыр. Бұл жағдайға Н.Ә.Назарбаев алаңдаушылығын білдіре отыра, өзінің манифесінде ядролық қауіпсіздік жөніндегі жа­һандық саммиттердің үзбей өткізіліп тұруы қажеттілігіне, өлім себетін қаруларды ғарыш кеңіс­тігіне, әлемдік мұхиттың бей­тарап суларының түбіне, Арк­тикаға орналастыруға тыйым са­луға қатысты жаһандық ше­шім қабылдау, БҰҰ-да жаппай қы­­рып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құру керектігіне ерекше көңіл бөлді. Келесі өзекті мәселе соғыстың түп-тамырын біртіндеп жойып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру қажеттілігі­не саяды. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың «Алып әлем және ядролық қауіпсіздік» атты мақаласындағы: «Ядролық қару­сыз әлем, олардың ядролық тех­но­логияға ие немесе ие емес екен­дігіне қарамастан, барлық елдер мен халықтардың күш-жі­герін біріктірген жағдайда ғана шындыққа айнала алады» деген ұтымды ойымен келісуге тура келеді. Манифесте атап көр­сетілгендей, бұл салада біршама ілгерілеу нышаны байқалады. Мәселен, қазір әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар Антарктиданы, Латын Аме­рикасын, Африканы, Авс­тралия мен Океанияны қоса алғанда, іс жүзінде бүкіл Оңтүс­тік жарты шарды қамтиды. Олар­дың ішін­­дегі ең «жасы» 10 жыл бұ­рын Семейде өңірдің бес мем­ле­кеті құрған Орталық Азия яд­ро­­­­сыз аймағы болып табылады. Де­генмен, атқарылуы тиіс жұ­мыстар әлі жетерлік. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Ядролық қаруды таратпау туралы келісім өзіне артқан үміттерді ақтамады, өйт­кені, міндеттері біржақты, тек ядро­лық қарусыз мемлекеттерге жүк­теу қарастырылған», деуі бекер емес. Сонымен бірге, күн тәртібінде ХХІ ғасырда милитаризмнің жа­­һандық қауіпсіздікке қа­тер төндіріп, кең ауқымды халық­ара­лық ынтымақтастыққа кедергі кел­тіретін әскери блоктар секілді ру­диментін еңсеру мәселесі тұр. Оны шешу үшін манифесте нақты ұсыныстар келтірілген. Атап айт­сақ, әскери блоктарға БҰҰ туы астында Мемлекеттердің бей­­бітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік жолындағы үшін жа­һандық коалициясын қар­сы қою қажет. Таяудағы онжыл­дық­тың жал­пыға ортақ міндеті Ау­ғанстандағы, Ирактағы, Йемен­дегі, Ливия мен Сириядағы, Украи­наның шығысындағы соғыс­тар мен жанжалдарды және Палестина – Израиль текетіресін тоқтату болуға тиіс. Корей түбегі, Оңтүстік Қытай теңізі акваториясы және Арктикадағы ахуалдар қаупінің әлеуетін азайту міндеті тұр. Сондай-ақ, Қазақстан басшысы халықаралық қарусыздану үде­рістерін жаңа тарихи жағ­дайларға бейімдеу маңызды деп санайды. Өйткені, зымыранға қарсы жүйелер мен кәдімгі қару-жарақ жөніндегі бұрынғы уағдаластықтар кезіндегі алысты болжай алмаушылықтың салдары Еуразия кеңістігін саяси милитарландыруға алып келді. Бұл қорғанысты басқарудың элек­трондық жүйесінің ықтимал ақауына байланысты жаһандық соғыстың басталу қаупін күшейте түседі. Сондықтан БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы қызметінің жа­­ңа стратегиясы қажет. Осы ретте, Қазақстан 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады және оның барысында ХХІ ғасырда қиратып – бүлдіруге әкеліп соқтыратын соғыстар мен жанжалдардың алдын алу мақсатында халықаралық құқықтың қағидаттарын қуаттаған жөн деп есептейді. Жалпы алғанда, манифест өзінің салмақты ойларымен, нақты ұсыныс-пікірлерімен ядролық қарусыз бейбіт өмір сүруге толы­ғымен мүмкіндік барын ашып көрсетіп отыр. Сондықтан БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында Қазақстан өз тарапынан «Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045 Жоспарын» жасау бастамасын ілгерілетуді ұсынғаны белгілі. Бұл Жоспар соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жоюды көздейді. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы астында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. Мұны ха­лықаралық қауымдастықтың Қазақстанға көрсетіп отырған зор сенімі деп қабылдаған жөн. Бұған жоғарыда атап өткендей бес ірі мемлекет державаларының болашақта Қазақстанның қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге берген кепілдігін қосыңыз. Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы «Әлем. ХХІ ғасыр» ма­нифесімен кезекті рет бүкіл халықаралық қоғамдастықтың на­зарын ядролық қарусыз әлем­ге аударды, соғыссыз әлем – ха­лық­­аралық қаржы, сауда-саттық және даму саласындағы жаһандық бәсекелестіктің әділетті парадигмасы екендігін ашып көрсетті және барша халықты балаларымыз бен немерелеріміздің бола­шағы туралы ойлауға шақыра отырып, өткен ғасырлардың қасірет­ті қателіктерін қайталауға жол бер­­­­­­мей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ға­лымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және мил­лиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажеттігін атап өтті. Иә, Елбасы айтқандай, адамзат­ты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ. Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы