Жұртшылықпен жұмыс бабындағы жүздесулер
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко мен Мәжіліс депутаты Юрий Тимощенко Алматы облысының жұртшылығымен жүздесті.
Текелі қаласындағы славян этномәдени бірлестігі өкілдерімен, жастар қоғамдық кеңесі мүшелерімен, сондай-ақ, Көксу ауданындағы бірқатар этномәдени бірлестіктер өкілдерімен және жалпы халықпен Мәңгілік Ел тақырыбы аясында келелі әңгіме өрбіді.
* * *
Кеше Көкшетау қаласына Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржанов жұмыс сапарымен келді.
«Нұр Отан» партиясының партиялық тізімімен жоғары өкілеттік органға сайланған жерлесіміз кездесуді Абай Мырзахметов атындағы университеттен бастауы көңілге жылылық ұялатты. Өйткені, «Мәңгілік Елдің» жалауы болашақтың, еліміздің іргесін нықтайтын жастардың қолында екендігі белгілі.
Парламенттік деңгейдегі мәртебеге бұдан бұрын екі рет облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, өз міндетін адал атқару арқылы жоғары сенімге ие болған жас жігіт өз сөзін Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудың асқаралы міндеттерінен бастады. «Күні кеше үлкен рухани қуатпен аталып өткен Қазақстан халқының бірлігі күні біздің көпұлтты халқымыздың мерейлі мұраттар жолында берік топтасқандығын білдіреді, – деді Мәжіліс депутаты.
Мәжіліс депутаты келесі кезекте жерге қатысты әңгіме қозғады. Оның айтуынша, шетелдіктерге жер ешқашан сатылмайды. Біріккен кәсіпорындағыларға белгілікті мерзімге жалға беру бұрынғы кодексте де қарастырылған еді. Бұдан халқымыз зиян көріп отырған жоқ. Ендігі жерде шетелден инвестиция құйылған жағдайда ауыл тұрғындары қарсы бола қоймайды. Алдымен жер тозбайды, бастысы әлеуметтік жағдай көтерілетіні анық.
Депутатқа қойылған сұрақтар да салмақты болды деп ойлаймыз. Мәселен, жерді жалға беру мерзіміне қатысты мәселеге қаратып, ол еліміздің бас газетінде жарияланған ақмолалық Еңбек Ері Иван Сауэрдің пікірін ортаға салды. Жерді бұрынғыдай 10 жылға емес, 25 жылға беру тиімді. Жерді 3-5 жыл иеленген адамда береке болмайды. Ал қазба байлықтары жерлерін терең зерттеу-барлауға мүмкіндігі барлар кедергісіз пайдалана алады.
* * *
Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, Қазалы және Арал аудандарының жұртшылығымен кездесті.
Кездесу барысында, М.Бақтиярұлы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының аясындағы бес институттық реформаны іске асыру барысы туралы әңгімеледі. Сенатор жиналған тұрғындарды Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің мазмұнымен таныстырды.
Жұмыс сапарының бағдарламасы аясында Мұрат Бақтиярұлы Сырдария және Жалағаш аудандарындағы шараларға қатысатын болады.
* * *
Парламент Сенатының депутаттары Қайрат Ищанов пен Сәрсенбай Еңсегенов аймақтарға сапар аясында Атырау облысында болды.
Сенаторлар Махамбет ауданындағы Ақтоғай ауылы мен Индер ауданындағы Өрлік ауылында болып, аудан басшылығымен, аудандық мәслихат депутаттарымен және бірнеше шаруа қожалықтарының еңбеккерлерімен кездесті. Жүздесу барысында Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жөніндегі Сенаттың заң шығару жұмысы туралы таныстырылды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің маңызы туралы айтылды.
Депутаттар Атырау қаласы аймағындағы бекіре балығын өсіру зауытының ұжымымен кездесу барысында еліміздің 2016-2018 жылдарға арналған республика бюджетіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, балық шаруашылығын өркендетудің өзекті мәселелері туралы ойларын ортаға салды.
* * *
Парламент Сенатының депутаттары Асқат Күзеков, Манап Көбенов пен Владимир Бобров Павлодар облысында жұмыс бабындағы сапармен болды.
3 мамырда сенаторлар А. Күзеков пен М. Көбенов Баянауыл ауданында қоғам қайраткерлерімен, ақсақалдармен, әкімдік қызметкерлерімен және кәсіпорындар басшыларымен кездесу барысында Жер кодексіндегі өзгерістер туралы әңгімелеп, жер қатынастарына қатысты өзекті мәселелерді түсіндірді.
* * *
Сенатор Ольга Перепечина Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Водопроводный ауылындағы «Жанбай» және Новокаменка ауылындағы «Карасев және К» ЖШС еңбек ұжымдарымен кездесті.
Депутат кездесулерде «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның ережелерін түсіндірді. Кездесу барысында ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тиімді және жаңашылдықпен пайдалану, жер телімін пайдалану мақсатын алмастыру рәсімдерін оңайлату секілді мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды.
Сенатор еңбеккерлерге «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру аясында Парламенттің заң шығару жұмысы туралы да айтты.
Депутат, сондай-ақ, Ұлттық банктің Солтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің басшылығымен және аймақтық «Тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қорғау ассоциациясының» төрағасымен кездесті. Жүздесулер барысында «Коллекторлық қызмет туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коллекторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары, сондай-ақ Жер кодексінің негізгі ережелері сөз болды.
* * *
Парламент Сенатының депутаты Бектас Бекназаров Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, облыс судьяларының кеңесіне қатысты.
Шара барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының аясында сот-құқық жүйесін жаңғырту мәселелері талқыланды. Б.Бекназаров өз сөзінде реформалар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын, заңдарды сақтаудың және құқықтық тәртіпті нығайтудың қажеттігін атап өтті. Сенатор Парламенттің Ұлт Жоспары аясында жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексін және «Жоғары Сот Кеңесі туралы» заңды қабылдағаны, «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Азаматтық іс жүргізу кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілгенін хабарлады.
Б.Бекназаров, сондай-ақ, ішкі істер департаментінде және Жамбыл облыстық прокуратурасында өткен кездесулерге қатысты. Сенатор жұмыс сапары аясында Жуалы ауданының жұртшылығымен де кездеседі, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.