Табысты даму негізі
Біз Мемлекет басшысының сөзін зор қанағат сезімімен құп алдық және қоғамымыз өміріндегі барлық салаларға қатысты аса маңызды институттық жаңғыртуларды әрі қарай тиімді жүзеге асыруға бағытталған барлық қабылданған шешімдерді толық қолдайтынымызды білдіреміз. Мемлекет басшысының мемлекеттік органдар тарапынан жұртшылықпен әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша ашық және конструктивті үнқатысу қалыптастыру жөніндегі шешімдердің маңыздылығын ерекше атап көрсеткіміз келеді. Осыған орай Президент Үкіметке қоғамдық институттармен бірлесіп, жер қатынастары саласындағы заң нормаларын жан-жақты саралауға және Парламентке нақты ұсыныстар енгізуге тапсырма берді. Біз Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімі қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті қазіргіден де бекемдей түсетініне сенімдіміз. Қазақстан ардагерлерінің кеңесіЕлбасы ұйғарымы – оң шешім
Қазақстанның Азаматтық альянсы Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 5 мамырында өткен Үкіметтің жұмыс кеңесі барысында қабылдаған шешіміне қолдау білдіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі – бұл қоғамда талқыланып жатқан барлық сұраққа жауап. Олардың арасында аса маңыздысы Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы реформалар болып табылады. Біздер, азаматтық қоғам өкілдері мен Қазақстанның барлық прогрессивті қоғам қайраткерлері экономиканы әрі қарай нығайту мен Отанымызды әлеуметтік-саяси тұрғыдан табысты дамытуға өздерінің сүбелі үлестерін қосатынына сенімдіміз. Біз Мемлекет басшысының Үкімет жанынан комиссия құру туралы шешімін толықтай қолдаймыз. Сарапшылық және ғылыми қоғамдастықты, сондай-ақ, ҮЕҰ өкілдерін оның жұмысына белсенді қатысуға шақырамыз. «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігіБірлесе шешсек ұтылмаймыз
Біз, Қазақстан кәсіподақтары федерациясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жер кодексінің жекелеген жаңа нормаларының әрекет етуіне мораторий енгізуді жариялауын көтеріңкі көңілмен қабылдадық. Қазақстан кәсіподақтары федерациясы Мемлекет басшысы құруды тапсырған Үкімет жанындағы комиссияға жан-жақты көмек көрсетуге дайын. Біз бірліктің біздің барлық жетістіктеріміздің негізі екенін есте сақтауға тиіспіз. Қазақстандықтар әркезде де бүкіл қоғамның мүдделерін қамтитын маңызды мәселелерді бірлескен үнқатысу жолымен шешіп келеді. Біз комиссияның сындарлы үнқатысуы жолымен аграрлық сектордың дамуын және Қазақстан халқы әл-ауқатының жақсаруын ынталандыруға жағдай жасайтын нақты шаралар қабылданады деп есептейміз. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қоғамда татулық пен тұрақтылықты нығайту – әрбір азаматтың, бүкіл қоғамдық ұйымдардың, барлық қазақстандықтардың ісі. Қазақстан кәсіподақтары ФедерациясыТабысты болашақ кепілі
Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жер кодексінің жекелеген нормаларына мораторий енгізу туралы шешімін ел азаматтары жылы қабылдады. Мемлекет басшысы ең бір дұрыс шешім қабылдап отыр. Ендігі жерде қоғам өз үлесін қосып, жер қатынастары саласындағы көкейкесті мәселелерді түсіндіруге және талқылауға белсенді атсалысуы тиіс. Президенттің тапсырмасымен жаңа үнқатысу алаңы – Үкімет жанындағы комиссия құрылады, оның жұмысы бүкіл қоғам мүдделерін ескере отырып, жер заңнамасын жетілдіруге бағытталмақ. Бүкіл қоғамдық ұйымдар, бастамашыл топтар және қарапайым азаматтар жер мәселесі бойынша бірегей көзқарас қалыптастыруға өз үлестерін қосуы тиіс деп есептейміз. «Генералдар кеңесі» РҚБТәртіп енгізу керек
«Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту үшін коалициясы Мемлекет басшысының Жер кодексінің нормаларының әрекет етуіне мораторий жариялау туралы шешіміне толық қолдау білдіреді. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет жанынан құрылған комиссия және өкілеттіктерді салалық министрліктер арасында қайта бөлу ауылшаруашылық жерлерін пайдалану мәселелерінде тәртіп енгізуге жағдай жасайтын болады. Комиссия жұмысына қоғамдық институттардың атсалысуы айрықша маңызды. Біз қоғамның Президент төңірегінде топтасуы мен Мемлекет басшысының бастамаларына жаппай қолдау көрсету Қазақстанның одан әрі алға басуын қамтамасыз ететініне сенімдіміз. Президент ұсынған қадамдар мемлекеттік органдар мен азаматтар арасында ашық үнқатысу орнатуға қызмет етеді деп есептейміз. «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту үшін коалициясыЫрғақты өсуді көксейді
Мемлекет басшысы жұмыс кеңесінде еліміздің қазіргі заманғы дамуының көкейкесті мәселелеріне назар аударды. Басты тезис – ол Қазақстан экономикасының ырғақты өсуін, соның ішінде отандық ауыл шаруашылығының тиімді дамуын қамтамасыз ету жөнінде мүмкін деген шаралардың бәрін қабылдау. Жер кодексінің қоғамдық пікір туындатқан жекелеген нормаларына мораторий жариялау – ол мемлекет пен қоғам мүдделерінің бірлігін ашық бейнелейтін ел Президентінің көреген қадамы. Үстіміздегі жылдың соңына дейін бүкіл қазақстандықтардың қатысуымен заңнаманы жетілдіру бойынша барлық шаралардың қабылданатыны аса маңызды. Және бұл жұмысқа орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары мен бүкіл азаматтық қоғам тартылатын болады. Біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің нақты істерімен және шешімдерімен біздің елімізді прогресс пен болашақ ұрпақтың игілігі үшін өркендеу жолымен алға бастай беретініне сенімдіміз. «Республикалық әйелдер кеңесі» ҚББірлігі жарасқан ел ұтар
Әлемді шарпыған күрделі сәтте тек бірлігіне бекем, бейбіт өмірдің қадірін білетін елдер ғана тыныштығын сақтап қала алады. Татулықты ту еткен Қазақстан – сондай мемлекет. Президентіміздің сарабдал саясаткер, мықты стратег, көреген көшбасшы екеніне бүгінгі Үкімет жиналысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Жер – қазақ халқының маңдайына біткен асыл қазынасы. Елбасы Жер кодексінің қоғамдық талқылаулар тудырған бірқатар нормаларын күшіне енгізуге 2016 жылдың аяғына дейін мораторий жариялады. Сонымен қатар, Үкімет жанынан билік пен халық арасында сұхбаттасу алаңы болатын комиссия құруды тапсырды. Бұл – өте орынды және уақтылы шешім. Өйткені, үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысуы Қазақстанда қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етеді. Біз, Бас редакторлар клубының мүшелері, Елбасының шешімі мен бастамаларын толық қолдаймыз және халық та оны зор ықыласпен қабыл алатынына сенеміз. Бас редакторлар клубыҰтымдылығы талас туғызбайды
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының Жер кодексінің нормаларына жарияланған мораторий туралы шешімін толығымен қолдайды. Бұл шешім жер мәселесін жан-жақты талқылап, халық үшін де, ел экономикасы үшін де ұтымды тұсын анықтауға мүмкіндік берері сөзсіз. Қазақстан кәсіпкерлері өздері тарапынан осы мәселе бойынша Үкімет жанынан арнайы құрылған комиссияға ұсыныс жасап, көмек көрсетуге дайын. Мемлекет басшысы жер мәселесінде әрбір қазақстандықтың пікірі маңызды екенін және халықты алаңдатқан әрбір мәселе шешімсіз қалмайтынын атап өтті. Біз, барлық қазақстандықтар Елбасының шешімін 100 пайыз құптайтынына сенімдіміз. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер ПалатасыЖұртшылық жаппай қолдайды
