06 Мамыр, 2016

Ірі қараға індет тиді

338 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
КороваБұл оқиға Әлия ауылында орын алды. Ауыл тұрғындары ірі қараларының белгісіз ауруға шалдыққандарын аңғарады. Малдың қызуы көтеріліп, ауыздарынан сілекей шұбырады. Бастапқыда көңіл бөлмегендерімен, кейін екі ірі қараның бірі осылай ауыра бастаған соң, облыс орталығынан мамандарды шақыртқан. Олар ірі қараның немен ауыратынын анықтау үшін сынама алған. Әзірге мамандар мал пастереллезбен ауырған деп күдіктенуде. Тұрғындардың екі күннің ішінде үш жүз бас ірі қарасы пышаққа ілінген. Ауылдықтардың көбінің қорасы босап қалды десе де болғандай. Ауру малдың өлексесі елді мекеннен бірнеше шақырым жердегі мал моласына жеткізіліп, хлормен залалсыздандырылып көмілуде. Қазір малдың қандай ауруға шалдыққаны анықталып жатыр. Зертханалық қорытындылар аптаның аяғына дайын болады, дейді білетіндер. Ақтөбе облысы ветеринарларының айтуынша, ірі қара екі инфекциямен – пастереллезбен және листериозбен ауруы мүмкін. Малдың органдары геморрогиялық зақымданғаны байқалады, аусыл ма деген қауіп бар. Қыстан шыққан мал әлсіз, иммунитеті төмен. Қазір малы пышаққа ілінгендерге килосына 900 теңгеден өтемақы төленген. Әзірге мал ауруы тұрғындарға қауіпті ме, белгісіз. Егер жағдай күрделілене түссе, ауылдың карантинге жабылуы мүмкін. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы, Қобда ауданы