Ел дамуының үштен бірі «Самұрық-қазына» қорының үлесінде
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының кеңейтілген жиыны болып өтті. Онда қордың 2010 жылғы жұмыстарының қорытындылары қаралып, 2011 жылғы міндеттері айтылды.
Жиында негізгі баяндаманы жасаған қор басшысы Қайрат Келімбетов Үкіметтің дағдарыспен күрес жөніндегі бағдарламасының басты операторы болып табылған осы құрылымның өткен жылда оны сәтті аяқтағандығын атап көрсетті. Осының нәтижесінде Ұлттық қордан дағдарыс салдарын еңсеру үшін бөлінген 1 триллион 87,5 миллиард теңгенің 91 пайызы игерілді.
Қордың қатысуымен елдегі БТА банк, Альянс банк және Темірбанк секілді үш ірі банктің берешектерін қайта құрылымдау табысты аяқталды. Қайта құрылымдау нәтижесінде БТА банкінің сыртқы борыштары 12 млрд. АҚШ долларынан 3,7 млрд. АҚШ долларына дейін төмендетілді, Альянс банктің сыртқы борышы 4,5 млрд. АҚШ долларынан 1,16 млрд. долларға дейін қысқарды, Темірбанктің сыртқы борышы 770 млн. АҚШ долларынан 61 млн. АҚШ долларына дейін қысқарды. Міндеттемелерді төлеу мерзімі қарыз берудің орташа ставкасын 9-10 пайызға дейін төмендете отырып, қолданыстағы 1-5 жылдан 8-20 жылға дейін өзгертілді.
Былтыр халықаралық рейтинг агенттіктері үш банктің де несиелік рейтингіне жоғары баға берді. Бұл дағдарысты шақтағы елдің қаржы секторын қолдау жөнінде жүргізілген мемлекеттік саясат тиімді болып шыққандығын білдіреді.
Халық банкі Ұлттық қордан экономиканың нақты секторын несиелендіру үшін бөлінген 60 миллиард теңгені, сондай-ақ ЦентрКредит банкі, Kаспий банкі және Халық банкі шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша бөлінген 40 миллиард теңгеден астам қаржыны мерзімінен бұрын қайтара алды. Осындай өрелі істі 46,5 миллиард теңгені мерзімінен бұрын қайтарған Қазкоммерцбанк те көрсетті. Мұның өзі қаржы секторының тұрақтанғандығын білдіретін мысалдар.
Жылжымайтын мүлік рыногындағы проблемаларды шешу үшін «Самұрық-Қазына» АҚ үлестік құрылыс нысандарын аяқтауға барлығы 200 миллиард теңге (соның ішінде Ұлттық қордан 170 миллиард теңге, Стресті активтер қорынан 30 миллиард теңге) бөлген еді. 2011 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша ол қаражаттың 137,4 миллиард теңгесі игерілді. Осының нәтижесінде 52 тұрғын үй нысаны аяқталды. 11 870 үлескер үйлі болды, мұның сыртында 10 832 пәтер халыққа сатылатын болды. Қазіргі уақытта қор арқылы тағы да 6 955 үлескердің мәселесі шешілуде. Осы үшін 43 тұрғын үй нысанның құрылысын аяқтау жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
2007 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан маңызды жұмыстардың бірі – қор арқылы шағын және орта бизнесті қолдау. Осы бойынша 4 жылдың ішінде жалпы сомасы 513 миллиард теңгеге 10 537 жоба қаржыландырылды. 19 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Бұдан басқа, 2010 жылы «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында 110 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайтын 285 жоба мақұлданып, оларды жүзеге асыру үшін қазіргі күнге дейін 137 шарт жасалды.
«Самұрық-Қазына» қоры шағын және орта бизнесті тапсырыстармен қамтуда үлкен жұмыстар жүргізуде. 2010 жылға арналған жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың шоғырландырылған жоспары шамамен 3,5 трлн. теңгені құрады. Жасалған шарттардың жалпы сомасы – 3 трлн. 472 млрд.теңге. Осының нәтижесінде қазақстандық үлестің деңгейі 50 пайызға дейін жетті.
