06 Мамыр, 2016

Ұлттық экономика министрі болып Қуандық Бишімбаев тағайындалды

774 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
06-05-2016-Bishymbayev 01АСТАНА. 6 мамыр. Бүгін Қуандық Бишімбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Жаңа министрді ұжымға Премьер-Министр Кәрім Мәсімов таныстырды. Бұл туралы inform.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Бишімбаев Қуандық Уәлиханұлы 1980 жылы 11 сәуірде туған. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша, 2001 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Дж. Вашингтон атындағы университет жанындағы менеджмент және бизнес мектебін (АҚШ) бітірген. Бизнес басқару магистрі. Сондай-ақ, 2002 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді. Бүгінге дейін бірқатар қызметтерді атқарған Қ.Бишімбаев 2001-2002 жылдары – «Қазақстан даму банкі» АҚ бас менеджері болды. Сонымен қатар, 2002 жылдың тамыз айынан 2003 жылғы наурызға дейін – Бюджеттік саясат және жоспарлау департаментінің функционалдық талдау бөлімінің бастығы, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Стратегиялық жоспарлау және инвестициялық саясат департаментінің инвестициялық жоспарлау және талдау басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 2003-2005 жылдары «Ұлттық инновациялық қоры», «Маркетингтік және талдаулық зерттеулер орталығы», «Ордабасы» корпорациясы» акционерлік қоғамдарында басшылық қызметтер атқарды. 2005-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі; 2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі; 2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі; 2008-2010 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі; 2010-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда вице-министрі; 2011-2013 жылдары – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары болды. Ал 2013 жылдың 22 мамырынан бүгінге дейін «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің» басқарма төрағасы қызметін атқарып келді. Еламан Қоңыр. Дерек: inform.kz. Фото: ortcom.kz.