Мына дүниенің тірегі – мейірім. Егерде адамдар бойынан мейірім мен ізгілік жойылар болса, онда жалғанда табан тірейтін ештеңе қалмайды. Барлық құндылықтардың қадірі кетеді. Ал мейірімнің үлкен-кішісі болмайды. Кісіге жақсы сөзіңізді арнасаңыз, құлап жатқанында қолтығынан демесеңіз, дұрыс жолды бағыттасаңыз, жетім-жесірдің маңдайынан сипап, көмек қолын созсаңыз, байлығыңыздан бөліп бермесеңіз де, қаржылай көмек қылсаңыз, осы секілді дүниелердің арғы жағында мейірім тұр. Адамгершілік тұр. Байлығыңызды бөліп бермесеңіз дегеннен шығады, өткенде Барлық Меңдіғалиев атты кәсіпкер өзінің 40 мың доллар қаржысын қарамағындағы 117 жұмысшысына теңдей бөліп берді деген ақпарат оқыдық. Оқыдық та, оның жігері мен ерлігіне таңғалдық. Дүние сұрланып тұрған мына заманда мұндай Атымтай жомарттың болуы, оның қазақ арасынан шығуы қайран қалдырды. Ерлік демеске лаж жоқ. Өйткені, мұндай қадамға екінің бірі бара алмайды.
Барлық Меңдіғалиевтей бол деп ешкімге ақыл айта алмаймыз. Бірақ Абай атамның «Болмасаң да ұқсап бақ» деген сөзін қаперге салғымыз келеді. Былтыр Қызылорда облысында бір ізгілікті шара басталды. Ол – «Жүрек жылуымен» деп аталады. Қайырымдылық акциясының аты айтып тұрғандай, бұл – мұқтаж, аз қамтылған отбасыларға ұлтжанды азаматтар, бизнес құрылымдары мен мемлекеттік, қоғамдық ұйым өкілдері, жомарт жұршылықтың көмек көрсетуі еді. Осы орайда, «Мейірім-Қызылорда» қоғамдық қорына бірінші болып облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі үлес қосқанын айта кету керек. Аталған шара аясында 7 миллион теңге жиналды. Жиналған қаржыға 1200 отбасына материалдық көмек көрсетілді. Жалпы, қайырымдылық акциясы барысында бірінші қажеттіліктегі азық-түлік және басқа да керекті заттар тиелген 22 автокөлік тұрмысы төмен отбасыларын аралап, таратып берді. Мұндай ауқымды қайырымдылық акциясы Сыр өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын да сөз арасына сыналай кетейік.
Сонымен акция бір күндік болып қана қалды ма? Жоқ. Игілікті шара биыл да өз жалғасын тапты. Әсіресе, аталған акцияға Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары белсене атсалысуда. Мәслихат хатшысы Роза Боханова әріптестерін «Жүрек жылуымен» акциясына қатысып, өз округтеріндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмектесуге шақырды. Солайша, қаладағы 19 сайлау округіндегі мұқтаж отбасылардың тізімі жасалып, депутаттар акцияны қолдауды бастап кетті. Бұл шараның бір реттік емес, жыл соңына дейін жалғасатынын айтқан абзал.
«Жүрек жылуымен» акциясына ең алдымен Әжібек Мампаев, Бақдәулет Ысқақов, Илларион Ли, Әнуар Нақып, Сәбит Пазылов, Талғат Мақашов, Нұрболат Ибраев, Жасұлан Жарасбаев секілді депутаттар белсене атсалысты. «Бір қолыңның бергенін, екінші қолың білмесін» деген тәмсіл бар. Халық сайлаған депутаттар жасаған жақсылығын, көрсеткен көмегін айдай әлемге жар салып айтып жатқан жоқ. Дегенмен, мұндай істен ел хабардар да болуы керек қой деп ойлаймыз. Шара барысында тұрмыста қажетті, ең бірінші тұтынатын азық-түлік жиналды. Ол қаладағы 16 отбасына таратылып берілді. Әр депутат үйлерді өзі аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, мұқтаждықтарын біліп, көмегін көрсетіп кетті. Қарапайым жұртшылық халық қалаулыларының өздеріне көңіл бөліп, мұң-арызын тыңдап, қолдан келгенше жәрдем еткеніне шын ниетімен алғысын айтты. Бұл да болса адамгершілік, мейірім атты қасиеттердің жоғалмағанынан, адамдардың бір-біріне болысу ниетінен туған шара дер едік.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА