Майор Айдар Гауһаров – Мәскеуде өткен халықаралық «Авиадартс-2015» әскери ойынына қатысқан қазақстандық үш ұшқыштың бірі. Ресей, Қытай, Қазақстан және Беларусь мемлекеттерінің таңдаулы ұшқыштары қатысқан халықаралық байқауда Айдар бастаған жігіттер Ресейден кейінгі екінші орынды иемденді.
– Айдар Төлегенұлы, екінші орын алды деген айтуға ғана оңай. Ресейдің әуе күштері әлемде ең үздіктердің қатарында. Қытайдың әскери техникаға мол қаржы салып жатқандығы белгілі. Осындай жағдайда біздің жігіттердің еңбегін қалай бағаласаң да жарасады. Жарыс қалай өтті, бір эпизодын айтып берші?
Үшінші санаттағы шабуылдаушы ұшақтың командирімен әңгімеміз осылай басталған.
– Расында, қатты толқыдық. Өзіміздің ұшағымызбен ұшып барғанбыз. Ал әуеден атқылайтын қару түрлеріне Ресей жағы көмектесті. Бір сәтін айт дедіңіз ғой, мәселен, мынадай тапсырма беріледі. Тоғай ішінде жаудың 3-4 танкі, ашық жерде ұшақтары бар. Тапсырма бойынша олардың жасырылған жерін дәл тауып, әуеден жойып жіберуің керек. Жоғарыда жүрсең атып түсіреді. Сондықтан, сағатына 500-600 шақырым жылдамдықпен 200 метрге дейін төмендеп ұшып, танк, ұшақтардың жасырылған жерін тауып шабуыл жасадық.
– Атып жүргендерің муляж танк, ұшақ па? Зеңбіректеріңнің снарядтары қандай?
– Шын танк, шын ұшақтар. Бірақ, ескі, қолданыстан алынған техникалар. Біз осы тапсырманы орындауда көзге түстік.
– Көңілдерің марқайған шығар?
– Әрине, қуанышқа кенелдік. Әлемдегі мықты державалардың алдында мықты шыққанымызға. Қазақстан байрағын көкте желбіреткеніміз марқайтты. Аллаға шүкіршілік қылдық. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа рахмет айттық. Өйткені, мемлекет авиацияға жеткілікті қаржы салмаса, құр өлермендік табысқа жеткізбейді. Техникаларымыз жаңарды. 2005 жылға дейін керосинмен ұшып келсек, қазір ұшақтарымыз жоғары сапалы бензин тұтынады.
– Қала балаларын қайдам, ауыл балаларының дені «Кім боласың?» – десең, ойланбастан «Ұшқыш боламын!» деп тақ етер еді. Өзің кім болуды армандап едің. Тұқымдарыңда әскери ұшқыш болды ма?
– Әкемнің әкесі Шабдан атамыз Екінші дүниежүзілік соғысқа ұшқыш болып қатысты. Ташкенттегі әуе училищесін бітірген десе-ді. Хабар-ошарсыз кетіпті.
8-сыныпқа дейін Шымкенттегі академик Ө.Жолдасбеков атындағы мектепте оқыдым. Одан кейін Астанадағы «Жас Ұлан» әскери мектебінде 11 жылдықты тәмамдадым. 2013 жылы Ақтөбедегі әуе қорғаныс күштері әскери институтын бітіріп ұшқыш-инженер мамандығын алып шықтым. Алматы, Балқаш қалаларында, кейін Шымкентте жұмыс жасап жатырмын. МиГ-29 ұшағымен ұшамын. Осының бәрі бала кезімдегі «ұшқыш боламын» деген арманымды орындағаным болар. Оның алдында Як-80, Л-29 ұшақтарын басқардым.
Біз – әскери адамбыз. Мемлекетіміз, халқымыз Отанын қорғайтын ұлым бар деп бізге сеніп отыр. Сол сенім бізге қанат бітіреді. Күндіз-түні әуе кезекшілігінде болып, ел тыныштығын қорғаймыз.
Майор Гауһаров осылай деген.
3-ші санаттағы ұшқыш, әуеде 380 сағат ұшу тәжірибесі бар, халықаралық «Мирное небо», «Взаимодействие», «Боевое содружество» және «Степной орел» сияқты әскери-жаттығу жиындарына қатысқан А.Гауһаров «Отан қорғау – ер жігіттің ісі» дегенді айтады.
Әңгімелескен
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы