Шығыс өңірінде Қазақстанның халық әртістері, ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Мерейтой аясында облыстық драма театрында «Тағдыры бір – екі жұлдыз» атты кеш өтті. Мерекелік концертке келген қонақтарды Шалқар Рысханов жетекшілік ететін «Алтай» қазақ халық аспаптары ансамблі күймен қарсы алса, кеш шымылдығын Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі (бас дирижері А.Галсанов) ашты. Концерт барысында ағайынды Абдуллиндердің репертуарындағы белгілі шығармалар орындалды. Мәселен, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілов «Абай» операсынан Абайдың ариясын, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач «Евгений Онегин» операсынан Онегиннің ариясын, Абай атындағы академиялық опера және балет театрының әншісі Нұржан Бажекенов Ленскийдің ариясын орындап, жұртшылық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, Абай, Жаяу Мұса, Ақан сері, Э.Канио, Э.Капуло, Г.Подэльский және тағы басқа композиторлардың шығармалары көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Аталған кешке арнайы келген Мүслім Абдуллиннің қызы мен ұлы Ғалия, Сағынай Абдуллиндер, Ришат Абдуллиннің немересі, белгілі әнші Карина Абдуллина да қатысып, көрермендерге әсем әндерін арнады.
Жалпы, Шығыс Қазақстан Абай, Шәкәрім сияқты талай-талай тума талантты туғызған, даланың өзіндей қоңыр үні күмбірлеген қос жұлдыз, ағайынды Абдуллиндерді де дүниеге әкелген киелі өлке! Өткен ғасырдың 1932-1933 жылдары елімізде тұңғыш рет ашылған музыкалық техникумның алғашқы тыңдаушыларының қатарында өнерге құштар жас таланттар Мүсілім мен Ришат та болды. Ән көгінің қос қарлығашы екі жылдан кейін Мәскеу мемлекеттік консерваториясына оқуға аттанған алғашқы топ құрамына қосылды. Ағалы-інілі әншілердің артистік қызметі 1938 жылы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрынан бастау алады.
«Абай» операсынан кейін «Евгений Онегиннің» қойылуында да бір нәзік байланыс бар. Қазақ көрермендерін Чайковскийдің ғажайып музыкасымен таныстырған спектакльде басты рөлдер Онегин мен Ленскийді Абуллиндер ойнаған болатын. Ағайынды әншілер бір-бірін өте жақсы түсінетін, сондықтан мұндай кереғар образдарды қызықты, шынайы, әрі табиғи бере білетін. Олардың әр жаңа рөлі замандастары тарапынан жұлдызды триумф ретінде бағаланды. Мүслімнің шеберлігін танытқан Ленскийдің ариясын кейін немере інісі, КСРО Халық әртісі Әлібек Дінішев те зор табыспен орындап, көрермен ықыласына бөленуі бекер емес. Бұл – ән қонған әулет. Әкелері Мүкім Абдуллин домбырада ойнаған. Оның сүйемелдеуімен бүкіл отбасы қосылып жиі ән айтатын-ды.
Бүгінде Өскемен қаласында ағайынды Абдуллиндердің есімімен аталатын өнер училищесі бар. Аталған оқу орнында ағайынды Абдуллиндердің өмір жолынан сыр шертетін музей ашылған. 2008 жылдан бастап өнер училищесінде үздік 10 оқушыға ағайынды Абдуллиндер атындағы шәкіртақы тағайындалып келеді. Вокалистер байқауының бас жүлдесін павлодарлық Лейла Қайыр иеленгенін айта кеткен ләзім.
– Адамның сезімі мен ішкі дүниесін әуелі сөз жеткізеді, сөз жеткізе алмағанды саз жеткізеді. Сондықтан, әйгілі әншілер Ришат пен Мүслім Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойы – Шығыс өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің қуанышы. Облыс орталығындағы қазіргі Жамбыл атындағы саябақтың аумағында бір кезде тұрғын үйлер болған екен. Сол үйде дүниеге келген қос жұлдыз бүкіл әлемге мәшһүр болып, еліміздің өнер саласын ілгерілетуге үлкен үлес қосты. Осы ретте облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тапсырмасы бойынша, ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойы аясында жыл соңына дейін түрлі мәдени іс-шаралар өткізу көзделген, – деген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесін күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 320 миллион теңге қаражат бөлінетінін жеткізді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН