05 Мамыр, 2016

«Елімнің қорғаны болуды көздедім»

302 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мухтар Урбисинов– дейді сержант Мұхтар ӨРБІСІНОВ Мұхтар Өрбісіновтің Қарулы Күштер қатарында қызмет еткеніне 4 жылға таяды. Бұл салаға өз еркімен келісімшарт негізінде қызмет етуге келіпті. Шені – сержант. Бөлімшеге жетекшілік етеді. Оның есімі өзі қызмет ететін әскери бөлімде ғана болмаса, жалпақ жұртқа жария емес еді. Дегенмен, биылғы жыл басындағы бір оқиғадан кейін оны танитындар көбейе түсті. Сол оқиға былай өрбіп еді. М.Өрбісінов әскери қызметінен оралған кешқұрым мезгілде сауда орнына кіреді. Супермаркетке бірі кіріп, енді бірі шығып жатқан жұрттың ештеңеге назар аударар шамасы да жоқ. Есіктен ішке беттеген сержанттың көзі еденде жатқан қызын құтқаруға ұмтылған ер адамға түседі. Оның әрекетінен жанталасуды байқаған ол танымаса да көмектесуге бел буады. Әлі де оң-солын танып үлгермеген бөбектің дене қызуы 40,5 градусқа көтеріліпті. Бәлкім, суық тиген болуы керек. Дене қызуының осын­шалықты көтерілуі бөбектің әп-сәтте есінен тана құлауына себепші болған. Барлық мән-жайға қаныққан М.Өрбісінов бірден «жедел жәр­демге» телефон шалып, сауда орнындағы ахуалды баяндайды. Дәрігерлер бригадасы келгенше, сауда орны жанындағы үйінен зайыбының шұғыл жетуін өтінеді. Өйткені, оның мамандығы – фельдшер, мұндай қиын сәтте бастапқы медициналық көмек көрсетудің жолын біледі. Сөйтіп, екеуі дәрігерлер келгенше бөбекке алғашқы ме­дициналық көмек көрсетуге кі­ріседі. Оның қол, ая­ғын ысқылап, дене қызуының төмендеуіне, осылайша, 1,5 жасар Мәдинаның ес жиюына қолұшын созады. Ерлі-зайыпты Мұхтар мен Са­мал Өрбісіновтердің қиындыққа тап болған жанға көмек берген адам­гершілік қасиеті сауда орнында болғандардың бәрін таңдандырады. Әсіресе, бөбектің әкесі Ерлан Дәу­летқалиев қас-қа­ғым сәтке созыл­ған сол қиын­дықты әсте ұмыта алмайды. «Қы­зым есінен танып құлағанда не істерімді білмей, әб­ден абдырадым да қалды. Жан-жағымдағы адамдардан «жедел жәрдем» шақыруын өтініп, көмек сұрадым. Олардың не ойлағанын білмедім, өзім мүлде танымайтын жас жігіттің көмекке келгенін көр­дім. Сол жігіт «жедел жәрдемді» де, өзінің әйелін де шақырды. Сол сәтте әйелін неге шақырғанын ойлап үлгермедім. Сөйтсем, оның Самал есімді жарының фельдшерлік ма­мандығы бар екен. Дәрігерлер келгенге дейін Мұхтар мен Самал­дың медициналық көмек берудің жолдарын білгеніне тәнті болдым», – дейді Е.Дәулетқалиев. «Жедел жәрдем» дәрігерлері де медициналық көмектің дұрыс жасалғанына оң бағасын беріпті. Дәрігерлер пікірінше, сырқаттың дене қызуы 40,5 градусқа көте­рілуінің зардабы ауыр болуы мүм­кін. Сондай сәтте көрсетілетін ал­ғашқы медициналық көмектің орасан зор пайдасы бар. Дегенмен, №5546 әскери бөлімінің сержанты М.Өр­бісінов өзінің бұл әрекетін қа­лыпты жағдай деп түсіндіреді. «Менің орнымда өзге адам болса да дәл солай әрекет еткен болар еді. Қиналған жанға қолұшын созу әркімнің азаматтық парызы ғой» деп жымияды. Бастапқыда Өрбісіновтердің, кейіннен дәрігерлердің кәсібилік тұрғысынан көрсеткен көмегінің нәтижесінде денсаулығы қал­пына келіп, қызының отбасына аман оралғанына қуанған Е.Дәу­летқалиев әскери бөлім бас­шы­лығына бол­ған жайды баяндап, хат жолдауды ұмытпапты. Ол өз хатында әскери қызметкер М.Өр­бісіновтің азаматтық, нағыз әске­рилерге тән шұғыл шешім қа­былдай алатын жеделдігіне ри­зашылығын біл­діріпті. Бұл хатты №5546 әскери бөлімінің командирі Бегайдар Күр­­тібаев жұмыс үсте­лінің тартпасында қалдырмай, жұртшылыққа жария етті. Алдымен, әскери бө­лім құрамының алдында оқып, келі­сімшарт негізінде қызмет ат­қаратын сержант М.Өрбісіновті үлгі етті. Сонан соң бұл хатты Ұлт­тық гвардияның «Батыс» өңір­лік қол­бас­шылығына жолдап, Мұхтар Өрбісіновті марапаттауға ұсыныс жасады. Ұлттық гвардияның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қол­бас­шысы, генерал-майор Қ.Ақ­та­новтың бұйрығымен келісім­шарт қызметінің сержанты М.Өрбісінов «Қоғамдық тәртіпті қорғағаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Төсбелгіні арнайы өткізілген салтанатты шарада №5546 әскери бөлімі командирінің міндетін ат­қарушы Е.Юдин тапсырды. Сол сәтте Мұхтар үшін әскери бөлім тү­гелімен қуанды. Бәрі де оны мақтан тұтып тұрды. – Бала кезімнен әскери қыз­меткер болу арманым еді. Бірақ, бастапқыда еңбек жолымды Ота­нымыздың Қарулы Күштері қа­тарында бастаудың сәті болмады. Қай салада жұмыс жасасам да бәрібір аңсарым әскери қызметкер болуға ауды да тұрды. Өйткені, мен өзімнің тәуелсіз Отанымның қорғаны болғым келді. Бұдан 4 жылдай бұрын әскери бөлімге келісімшартпен қызметке алынып, әскери киім киген сәтте ерекше қуандым. Бұл – ме­нің бала күннен ойымда жүрген арманымның іске аса бастауы. Қа­зір әскери қызметімді абыройлы ат­қаруға тырысып жүрмін, – дейді сержант Мұхтар Өрбісінов. Иә, бейбіт күнде де Отанды қорғайтын М.Өрбісіновтей өз ісін сүйген, қиналған жанға қолұшын созуға даяр тұратын отаншыл азаматтар барда ел әскерилерінің абыройы да биік, мәртебесі жоғары бола түседі. Күнделікті күйбең тірліктің илеуінде жүрген қарапайым ха­лық­тың да сенімі арта береді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