Жуырда Семей қаласына іс-сапарымыздың аясында тұрғын үй құрылысы саласында жемісті жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың бірі – «Сәт Транс» ЖШС-нің қызметімен танысқан едік. Индустрияландыру картасы шеңберінде 2013 жылдың желтоқсан айында іске қосылған компания құрылыс алаңдарына қажетті темір-бетон өнімдерін шығарады.
Тұрғын үй құрылысы комбинаты жобасы ретінде жүзеге асырылған кәсіпорын базасында өндірілген өнімдер жылына 50 мың шаршы метр көлеміндегі құрылыс алаңын қамтамасыз ете алады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту және осы саладағы әлеуметтік сұранысты қамтамасыз ету мақсатында құрылған комбинатта шикізат материалдарын даярлаудан бастап, дайын өнім түрлерін өндіруге дейінгі барлық технологиялық үдеріс желісі жолға қойылған.
Жобаның жалпы құны – 1, 224 миллиард теңге. Бұл қаржының 30 пайызы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында алынған несие болса, қалғаны жеке қаражат. Зауытта 20-дан астам темір-бетон өнімдерінің түрлері өндіріледі. Атап айтқанда, бағана, тақта жабындылары, баспалдақ сатылары, тірек, беларқа, желдеткіш арналар, қырлы маңдайшалар, іргетас, қабырға блоктары, жиектас, текшетас, пәтераралық, бөлмеаралық қабырғалар және металды пластик бұйымдар бар. Осы өнімдер арқылы құрастырмалы монолитті қаңқа негізінде құрылысты жедел әрі 9 балдық жер сілкінісіне шыдамды қауіпсіздік талабына сай жүргізуге болады, дейді «Сәт Транс» ЖШС бас директоры Нұрлан Байбеков.
Кәсіпорын технологиясының бір ерекшелігі, қалыпсыз өнім түрлерін өндіріп, оны қажетті бөлікке бөлуінде. Яғни, бұған дейін тұрғын үй құрылысы комбинаттарында белгілі қалыпқа құйылған өнімдер шығарылып келсе, аталған зауыт қазіргі заманға сай сәулеттік үйлесімге оңай илігетін қалыпсыз өнім түрлерін өндіруге көшкен.
Жаңа технология құрылыс шығынын азайтуға, тұрғын үй массивінде қолданылған материалдан өзге артық салмақты болдырмауға және ғимараттың ішкі-сыртқы жобалауында еркін шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл технология елімізде алғаш рет Ақтау қаласында қолданылса, екінші кезекте семейлік кәсіпорын жалғастырып отыр.
Зауыттың темір-бетон өнімдері өндірілетін цехы аумағы ат шаптырымдай жабық ғимарат. Мұнда италиялық-ресейлік озық қондырғылар материалдарды қажетті пішімде, түрлі пошымда құяды. Барлық қондырғылар компьютерлік бағдарламалармен басқарылады. Ал текше және тақтатастар, жиектастар, поребриктер сынды абаттандыру элементтері испаниялық-ресейлік қондырғылар қойылған жеке цехта құйылады. Сондай-ақ, барлық өнімдердің беріктілігін арттыра түсетін арматура цехында да жұмыс қызу. Жұмысшылар білектей темірлерді жіпше есіп, кілемше іспетті тоқып жатса, әлдебір бұрышта жарқылдатып дәнекерлеу жұмыстары жүріп жатыр. Зауыт жанында есік-терезе жасауға арналған металды пластик цехы жұмыс істейді. Кәсіпорында шығарылатын барлық өнімдердің сапасын арнайы зертхана қадағалайды. Зауыт аумағына енгенде тұйық теміржол желісін көзіміз шалды. Бұл қоймаларда жинақталған дайын өнімдерді вагондармен тасымалдауға өте қолайлы, дейді кәсіпорын жетекшілері. Сондай-ақ, қала ішінде орналасқандықтан республикалық дәрежедегі автокөлік жолдарынан да алыс емес. Кәсіпорын қажетті жағдайда келісімшарт негізінде құрылыс материалдарын кез келген бағытқа жеткізіп бере алатын логистикалық қызмет көрсетумен де шұғылданады.
Кәсіпорынның жеке қазандығы бар. Бұл өнеркәсіпті қажетті жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Айта кеткен абзал, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша Үкімет жаңа кәсіпорынға электр қуатын тегін жеткізіп берді. Ал зауыт жұмысшыларының киіну-жуыну, шеберлік сағаттары өткізілетін кабинеттері мен асхана, демалыс бөлмелері жеке ғимаратта орын тепкен. Апатты жағдайда немесе электр қуатынан ажыраған жағдайда автоматты түрде қосылатын шағын дизель электр стансасы да үздіксіз өнім өндіруді қамтамасыз етуге үлес қосады.
Қазіргі кезде кәсіпорын базасында 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олар серіктестіктің зауыт, логистика және тұрғын үй құрылысы алаңдарында еңбек етеді. Қазақстанда алғаш енгізілген құрылыс технологиясы болғандықтан, кәсіпорынның құрылысшы-монтаждаушылары біліктіліктерін жетілдіріп, Екатеринбург қаласындағы ресейлік әріптестерімен өзара тәжірибе алмасып келеді.
Компанияның аз жылда алған асуы аз емес. 2014 жылы Астана қаласындағы ЭКСПО нысандарының құрылысына қатысты. 2015 жылы компанияның әу бастағы мақсаты – тұрғын үй құрылысы комбинаты жобасы жүзеге асырыла бастады. Яғни, серіктестікте өндірілген өнімдер арқылы тұрғын үйлер салу жобасының тұсауы кесілді. Осы ретте компанияның өз өнімдері арқылы салынған түрғын үй кешенін көрмекке құрылыс алаңына арнайы барған едік. Семей қаласының «Мелькомбинат» алаңында 54 пәтерлі тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын екен. Пәтерлер жарық, еңселі әрі заманауи. Аталған нысан биыл мамыр айында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ салымшыларына пайдалануға берілмек. Өткен жылы желтоқсан айында осы аумақта 81 пәтерлі екінші үйдің құрылысы басталыпты. Жоспарда тұрған үшінші үймен қоса есептегенде жыл соңына дейін мұнда барлығы 189 пәтер тапсырылатын болады.
Қазіргі кезде зауытта өндірілген материалдар облыс орталығы – Өскеменде жаңадан бой көтеріп келе жатқан 19-шағын аудандағы тұрғын үй құрылыстарына да пайдаланылуда. Сондай-ақ, Павлодар қаласындағы құрылыс жобаларына қолданылып жатыр. Соңғы уақытта еліміздің батыс аймағындағы кәсіпорындармен де келісімшарт жасалды.
– Біз іс жүзінде өз өніміміздің сапалы әрі жедел құрылыс жүргізуге қолайлы екеніне көз жеткіздік. Мәселен, алғашқы тұрғын үй құрылысын бастағанымызда қолымызда сызба ғана болды. Дегенмен, жетілдірілген өнімдердің қолайлылығының арқасында алғашқы кезектің өзінде айына тұрғын үй алаңының 3 қабатын салуға қол жеткіздік, – дейді жоба жетекшісі Әділет Бордатқанов.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