05 Мамыр, 2016

Тиімділікке бастайтын кооперация

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_0021«Былтыр 40 еді, биыл 60 болды». Кешегі облыстық дәс­түрлі агрокеңесте ауыл шаруашылығын кооперациялауға қатысты осындай дерек келтірілді. Үлгілілер қатарында «Мирас Жер» ЖШС аталып өтті. Біз іле-шала Зеренді ауданындағы осы шаруашылыққа келгенбіз. Көктемгі дала жұмыстары №33-1 алқаптан басталған екен. Бас агроном Жұмабек Исин «Нивасын» құйындатып діттеген жерге заматта жеткізді. Қаздай тізілген төрт агрегат бір ырғақпен сап түзеп келеді. Әңгіменің бәрін Жұмабек бастап отыр. Жымиып қоямыз. «Тракторларды кідіртіп, жұмысты тоқтатпаңыздаршы», дегені ғой. «Беларусына» 24 метрлік тыр­ма тіркеген алдыңғы агре­гат­тағы Сергей Лямин биыл диқандықтағы жиырмасыншы көктеміне кіріскен. Агрокарталық ерекшелікке және жұмыс жоспарына сай бұл жігіт ауысым сайын жоғары өнімділіктен түскен емес. Келесі қапталдағы әкелі-балалы Владимир мен Сергей Битнердің де екпіні қатты. Тәжірибелі механизатор Владимир жанымыздан өте беріп, қолын бұлғап, сәлемдесудің ишарасын жасады. Жүзіндегі жылылыққа қарағанда ылғал жабудағы ықыласы жоғары екендігі, көктем берекесінен үміт артатындығы байқалады. Алқапты айналып шыққанымызша Оразбай Салықов пен Болат Кокин басқарған америкалық «Штайгер» және «Магнум» тракторлары да келіп жетті. Бұлардың міндеті – германиялық кең алымды «Ленкен» диск-культиваторлармен тырмалаудан кейінгі жер өңдеу. Агрономның айтуынша, екі ауысымдағы жұмыс таяуда аяқталып, тұқым себіле бастайды. Яғни, шаруашылық биылғы көктемде 3200 гектарға дәнді дақылдар орналас­тыруды дер кезінде аяқтап шықпақ. Бүкіл алқаптың 20 пайызы тереңдетіп өңделген пар екен. Осы орайда, «Мирас Жер» былтыр әр гектардан 15 центнерден астық жинағанын, алдағы күздің берекесі одан кем түспейтінін айтқымыз келеді. Мамандардың дерегі оған берік негіз барлығын алға тартады. Жыл ерекшелігіне байланысты әр гектарға 125 кило тұқым себу жоспарланған. Бұл өлшемдегі тұқым қоры тазаланып, дәріленіп дайын тұр. Сондай-ақ, егіншілік мәдениетін көтеру ниетіндегі серіктестік облыстағы элиталы тұқым шаруашылықтарынан жоғары сұрыптағы қор жинақтапты. Түс ауа шаруашылықтың орталық қонысы Молодежный ауылына келдік. Бас агроном бірден машина-трактор паркіне бастады. «Мирас Жердің» директоры Нығмет Хасенов осында екен. Кеңседе отыратын уақыт емес. Әңгіме тетігі енді тарқатылды. Нығмет Тілегенұлына сапар мақсатына қатысты сұрақтарымызды қоя бастадық. – «ҚазАгро» холдингінің қанатқақты жобасы негізінде аймақтық ауылшаруашылық кооперациясына бірігуді жөн көрдік, – дейді ЖШС басшысы Н.Хасенов. – Оның өзіміз сайлаған үйлестіруші органы, бес адамнан тұратын бақылау кеңесі бар. Бұлардың барлығы айналасы екі-үш жылда саны 60-қа жеткен тауар өндірушілерге есепті. Барлық мәселе жалпы жиналыста шешіледі. Жұмыстың жариялылығы, ашықтығы, адалдық қағидаттары біздің мүддемізге сай келеді. Оның пайдалылығын екі жылдық тәжірибемізден көріп отырмыз. Директордың сөз ауанынан кешегі шаруаның бүгінгі сарапшы-менеджерге, уақыт ағымындағы агробизнес өкіліне айналғанын байқадық. Кооперация, ең алдымен, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне тиімді екендігі айтылды. Ұйым қатарына қатаң іріктеу тәртібімен мүше бола аласыз. Бұл үшін саладағы кемінде бес жылдық жемісті жұмысыңыз болуы керек. Бір жақсысы, ақша іздеп, банктерді жағаламайсыз, шетін мәселе саналып келген кепілзат табуға да алаңдамайсыз. Алтын уақытты зая кетірмей-ақ, «ҚазАгро» арқылы тиісті қаржыға қол жеткізуге болады. Бұл үшін, әрине, мониторинг жасалады. Мәселен, «Мирас Жер» өзінің 5 мың гектар жерінің әр гектарына 12 мың теңгеден есептеп 60 миллион теңге қаржыны Астана банкінен ала алады. Несие 7,41 жылдық пайызбен беріледі. Осы ретте, Нығмет Тілегенұлы өздері алған қаржыны мерзімінен бұрын өтеу есебінен пайыздық үстемені біршама төмендетіп отырғанын айтады. Тағы бір еске сала кететін жағдай, аймақтық ауылшаруашылық кооперациясының мүшесі тапсырыс берген несие қаржысының 10 пайызы көлемінде пайлық жарна төлейтіндігі. Бұл өзара сенімділікті әрі ұйым беделін нығайтады. Қоштасар сәтте бір шөкім бұлт үйіріліп, сіркіреп жаңбыр жауа бастады. Алакөңіл диқан аспанға қарайды... Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы, Зеренді ауданы