Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов селекторлық режімдегі кезекті Үкімет отырысын өткізді.
Онда мүлікті жария ету бойынша науқан өткізу барысы туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.
Оның мәліметінше, қазіргі сәтте мәлімделген мүлік сомасы еліміз бойынша 1,4 трлн. теңгеге жетті, оның 1,2 трлн. теңгеге жуығы жария етілді.
Заңның жаңа шарттарындағы жұмыстың бес айында, яғни 2015 жылдың 1 желтоқсанынан кейін 794 млрд. теңге жария етілді, бұл науқанның барлық кезеңіндегі жалпы соманың үштен екі бөлігін құрайды, деп атап өтті Б.Сұлтанов.
«Түзетулер жария ету барысына жақсы серпін бергені көрініп тұр. Кезең бойы науқанның мүмкіндіктерін 86 мыңға жуық азамат пайдаланды. Өтініштер санының артуы халық тарапынан қызығушылықтың артқанын білдіреді», – деді Қаржы министрі.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев науқанның әрекет ету кезеңінде банктер 910 шот ашып, оларға 590,3 млрд. теңге салынғанын айтты. «Оған қоса, арнайы шоттардағы барлық ақшаның 83%-ы ағымдағы жылдың төрт айында жария етілді. Осындай шоттарға ай сайынғы ақша ағымы осы жылғы орта есеппен алғанда 148 млрд. теңгені құрады, бұл заңнамаға енгізілген өзгерістердің дұрыстығын тағы да растайды», деді науқанға 30 банк пен «Қазпошта» АҚ қатысатынын еске салып өткен Д.Ақышев.
Орман және дала өрттерінің алдын алу мәселелері бойынша Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндады.
Министрдің мәліметінше, жыл сайын елімізде 4000-ға дейін орман-дала өрттері орын алады, олар 180 мың га.-ға жуық ауданды қамтиды, залал 230 млн. теңгеден асады.
«Ағымдағы жылдың басынан бастап орман қоры аумағында жалпы ауданы 285 га болатын 16 өрт тіркелді, залал сомасы 1,7 млн. теңгені құрайды. Дала алаптарында 2 180 га көлемді алатын 410 өрт тіркелді. Құрбандар мен залалдар жоқ», деп мәлімдеді ІІМ басшысы.
«Ағымдағы жылы Қазгидрометтің мәліметінше, шілде-тамызда ауаның орташа температурасы +30 градусқа дейін жететіндігі болжанып отыр. Оған қоса, батыс және оңтүстік облыстарда жауын-шашын тапшылығы күтілуде, сондықтан елдің бірқатар өңірлерінде дала-орман өрттерінің шығу қаупі бар», деп мәлімдеді Қ.Қасымов.
Осыған байланысты ІІМ өрт қаупі бар маусымда орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша арнайы жоспар жасады. Қазіргі уақытта еліміз бойынша орман-дала өрттерін жою үшін 4779 автокөлік, суағар құрылғылары бар 11 тікұшақ, 47 өрт пойызы және 34 мыңнан астам адам бөлінген. Шекара маңындағы аумақтарда өзара іс-қимылды пысықтау үшін Ресей және көрші елдердің ТЖМ бөлімшелерімен тактикалық оқулар өткізу жоспарланған.
Қ.Қасымов 90% жағдайда ормандар адамдардың кесірінен жанатынын еске салып, халық арасында профилактикалық іс-шараларды күшейтуге, азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелері туралы белсенді ақпараттандыруға шақырды.
Отырыс қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
«Егемен-ақпарат»