05 Мамыр, 2016

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығы  №362 

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
2015 жылғы 26 қараша, Астана қаласы Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясын құру қағидаларын бекiту туралы «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 35-2) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясын құру қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күн ішінде елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данадағы көшірмесін қоса бере отырып, электрондық тасығышта осы бұйрықтың көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды; 3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналасуын; 4) осы тармақта көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді осы іс-шаралар орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін. 4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Министр А.МҰХАМЕДИҰЛЫ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 26 қарашадағы №362 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясын құру қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясын құру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) құрылу тәртібін анықтайды. 2. Комиссия музей қорларын қалыптастыру үшін мәдени құндылықтарды сатып алу және іріктеу мәселелерін қарау мақсатында құрылады. 3. Комиссия өз қызметін «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы, 35-2) тармақшасына, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады. 2. Комиссияның құрылу тәртібі 4. Комиссия мемлекеттік музей жанынан мәдени құндылықтарды сатып алу және іріктеу мәселелерін қарау кезеңінде құрылады. Комиссияның құрамы мемлекеттік музей директорының бұйрығымен бекітіледі. 5. Комиссияның құрамына төрағаны, мемлекеттік музейлердің құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері мен қызметкерлерін қоса есептегенде бестен кем емес мүше кіреді. Мәдени құндылықтарды сатып алу және іріктеуге археология, этнография, нумизматика, тарих, өнертану, реставрация және тағы басқа салалар бойынша сараптамалық бағалау қажет болған жағдайда Комиссияға қатысу үшін тиісті мамандар шақыртылады. 6. Комиссияның төрағасы мемлекеттік музейдің музей құндылықтарын есепке алу және сақтау бағыты бойынша жетекшілік ететін директордың орынбасары немесе бас қор сақтаушысы болып табылады. 7. Комиссияның хатшысы музей құндылықтарын есепке алу және сақтау бағыты бойынша құрылымдық бөлімшелердің бірінің қызметкері болып табылады. 8. Комиссияның шешімі ұсыныс сипатындағы хаттамамен ресімделеді. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 22 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №12466 болып енгізілді.