05 Мамыр, 2016

Алғыс арқалағандар

346 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
АлгысШығыс пен Батыстың дамыған елдерінің көбінде кеңінен тараған табысты бизнес философиясы деген түсінік бар. Оның мәнісі мынада екен: әрбір кәсіпкер өзінің табысының белгілі бір мөлшерін қайырымдылыққа қиюы керек. Сонда оның тасы өрге домалап, шаруасы шалқитын көрінеді. Ал біздің кейіпкеріміз кәсіпкер Әлия Садырбаева әріптесі Мұрат Әбеновпен бірігіп «Рақмет. Спасибо» қайырымдылық бекетін ашқанда, осы істен бір пайда көрейікші деп әсте ойламаған еді. Кеншілер астанасында бұлар жүзеге асырған бұл жоба біраз уақыттан бері жемісті жұмыс істеп тұр. Бұл жерде мұқтаж жандар тегін нан алады, қайырымды жандар әкеліп тапсырған  киім-кешек, басқа да ұсақ-түйек заттарға ие болып жатады. «Әуелі әлеуметтік желіде хабарлама жария­ладым. Сөйтіп, күн сайын 20 бөлке нанды тегін таратып тұрдым. Менің бұл ісімде ешқандай бөтен ой жоқ. Тек қана мұқтаж жандарға көмек қолын созсам деймін. Осы іске деп жұмсаған екі жарым мың теңгеден мен кедей болып қалмаймын. Мүмкін бұл нан кейбір жанның дастарқанындағы жалғыз ғана дәм болуы әбден мүмкін ғой», – дейді Мұрат. Қайырымдылық бекетіне келетін жандардың басым бөлігі зейнетақысы жетіңкіремейтін егде адамдар мен көп балалы аналар. Зейнеткерлер негізінен нан алады, ал жалғызбасты аналар балаларына деп киім-кешек қарастырады. Мұнда жиі бас сұғатын жанның бірі – Ләйлә Исмаилова. Жеті бірдей баласы бар жалғызбасты ананың жағдайы шынымен де қиын. Ойда жоқ жерден отағасынан айырылып, жесірліктің қамытын киген әйелді ауыр тұрмыс әбден қажытқан. «Рақмет. Спасибо» жобасы туралы естігенде ол өз құлағына өзі сенбепті. Сонда да барып, көзбен көрмекші болған. Келді. Көрді. «Рақмет. Спасибо» қайырымдылық бекетінде балаларға арналған нешеме түрлі киім-кешек, заттар мен бұйымдар бар екен. «Үлкен балаларым мектепте оқиды. Ең кішім – бір жаста. Өзім еден жуушы болып істеймін. Жасыратыны жоқ, еңбекақым бірде жетсе, бірде жетпей жатады. Өткен жолы қолыма жап-жаңа балалар арбашасы тиді. 15 мың теңгеден жоғары тұратын мұндай арбашаны мен ғұмыры сатып ала алмас едім. Бұл бекет мен сияқтылардың құтқарушысы», – деп сыр ақтарды Ләйлә. «Рақмет. Спасибо» қайырымдылық бекетіне күніне жиырмашақты адам келеді. Бос кетпейді. Әйтеуір, қолдарына бір затты ұстап қайтады. Әлбетте, олар Әлия мен Мұрат сынды жаны жомарт, қолы ашық қайырымды жандарға алғыстарын жаудырып кетеді.  Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