ПЕТРОПАВЛ. 5 мамыр. Облыс орталығында жаңа коррекциялық орталық ашылып, оның құрамында психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті және психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес жұмыс істей бастады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аталған орталыққа облыс әкімі Ерік Сұлтанов барып, материалдық-техникалық базаның жабдықталуымен танысты. Бүлдіршіндердің ата-аналарымен әңгімелесті.
«Мұнда балалардың медициналық, психологиялық-педагогикалық көмек алуына барлық жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан балалардың тәрбиесіне көп көңіл бөлініп отыр», – деді аймақ басшысы.
Былтыр облыс әкімінің жеке қабылдауында болған ата-аналар ерекше білім беру оталығының құрылуына ықпал жасауын өтінген еді. Енді балалардың тәрбиесімен логопед, психолог, сурдопедагог, әлеуметтік ұстаз, олигофренопедагог, тифлопедагог, невропатолог, психиатр, сурдолог шұғылданатын болады.
Бүгінде өңірде 13 психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті жұмыс істейді.
Өмір Есқали.
Дерек, фото: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.