Елордада Тұран-Астана университетінің қабырғасында «Еліміздегі ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді жекешелендіру: ерекшеліктері мен түсіндірме жүргізудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға еліміздің ауыл шаруашылығы саласының мамандары, экономикалық бағыттағы пәндердің ұстаздары мен сарапшылар, сондай-ақ, заңгерлер қатысты.
Жиын барысында Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен түзетулерден кейінгі көпшіліктің сансыз сауалы мен наразылығын тудырып отырған жағдайларға мамандар тарапынан орнықты жауаптар мен қажетті түсініктеме берілді. Бұл ретте бұқара халықтың санасында жер мәселесіне байланысты үлкен түсініспеушілік орнап отырғанын алға тартқан жер және экологиялық құқық бойынша халықаралық сарапшы, заңгер Бақытжан Базарбек былай дейді: «Жер кодексіне енгізіліп отырған өзгертулер мен толықтырулардың негізгі мақсаты – ауылшаруашылық жерлерін пайдаланушыларды қолдау болып табылады. Бұл ретте азаматтар мен мемлекеттік заңды тұлғаларды қолдау көзделген. Қазіргі уақытта қоғам арасында жаппай түсінбеушілік салдарынан туындап отырған даулардың дені еліміздегі көптеген азаматтардың заңды дұрыс ұғынбауынан болып отыр. Ал оның нәтижесінде бір ғана адам емес, бүкіл қоғам мемлекеттің жасап жатқан шараларын дұрыс түсінбеуде. Жер кодексіне еніп отырған негізгі өзгерістер ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдауға бағытталады».
Сарапшының айтуы бойынша, оларды қолдайтын тетіктер өте маңызды саналады. Осынау тетіктерді дұрыс әрі тиімді пайдалана білсек, еліміздің ауыл шаруашылығын жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік бар. Мысалы, кез келген жалға алушы ауылшаруашылық мақсатындағы жердің кадастрлық құнының 50 пайызын ғана төлеп, оны жекеменшікке аудара алады. Бұл құқық біздің азаматтарымызға, мемлекеттік заңды тұлғаларға беріледі. Ал бұрын ауылшаруашылық тауар өндірушілерде ондай мүмкіндік болған жоқ. Олар аукционнан жерді сатып алар болса, кадастрлық құнының толық 100 пайызын төлеуі қажет болатын. Өнімнің бітік шығуына қарап отырған шаруашылыққа толайым өнім болса болды, ал болмаса қуаңшылық кездерінде, шөлейтті жағдайлар мен климаттық факторлар орын алған уақытта өнім алынбай да қалады. Оның салдары қаражат тапшылығын тудырады. Сондықтан да осы мәселеде мемлекеттің көмегі жүйелі деуге негіз бар. Бұл ретте жердің кадастрлық құнының 50 пайызын ғана төлеп, қалғанын төлемеуге мүмкіндік жасалуда. Бұған дейінгі жер заңнамасында мұндай көмек болған жоқ.
Ал келесі өзгеріс – жердің нысаналы мақсатын өзгертуге қатысты болып отыр. Осы уақытқа дейін ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерде кейбір құрылыстарды жүргізу үшін азаматтар жердің нысаналы мақсатын өзгерту үшін көптеген қиындықтарға тап болатын. Қазіргі таңда жердің нысаналы мақсатын өзгерту тоқтатылды. Бұрын ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді мақсатсыз пайдаланғаны үшін азаматтарға мемлекет салықты он есе көтеретін. Ендігі кезде бұл тетік жер салығын көбейтуді жоққа шығарады. Осы өзгерістер мен толықтыруларды жүйелі түрде іске қосар болсақ, біріншіден, Ұлттық қорға қомақты қаражат түседі, екіншіден, жердің шынайы иесі пайда болады. Бұл ретте сарапшы осы уақытқа дейін жердің шынайы иесі болмағандығын алға тартты. Яғни, бұрын жер мемлекеттің меншігінде болып, бюджеттің қаражаты шектеулі болғандықтан оны игеруге мүмкіндік болмаған болса, бүгінгі таңда Жер кодексіне енгізілген өзгерістерден кейін оның өз иесі пайда болып, жерді күтіп-баптауға жағдайлар жасалады.
Ал жер дауын туындатып отырған кикілжің – жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға беру мәселесі тіпті де алаңдауға негіз еместігін алға тартқан сарапшы, кез келген шетелдіктің инвестор екендігін ескерсек, олар міндетті түрде біздің елге экономикалық тұрғыда пайда әкелетінін білу маңызды. Бұл ретте жерді шетелдіктерге 10 жылға жалға береміз дейтін болсақ, ешқандай инвестордың елге келмеуі ақиқат. Оған себеп – қомақты қаражат құйып отырған инвестор қажетті соманы 10 жыл ішінде жинай алмайды. Бұл әлемдік тәжірибеде көрініс тапқан, үлкен қаражат құя отырып, оны 10 жыл ішінде өндіріп алу еш жерде жоқ. Ол өте қысқа мерзім саналады. Сондықтан, мемлекет 25 жыл уақытты сайлады. Бұл тек жалға беру. Осы уақыт ішінде инвестор жерді пайдаланып, өнімін алған соң жерді қайтаруы тиіс. Және де көпшіліктің күдігіне ұласып отырған жерді бүлдіру немесе дұрыс пайдаланбау ісі де назардан тыс қалмайтынын ескеру керек. Жерді пайдалану шарттарының сақталуы қадағаланады.
Б.Базарбек шетелдіктерден әсте қорқудың қажеті жоқтығын, дегенмен, оларды қолдап немесе қорғаудан аулақ екенін жеткізді. Тек жағдайға шынайы қарап, елдегі бос жатқан жерлерді игеру қажеттігіне сенім білдірді.
Сонымен қатар, жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесінде олардың көптеп келуінен және жерді иемденіп алуынан қауіптенуге себеп жоқ. Себебі, еліміздегі ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің басым көпшілігі эрозияға бейім жерлер. Яғни, шетелдіктердің назарына ілігетіндей тартымды, не құнарлы емес. Сондықтан, олар елімізде қаптап кетпейді. Жер кодексіне енгізілген өзгерістер тек бір мақсатты көздейді – жердің иесі болу және бос жатқан жерлерді пайдаланып, одан өнім алу.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»