Жер заңнамасының жекелеген нормаларына мораторий енгізу туралы мәселе – ойластырылған және уақтылы шара. Мемлекет басшысы барша қазақстандық қолдаған маңызды шешім қабылдады. Президент Үкімет қабылдап жатқан барлық шешімдер мен енгізіліп жатқан жаңалықтар азаматтар пікірін ескере отырып ашық талқылануы тиіс екенін ерекше атап көрсетті. Үкімет жанынан құрылатын комиссия жер заңнамасы мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырып, оңтайлы, сараланған және ең бастысы, бүкіл қоғамның мүддесіне жауап беретін шешім қабылдайтынына сенімдіміз. «Ұлттық еріктілер жеңісі» заңды тұлғалар бірлестігіӘр қазақстандықтың мүддесі жолында
Мемлекет басшысының жұмыс кеңесіндегі сөзі – бұл нақты тапсырма және іс-қимылға нұсқаулық. Онда әр қазақстандықтың мүддесі көрініс тапқан. Біз Елбасының Жер заңнамасының жекелеген нормаларына мораторий енгізу туралы шешімін бірауыздан қолдаймыз. Бұл нормалар бүкіл қоғамның мүддесін қозғайды, сондықтан, ашық та байыпты талқылауды талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жанынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың төрағалығымен комиссия құрылатын болады. Ол жұртшылықпен бірлесіп, жер заңнамасын сараптаудан өткізеді және өзінің ұсыныстарын Парламентке енгізеді. Біз, «Астана-Бәйтерек» әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері барша Қазақстан қоғамын сындарлы талқылауларға белсене қатысуға шақырамыз. «Астана-Бәйтерек» әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігіТиімді пайдаланып жүрміз бе?
«Эреке» фермерлік шаруа қожалығы 2009 жылы құрылған. Шаруа қожалығының есебінде 1567 гектар, оның ішінде 488 гектар егістік, 120 гектар көпжылдық екпелер, 3 гектар шабындық, 925 гектар жайылымдық жер учаскелері тіркелген. 20 адам жұмыс жасайды, орташа еңбек жалақылары 50 000 теңгені құрайды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев еліміздегі реформаларды жүзеге асырудың жолдарын белгілейтін «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын жариялады. Соның 35-қадамында ауылшаруашылық жерлерін тиіaді пайдалану мақсаты қарастырылған. Осы аталған қадамдағы ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану дегеніміз – әр шаруа қожалығы иелері жерлерін өз мақсатына сай пайдалану екені анық. Жер-Ана ешуақытта бос жатпай, ауыспалы егіс сақталуы тиіс. Мемлекет меншігіндегі жерді өз иелігіне алған шаруалар жерге басқа көзқараспен қарайды. Яғни, жер өзінікі болғандықтан оны ұтымды пайдалануға тырысады. Бұл мәселені де ойласу қажет. Ұзын сөздің қысқасы, жер құр жатпай пайдаланылуы керек. Сонда ғана біз елімізді азық-түлікпен толық қамтамасыз етеміз. Сондықтан, Елбасы жариялаған мораторийді пайдаланып осы мәселені байыппен шешіп алғанымыз абзал. Нұржан ТАСХОЖАЕВ, «Эреке» фермерлік шаруа қожалығының басшысы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданыКеңесіп пішкен тон келте болмайды
Соңғы кездері жер мәселесіне қатысты алыпқашты әңгімеге жел беріп, орынсыз алаңдаушылық туғызып жүргендер бар. Бұған жерді жалға беруге байланысты түсінік жұмыстарының кештеу қолға алынуы да себеп болды. Қазақ үшін жер мәселесі өте өзекті. Сондықтан, бұған асқан жауапкершілікпен келу керек, оны әңгіме өзегіне айналдырғанда аса сақтықпен қараған жөн. Әйтпесе, халықтың намысын қозғап, қатерлі қадамға бастауы мүмкін. Сол себепті де, жер мәселесін ушықтыруға болмайды. Ал бұған елімізде еш негіз жоқ екенін көзіміз көріп, көңіліміз сезіп отыр. Елбасының жерімізді көздің қарашығындай сақтаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Еліміздің шекарасын белгілеп бекітуде қаншама жұмыстар атқарылды. «Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын ресімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», деп атап өтті Президент. Ал сегіз жыл уақыт дегенің айтуға ғана оңай. Осыншама уақытта қаншама күш-жігер жұмсалды, қаншама тер төгілді. Осындай ұлан-ғайыр жеріміздің шекарасын бекітіп алған Елбасы Н.