Ел тыныштығын қорғау жолында қолына қару алып, майданға аттанған жауынгерлердің сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлік істері мен жарқын бейнелері кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге болып, санамызда мәңгілік жаңғырып тұра бермек.
1939 жылы әкем Ескендір Ыбырайұлы әскер қатарына алынады. Әскери міндетін аяқтауға шақ қалғанда ел басына күн туып, әскерден қан майданға аттанады. Өмірде тірек, пана болар асқар тау әкесі Ыбырай атамыз сол кездегі солақай саясаттың кесірінен «халық жауы» деген жаламен жазықсыз атылып, елде уайым жеген жесір анасы мен іні-қарындастары қалады.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап әкем 31-ші атқыштар бригадасының бөлімше командирі болады. 31-ші және М.Мәметова, Ә.Нұршайықов құрамында болған 100-ші дербес қазақ атқыштар бригадалары Москвадан Калинин (қазіргі Псков) облысына қарасты Невель қаласына дейінгі ұрыс даласын жүріп өтіп, 1-ші Брестік Қызылтулы атқыштар дивизиясы болып біріктіріледі. Дивизия жауынгерлері Батыс, Солтүстік-батыс Калинин, 2-ші Прибалтика, Беларусь, Батыс Украина майдандарына қатысып, көптеген елді мекендер мен қалаларды жаудан азат етеді. Сондай-ақ, Польшаны азат етуге қатысып, Германия шегінде фашист әскерлерін талқандауда өжеттік пен батылдық танытады.
31-ші және 100-ші атқыштар бригадалары жауынгерлерінің ұрыс даласындағы ерен ерліктері жайлы кейін полк командирі, соғыс ардагері М.Ф.Харитонов өзінің «Дороги памяти» атты естелік кітабында толық баяндайды. Бұл кітаппен таныса келе, әкемнің көзі тірісінде майданда жүріп өткен жолы жайлы айтып отыратын естелік әңгімелері бірден есіме орала кетті.
Сондай шешуші ұрыстардың бірі Невель қаласын азат етудегі ұрыс болатын. Невель фашистердің шабуыл операциясы үшін ірі бекініс пункті және байланыс жолдарының шұғыл маңызды торабы болған еді. Сондықтан, фашист басқыншылары қаланы өз қолдарында ұстап тұру мақсатымен терең траншея қазып, мықтап бекініп алады. Бұл қаланы фашистер 1941 жылдың шілде айынан бастап 2 жыл 3 ай қоршауда ұстайды. 1943 жылдың 15 қазанында бригада командирі майор А.Смехов Невель ауданына қарасты Сереброво деревнясы түбінде фашистердің бекінісіне шабуыл жасау жөнінде бұйрық алады. Жауынгерлердің қарқынды шабуылы нәтижесінде дұшпан бекінген орындарынан қуылады. Алайда, әлсіреген жау әскерлеріне мұздай қаруланған қосымша күш келіп қосылады. Бұл бригада құрамының дұшпанға деген өшпенділігін одан сайын өршіте түсі. Нәтижесінде, фашистерге тойтарыс беріліп, Невель ауданы толығымен азат етіледі. Кейіннен Жоғарғы Бас Қолбасшының бұйрығымен бұл бригадаға 31-ші Невель атқыштар бригадасы құрметті атауы беріледі.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ресей Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы халық ерлігі» электронды мұрағатынан әкеміздің екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталу себебі жайлы толық мәліметтер алдық. Жоғарыда айтылған сөздерім дәлелді болуы үшін мадақтау қағазында айтылған жайларды таратыңқырап баяндайық.
Бірінші марапат қағазында былай делініпті: «Социалистік Отан үшін ұрыста ерлік пен батылдық танытты. Мысалы, 1943 жылдың 10 ақпанында шабуыл кезінде неміс басқыншыларының көзін қалай жою жөнінде жауынгерлерге үлгі көрсетті. Сарбаздарды соңынан ертіп, алда жүрді. Ажалдан қаймықпады. Жолдас Е.Ибраевтың жеке өзі винтовкадан оқ жаудырып, 6 немісті жер жастандырды. Жауынгерлер мен командирлер арасында беделге ие. «Ерлігі үшін» медалі үкімет наградасына лайық деп табылды», дей келе осы 21.02.1943 жылғы №037 бұйрыққа 31-ші атқыштар бригадасының командирі полковник Л.А.Якутов қол қойыпты.
Ал екінші марапат қағазында 1943 жылғы 15 қазанда Сереброво деревнясы түбінде жаумен болған ұрыс жайында айтылған: «Жолдас Ескендір Ибраев қарсыластарға қарай асқан шапшаңдықпен ұмтылып, қолма-қол ұрыста 8 неміс басқыншысын жайратты», делінген. Бұл жолы тағы да «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. Осы орайдағы 31.10.1943 жылғы №0197 бұйрыққа атқыштар бригадасының командирі майор А.Б.Смехов қол қойған.
Иә, бұл 1418 күнге созылған соғыстағы әкемнің қағаз бетіне түсіріліп тіркелген екі күндік қана ерлігі болса, ал аласапыран кезеңде оқ пен оттың ортасында жүріп, ұрыс даласындағы талай боздақтың жасаған көзсіз тірлігіне тек майдан даласы ғана куә.
Соғыста екі рет аяқ-қолдан ауыр жаралы болып, госпитальда ұзақ емделіп келген әкем: «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі», – деген осы шығар. Қаншама замандастарым қыршынынан қиылып, осындай бейбіт өмірді көрмей кетті ғой», – деп ерекше тебіреніспен айтушы еді.
Әкеміз соғыстағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалі, «Германияны жеңгені үшін» және тағы да басқа халық шаруашылығын көтерудегі адал еңбегі үшін «Тұтыну кооперациясының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, бұл ерліктің бастауы әріде десем артық болмас. Өйткені, әкеміздің әкесі Ыбырай атамыз төңірекке танымал молла, қасиетті адам болған. Өкінішке қарай, 1937 жылғы сталиндік репрессияның құрбаны болып, ату жазасына кесіледі. Мұрағатта сақталған құжаттарда дінді насихаттаушы молда, халыққа алашордашылардың пікірін, буржуазия өкілі алашордашы Мағжан Жұмабаевтың ұлтшылдық бағыттағы шығармаларын насихаттағаны үшін ату жазасына кесілсін деген сол кездегі үштіктің шығарған қорытынды үкімі сақталған.
Уақыт өте келе, нақақтан-нақақ, жазықсыз кеткен атамыздың ақталуын күткен әке арманы ақталып, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында орнатылған саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алу ескерткіш тақтасына аты ойылып жазылды. «Белдескеннің белін сындыр, тірескеннің тізесін бүктір», – деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, міне, тірескен соғысқұмар жаудың тізесін бүктіріп, асқақ арманымыз – Ұлы Жеңіске қол жеткізгенімізге де 71 жыл толып отыр. Біздің әкелеріміз жеңістеріне сенімді ыстық жүректері мен қайрат күштерінің арқасында ежелден еркіндік аңсаған халқымыздың өршіл рухын, қайтпас қайсарлығын, батырлығын әлемге паш етті. Осынау Ұлы мейрам қарсаңында, отты жылдарда жанқиярлық ерліктің жарқын үлгісін көрсетіп, ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған жан әкемізге иман байлығын берсін деп рухына тағзым етеміз.
Гүлмайра ЕСКЕНДІРҚЫЗЫ
КӨКШЕТАУ