«Атамекен» одағымен бірлесіп ұлттық компаниялар, даму институттары, бизнес-қауымдастықтар және отандық өндірушілердің өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның тауар өндірушілер форумы өткізілді. Форумда жалпы сомасы 108 млрд.теңгеге көмір, темір-бетон бұйымдарын, радиотехникалық мұнай-газ жабдықтарын жеткізуге арналған ұзақ мерзімді шарттар жасалды.
«Самұрық-Қазына» АҚ және оның еншілес компаниялары халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуда. Елбасының және қор басшылығының 2010 жылғы сапарлары шеңберінде Finmeccanica, Еуропалық инвестициялық банк, General Electric сияқты стратегиялық әріптестермен ынтымақтасу туралы меморандумдарға қол қойылды.
Сөйтіп 2010 жылы «Самұрық-Қазына» қоры мен оның компанияларының жылдық өндірістік және қаржылық көрсеткіштері бірқатар көрсеткіштер бойынша асыра орындалды. Шоғырландырылған таза пайда 2010 жылы жүргізген екінші деңгейлі банктер берешегін қайта құрылымдауы нәтижелерімен қоса есептегенде 400 млрд. теңге мөлшерінде болады деп күтілуде.
Еншілес ұйымдардың 2011-2015 жылдарға арналған даму жоспарларының жобаларын қарау нәтижесінде «Самұрық-Қазына» АҚ 2011 жылы 43,6 млрд. теңге, ал 2011-2015 жылдарда 354,7 млрд. теңге немесе 2,4 млрд. АҚШ доллары сомасындағы таза пайда қаратуды жоспарлап отыр. Бұл тиімділік негізгі қызмет нәтижелерінің жақсаруы және «Самұрық-Қазына» АҚ ұсынымы бойынша жекелеген еншілес ұйымдардың өзіндік құнды азайтуы нәтижесінде алынады.
Еңбек өнімділігі 2011 жылы 2010 жылмен салыстырғанда 11 пайызға өсіп, бір адамға шаққанда 1,1 млн. теңге, ал 2015 жылы 5,7 млн. теңге құрап, 50 пайызға дейін өсетін болады.
Жылжымайтын мүлік қорымен бірлесіп, 16 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қазақстандық үлестің деңгейі 50-55 пайызға қамтамасыз етіледі. Көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асады. Соның ішінде «Таман» ЖШС базасында қуаты жылына 3 мың вагон жүк вагондарын шығаруды қамтамасыз ететін жаңа өндіріс ұйымдастыру, Жетіген – Қорғас темір жолын тарту, Өзен – Түркменстанмен шекарасы темір жолын тарту және Шарын өзенінде СЭС салу жобалары бар.
Жиналысты қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қордың дағдарыспен күрес жөніндегі жұмысына оң баға берді. Сонымен қатар алдағы міндеттерге тоқталды. Соның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары қарастырылып жатқанын, осы бойынша қолға алынған корпоративтік басқару ісін одан әрі жетілдіріп, қор жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз ету қажеттігін, компаниялардың акцияларының бір бөлігін қор рыногына шығарып, Қазақстан азаматтарының арасында саудалауды ұйымдастыратын мезгіл жеткендігін атап көрсетті.
«Самұрық-Қазына» қорының өткен жылдары қаншалықты тиімді жұмыс істегендігін оның экономикалық көрсеткіштері жақсы әйгілеп тұр. Бірақ іс мұнымен бітпейді. Біз алдымызда келе жатқан заман өзгерістеріне сай экономиканы құруымыз қажет. Елбасының тапсырмасына сәйкес бәсекеге қабілетті нарық экономикасы жұмыс істеу керек. Қордың негізгі стратегиясы осыған бағытталуы тиіс», деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.