Назарбаевтың жер мәселесіне айрықша мән беретінін осыдан-ақ аңғаруға болады. Шындығында, кешегі жаппай жекешелендіру кезінде үлеске тиген жерлердің көбі қурай басып, иесіз жатқанын білеміз. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нақты иесі болса, мал бағып, егін салып, саланы өркендетуге алғышарт жасар еді. Құлазыған қу медиен даладан кімге не пайда бар? Бір сөзбен айтқанда, қазір орынсыз дау-дамайдан гөрі орнықты ойлар мен ұтымды ұсыныстарды басшылыққа алған тиімді. Осы жайттарды ескергендіктен де Президент жер заңнамасының бірқатар баптарына мораторий жариялап отыр. Олай болса, осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ұсыныс-пікірлерімізді білдіруіміз керек. Кеңес БІРМАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақтөбе облысыӨзіміздікін өзіміз күтуіміз керек
Жер – байлығымыз, халықтық байлық. Жер мәселесіне елдің бейжай қарай алмайтыны сондықтан. Мен ауыл шаруашылығы саласы маманы болғандықтан, көп жылдар жер мен елге қызмет жасадым. Сол себепті, мұндай мәселелер мені де айналып өтпейді. Бұл жөнінде баспасөзде жарыса жазып жатыр. Өкінішке қарай, халықтың бәрін саяси жағынан және заң тұрғысынан сауатты дей алмаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлының Жер заңнамасының кейбір баптарына мораторий жариялай отырып, оны кең ауқымда талқылау қажет деуінің мәні осында деп білемін. Маңғыстау облысында жер көп. Бірақ, оның көпшілігі пайдаланылып жатқан жоқ. Бұрынғы кеңшарларға тиісті жерлер олар тарап кеткеннен кейін өз алдына қалып қойды, бос жатыр. Олардың бәрі суармалы жер емес, көпшілігі жайылымдар. Ол жерлерде бұрынғы мал суаратын су көзі жоқ. Сондықтан да, халық пайдалана алмай отыр. Соны көргенде кейде осы жерлердің иесі болса ғой деп жанымыз ашитын кездер де болады. Соңғы кезде тамшылатып суару арқылы пайдаланып жүрген азғантай жерлер бар. Маңғыстауда тұщы су тапшылығы бар. Осыған дейін тұщы су емес, ащылығы да бар сулармен де жер суарылып, ол жерлерді 1-2 жыл пайдаланғаннан кейін тастап кетіп, жердің тозған жағдайларын мен көріп жүрмін. Себебі, оларда дренаж жоқ, басқа да жағдайлар жасалмаған. Жер сорланып, ақ топырақ болып, өз-өзінен тозып барады. Мұндай жағдайда да жерге қамқорлық керек. Сондықтан, біз жерді сату, не сатпау жайын қарастырғанда, алдымен қайткенде жеріміз тозбайды, оны қалай тиімді пайдалануға болады деген сауалдарға жауап іздегеніміз жөн. Мысалы, Маңғыстаудың жылдық жауын мөлшері биылды есептемегенде 150-200 мм-ден аспайды. Бұл жерде құнарлы шөп бірде шықса, бірде шықпайды. Оны пайдаланудың өзі де қиын. Міне, осындай жағдайларды ескере отырып, жеке суармалы жерлерді пайдаланып отырған кісілерге жекеге беруге болады деп есептеймін. Ал басқа жайылымдарды аукционмен ала да қоймайды, себебі, ол біздің жағдайымызға келмейді. Екінші мәселе, жер сатыла қалған жағдайда, жер астындағы байлық туралы мәселе ойластырылуы керек. Ертеңгі күні сатылған жердің астынан қазба байлық шығатын болса, қожайындыққа таласу жарамайды. Жер астының байлығы мемлекеттікі болып қалуы керек. Оңаш ЕПЕНОВ, Баянды ауылының тұрғыны, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Маңғыстау облысы