Ауыл шаруашылығы ғылымының қай саласы да жермен байланысты, Жер-ананың адамзатқа берер құнарын, азығын зерттеп келеміз. Дүре тимеген жабайы табиғат болса, жердің құнары арта бермесе кемімес еді. Жер адамзаттың анасы ғой, бауырына жабысып еміп келеміз. Бірақ анасына мейірімді болып өскен баладай, оны күту керек, күтпесек, құнары қайдан болсын. Осыдан 60 жылдан аса уақыт бұрын Қазақстанның солтүстік аймақтарында тың және тыңайған жерлер игерілді. Жер айқыш-ұйқыш жыртылды, даланың аң-құсының ұясы бұзылды. Сол уақытты көрген көнекөздердің айтуынша, тың игерілген жылдары іні жыртылып кеткен суырлар трактордың үстіне шығып өріп жүреді екен. Даланы ен жайлаған дуадақ деген құстың бүгінде қарасы көрінбей кетті. Ең бастысы, 60 жыл уақыттың ішінде топырақ құрамындағы қара шіріктің үлесі 30 пайыздан астам азайып кетті, яғни жер азды, құнарсызданды деген сөз. Мұның себебі – агротехникалық шаралардың түбірінен бұзылуы болатын. Кеңес Одағы жылдарында бір алқапқа бір дақылды ғана еге бердік, ол үрдіс кейін де жалғасты. Оның үстіне жерді айыра жырттық. Бірақ ол жылдары ептеп агротехникалық шаралар қадағаланатын. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде шаруашылықтар егістік алқаптарға көң апарып төгетін, ал кейінгі жылдары жекеменшік шаруашылықтар үшін ондай шара қымбатқа түсетін болды. Жасыратыны жоқ, басым шаруашылықтар өзінің жалға алған алқаптарын күтпейді. Өйткені, оған қуатты техникалар мен қаржы керек. Шаруашылықтардың көпшілігінде ондай мүмкіндік болмады. Рас, мемлекет көмекті бермей жатқан жоқ, беріп-ақ жатыр. Мысалы, осыған дейін субсидияны бидайдың гектарына төледі. Онда диқандар әлденіп алсын, техникаларын дұрыстасын деген болуы керек. Жасыратыны жоқ, көптеген диқандар бұлай етпеді, субсидияның жеңілдігі арқасында тапқан табысын қымбат машина, балаларына қалалардан пәтер алуға, коттедждер тұрғызуға жұмсады. Ал алқапта бұрынғы жекешелендіріп алған ескі техникалары жұмыс істеді. Өйткені, жер олардың жекеменшігінде емес еді, алқаптың құнары кетсе, мемлекетке қайтып бере салатыны тағы бар. Диқандардың агротехникалық шараларды қаншалықты орындайтыны мемлекеттік органдар тарапынан қатаң бақыланбады. Міне, енді жер сатылып, оған жекеменшік үстемдік құрса, адамдар тарапынан оған көзқарас та өзгереді деп ойлаймын. Сонда да жерге агротехникалық шаралардың орындалып отыратынын қатаң бақылайтын белгілі бір өкілетті ұйым керек. Айтпақшы, Кеңес Одағы кезінде «агрохимия» деген мекеме болатын, олар топырақтың құрамын, құнарын анықтаушы еді. Қазір ол жоқ. Егер иесі жерге дұрыс қарамаса, оған жазалау шарасын қолдану керек. Мұндай тәжірибе озық елдерде бар. Шетелдерде жерді сатқанда, жалға бергенде алдымен құнарлылығын анықтайды. Сосын әр бес жылда қайтадан өлшеп отырады, егер осы уақыт ішінде жерді арамшөп басып, құнары түссе, топырақ құрамында азот, фосфор, калий секілді элементтер азайып кетсе, онда жердің иесіне айыппұл салынады. Осы дұрыс шара деп ойлаймын. Туған балаға қарамаған ата-ананы да құқынан айырып жатады ғой. Біздің басты байлығымыз осы жер емес пе?
Енді жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесіне келсек, расында, жерге салған қаржы он жылда қайтарым бере бермейді. Топырақтың құрамындағы қара шіріктің үлесін көбейтуге уақыт керек. Жүздеген гектар жерге тыңайтқыш себіледі, суармалы жер болса оған да жасалатын шаралар болады. Мұның барлығы да қаржы мен уақытты талап етеді. Сондықтан, жалға беру мерзімін 25 жылға созу осындай нақты себептерге байланысты болуы керек. Сондықтан, шетелдіктерге жалға берілген жерлердің құнарын белгілі мерзімдерде қатал бақылауға алып отырған дұрыс секілді. Осындай жұмыстардың механизмдері жасалуы тиіс. Егер шетелдік агротехникалық шараларды орындамаса, басқалай улы, адам ағзасына азықпен баратын қауіпті заттарды пайдаланатын болса, жерді ластаса одан жерді қайтарып алған жөн болар. Жалпы, елімізге жердің құнарын тексеріп отыратын беделді, білікті мекеме қажет. Шетелдіктен жердің бүлінбеуін, құнарының кемімеуін қатаң талап еткен жөн. Сонда ғана жерге қауіп төнбейді әрі ол дұрыс пайдаланылады.
Аманжол АХМЕТ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры
ҚОСТАНАЙ