Агроном Мұхамедияр Садықовтың құпиясына назар аударыңыз
Жуықта редакциямызға Ресейдің Омбы облысынан көшіп келген еңбек ардагері Мұхамедияр Садықов ақсақал телефон шалып, егіннен мол астық алу жөнінде осы уақытқа дейін ешкімге айтпай келген құпиясымен бөліскісі келетіндігін жеткізді. Ол кісі Ресейдің Омбы облысындағы Марьянов ауданы «Москаленский» кеңшарында ұзақ жылдар бойы агроном болып қызмет істеген екен. Сол жерде әкесі помещик болған орыстың шалынан мол астық алудың құпиясын үйренген. Сол құпияны қазақстандық астық өсірушілерге айтып бергісі келетіндігін білдірді.
Осыдан кейін Мұхамедияр Ғазизұлымен оның Астанадағы пәтерінде кездестік. Мұнда көшіп келгеніне де біраз жылдар болып қалған екен. Жұбайы Жібек жеңгей екеуі алты бала тәрбиелеп өсірген. Олардың барлығы Астанада жеке үй болып тұрып жатыр. Ағамыздың жасы 75-ке келсе де, өзін әлі ширақ сезінеді. Бойы 2 метрге жуық, жас жігіттей тіп-тік қалпы. Сонымен, ағамыз әңгімесін бастап кетті.
– Мен Омбы облысы Марьянов ауданының «Москаленский» кеңшарына қарасты Кегентай ауылында туып-өстім. Бұл ауылда сол кезде 150 үйге жуық қазақ отбасылары болды. Мектеп бітірген соң өзімнің туған жерімде комбайншы болып жұмыс істедім. Жұмысымды жақсы атқардым. Кеңшар директоры Николай Васильевич Величко – үш рет Қызыл Ту, екі рет Ленин орденімен марапатталған атақты адам. Халыққа өте жайлы болды. Ал ол кісінің зайыбы Любовь Григорьевна Герасимова туралы әңгіме бөлек. Кеңшарымызда бас агроном болып қызмет істеген Любовь Григорьевна – нағыз еңбек майталманы. Сол еңбегіне сай Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, КСРО Жоғарғы Кеңесіне Омбы облысының атынан депутат болып сайланған.
Бас агроном Л.Герасимова менің еңбекқұмарлығымды ұнатып, жақын тартты. «Сен жерді сүйетін жігіт екенсің, саған оқып, агроном болу керек», деп кеңес беріп, Омбының ауылшаруашылық техникумына сырттай оқуға түсуіме көмек жасады. Бұл оқуды бітірдім. Директор мені кеңшардың төртінші бөлімшесіне агроном етіп тағайындады. Шынымды айтсам, ол қызметке барғым келмеді. Өйткені, мен бөлімше агрономының алатын 140 рубль жалақысына қарағанда механизатор ретінде ақшаны әлдеқайда көп табамын. Сондықтан, бұл қызметтен қашып біраз жүрдім. Оның үстіне, сырттай оқығанның аты сырттай оқыған ғой, өндіріске барғанымда білімім жетпей қала ма, деген қорқынышым да болды.
Директор тізеге салды. «Сені біз сонда кеңшардан ақша төлеп бекер оқыттық па?! Егер ұсынған қызметке бармасаң, онда саған жұмсалған ақшаны толықтай қайта қайтартып аламын», деп қорқытты.
Сонымен, қызметке баруға тура келді. Мен агроном ретінде жұмысқа кіріскен шақта, маған қас қылғандай директорымыз Николай Васильевич жұбайы Любовь Григорьевнамен бірге денсаулықтарына байланысты қызметтен босап, кеңшардан көшіп кетті. Кеңшарымызға Фиотис Чебоксаров деген ұлты чуваш жаңа директор келді. Сонымен, күз де келіп, егінді жинап алдық. Осы оқиғаға байланысты кеңшарымызда орақ науқанының қорытындысын қараған үлкен жиналыс болып өтті. Алты бөлімшенің ішінде ең төменгі өнім алған мен екенмін. Жаңа директор орнымнан тұрғызып қойып, мені біраз сынға алды. «Халайық, мына төртінші бөлімшенің агрономына қараңдар! Бойы қандай ұзын. Ал осы жігіт егісте өз бойынан да ұзын арамшөп өсірді. Сөйтіп, дұрыс өнім ала алмады», деді.
Мен агроном ретінде жаңа келген директордың сеніміне ие бола алмадым. Өйткені, ол кісі көп өтпей кеңшарға Украинадан жоғары білімді екі бірдей агроном әкеліпті. Солардың бірін менің орныма ыңғайлап жүр екен деген әңгіме шықты. Қатты намыстанып кеттім. Жұмысқа жанымды салдым. Бірақ білімімнің таяздығын өзім де сеземін. Сондайда мол өнімді қалай алуға болады деген оймен кітаптар ақтарамын, тәжірибесі мол диқандармен кеңесемін.
Біздің бөлімшеде Василий Перетятко деген шал тұратын. Ол кісіні жақсы танымасам да, кездесе қалған жерде сәлем беріп, амандасамын. Сол ақсақал менің жұмысымды қалай жақсартарымды білмей қиналып жүргендігімді байқаған. Бір кездесе қалғанда мені үйіне шақырды. Маған егістен қалай мол астық алудың жолын айтып беретіндігін жеткізді. Сөйтіп, мен бір шыны арағымды алып, кешке жақын ақсақалдың үйіне бардым. Сөйтсем, ол кісі кезінде осы өңірге аты шыққан помещиктің баласы екен. Айтысына қарағанда, біздің төртінші бөлімшенің егіс алқаптары патша үкіметінің тұсында 3 помещиктің иелігіндегі жер болыпты. Олар мол астық алудан бір-бірімен жарысқа түскенде, мұның әкесі үнемі озып шығады екен. Оның сырын қарт помещик балаларына үйретіп кетіпті. Шал бірақ бұл сырды ешкімге жаймаған. Менің қиналып жүргенімді көріп, жаны ашып маған сол сырын жайып салды. Ол тіпті, сондай бір күрделі шаруа да емес екен. Бар болғаны егіске тұқымды сеуіп болғаннан кейін егістің бетін катокпен тегістеп, жақсылап жаймалау қажет. Бұл шара топырақтың бетін қопсытып, нығыздауға, оның ылғал сақтау қабілетінің артуына өте жағымды екен. Ал помещик болса, бұл әдісті Бірінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, біздің өңірімізге жер қазу жұмыстарына әкелінген австриялықтардан білген және оны ешкімге айтпай, өзі пайдаланып жүрген.
Ақсақалдан осы әдісті біліп алғаннан кейін келесі көктемді асыға күттім. Көктем келісімен күндіз-түні егіс басында болып, барлық шаралардың дұрыс атқарылуын қадағаладым. Тұқымды СЗС-9 сеялкасымен сеуіп өткеннен кейін, шалдың ақылы бойынша сол кезде пайдаланылатын 3 КК-6 катогымен егістің бетін дұрыстап тегістетіп, жаймалаттым.
Шынында да, сол жылы біз егістен мол өнім алдық. Басқа бөлімшелер гектарына 20 центнерден қаратқанда, біз 27 центнерден алып, ерледік. Сол жылы егін ору қорытындысына арналған кеңшар жиналысында жаңа директорымыз мені басқаларға үлгі етті. Сыннан қорытынды шығарып, жұмысты жолға қойғаным үшін алғыс білдірді.
Мұнан кейінгі жылдары да мен егіншіліктен жоғары өнім алып, үнемі алдыда жүрдім. Сол еңбегімнің арқасында Лениннің 100 жылдық мерейтойлық медаліне ие болдым, – деп аяқтады әңгімесін Мұхамедияр ағамыз.
Мұхамедияр Садықов аталған кеңшарда агроном болып 1965 жылдан 2000 жылға дейін еңбек еткен. Оның бөлімшесінде 5 мың гектар егістік болған. Жылма-жыл егістің әр гектарынан 25-26 центнерден өнім алып отырған. Мол өнім алу сырын ешкімге айтпай кеткен.
– Біздің кеңшар агрономдары да Бараевтың әдісі бойынша жұмыс істеді. Олар тұқым сеуіп болғаннан кейін, егіске арнайы каток жүргізуді қажетсінбеді. Өйткені, сеялканың соңынан сүйретілетін катоктар аталған шара үшін жеткілікті деп есептеді. Ал мен бұл шараны міндетті түрде жеке арнайы жүргізіп отырдым. Катоктарды өзім қызметтен босар алдында ғана темір жинаушыларға тапсырдым. Ол катоктар көп бұрын есептен шығарылған жарамсыз заттар ретінде саналған болатын. Бірақ олар менің қажетіме әбден жарап тұрды, – деді Мұхамедияр аға.
Сөзінің соңында Мұхамедияр аға кейінгі кезде жыл сайын жүріп жатқан су тасқыны жағдайына тоқталып өтті.
– Менің ойымша бұл бекер емес. Бұрын болмайтын тасқындар қазір жазық даланың бетінде қалайша қаптап кетті? Мен мұның сыры қазіргі астық өсірушілердің топырақты дұрыс өңдемейтіндігінен деп есептеймін. Біздің кезімізде егістік алқаптарына ылғал тоқтату шаралары дұрыс жүргізілетін. Күзде жерді 22-25 сантиметрлік тереңдікте сыдыра жыртып өту керек. Осыдан топырақ қопсиды да, ылғал сақтау қабілеті әлдеқайда жақсарады. Міне, осы шара қазір дұрыс жүргізілмейтіндіктен жердің беті қатып қалып жатыр. Содан су жерге сіңбей, бетімен жеңіл сырғып отырады да, көктемде қар еріген кезде тасқын пайда болады. Қазіргі тасқындардың бір сыры осында деп есептеймін, – деді.
Мұхамедияр Садықов ағамыздың бұл кеңесін де назарға алуға әбден лайықты деп есептейміз.
Биыл, міне, жерімізге тағы да көктем келді. Көп өтпей-ақ, көктемгі дала жұмыстары тағы да басталатындығы анық. Сол тұста қазіргі диқандар үшін агрономның бізге ашып берген құпия-сыры әжетке жарайды деген сенімдеміз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Астана