25 Қаңтар, 2011

Заңдылығы айқындалды

462 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Парламент қабылдаған заңның Конституцияға сәйкестігін қарау туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өтінішін Конституциялық Кеңес Ата Заңның 72-бабы 2-тармағы 1-тармақшасының және Конституциялық Кеңес жөніндегі Конституциялық заңның 22 және 25-баптарына сүйене отырып өндіріске қабылдаған болатын. Соған орай мемлекеттік органдардың өкілдері арасынан конституциялық өндірісті жүргізуге қатысушылар тобы белгіленіп, Парламент қабылдаған заңның Конституцияға сәйкестігін қарау жұмысы басталған еді. Кеше Конституциялық Кеңес осы мемлекеттік органдардың, атап айтқанда, Парламент Се­на­ты мен Мәжіліс депутаттары, Үкі­мет мүшелері, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Сыртқы істер министрлігі, Орталық сайлау ко­ми­с­сия­сы, Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен тәуел­сіз сарапшылардың пікірлерін тың­дады. Отырысқа төр­аға­лық етуші И.Рогов әуелі консти­ту­ция­лық өндірістің мүшелеріне олар­дың Конституциялық заңның 21-бабында айқындалған құқық­тары мен міндеттерін атап өтті. Олар өздерінің уәкілеттілік шең­берінде барлығына бірдей про­цессуалдық құқықтарға ие. Сон­дықтан конституциялық өндіріс­тің мүшелері өндіріс құжат­тары­мен танысуға, дәлелдер келтіруге, оны зерттеуге атсалысуға, өз­дерінің пікірлерін шынайы то­лық­тай жеткізуге, ұсыныс түсі­ру­ге, жазбаша немесе ауызша Конс­титуциялық Кеңеске заңды тү­сіндірме беруге құқылы. Бұдан кейін төраға сөз кезегін Конституциялық Кеңестің мүше­сі Виктор Малиновскийге берді. Ол аталған мәселені Кеңестің қа­рау себебі мен оның мазмұнын түсіндіріп өтті. Үстіміздегі жыл­дың 14 қаңтарында Консти­ту­ция­лық Кеңеске Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтан Қазақстан Рес­публикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңның Консти­туцияға сәйкестігін тексеру ту­ралы өтініші келіп түскен еді, деді В.Малиновский. Парламент 2011 жылдың 14 қаңтарындағы бірлескен отырысында республика халқының пікірін қолдап, Қа­зақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Н. Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту мерзімін көздейтін Консти­ту­цияға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын талқылап, қабылдады. Ол заң Президент қарауына жіберілді. Жоғарыда айтылған өті­нішті өндіріске алып, қарау бары­сында еліміздің және бірқатар шет­елдің конституциялық заңна­ма­лары аталған заңды қолдану барысы бойынша терең зерттелген. Сөйтіп, өн­дірістің қатысу­шы­ларының көме­гі­мен көптеген құжаттар жан-жақ­ты тексерілген және олардың заңға қайшы келмейтіндігі қа­ралған. Сонымен, Ата Заңға өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу жөнін­дегі Парламент қабыл­да­ған заң­ның Конституцияға сәй­кес келетіндігі туралы мемлекеттік орган­дар­дың, Парламент Сенаты мен Мә­жілі­сінің, Әді­лет, Сыртқы істер ми­нистр­лік­терінің, Жо­ғар­ғы Сот, Ор­та­лық сайлау ко­миссиясының, Адам құқықтары жөніндегі уә­кіл, үкі­меттік емес ұйымдардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар және түрлі жоо-ның ғалымдары баяндама жасап, нақты дәлелдер келтіріп, Конституцияға және басқа заңдарға сүйеніп тұжырым жаса­ды. Ең соңында олардың келтірген дәлел­дерінің заңдылығын са­ралаған Бас прокурордың орын­басары Асхат Дауылбаев бұл ай­тылған мәлімет­тердің бірде-бірі заңға қайшы еместігін айтып берді. Сөйтіп Конституциялық Ке­ңес конституциялық өндіріс мүше­лері­нің әрбіреуінің пікірін, дәле­лін, ұсынысын мұқият тыңдап Ата Заңға өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу жө­нін­дегі Парламент қабылдаған заңның Конс­титу­цияға сәйкес келетіндігі ту­ралы өтінішті қа­рап, нақты шешім шығаруға мол мәлімет жиналғандығын баян етті. Алайда, Конс­ти­ту­циялық Кеңестің мүшесі Ілияс Бақтыбаевтың осы жи­нал­ған мол мәліметті терең қо­рытып, айқын да нақты тұ­жырым жасау үшін әлі де уақыт керек деген ұсынысы бойынша Консти­ту­циялық Кеңес аталған мәселе жөнінде өз шешімін жа­рия­лауды кейінге қалдырды. Александр ТАСБОЛАТОВ.