Дәл биылғыдай табандап тұрып алған аязды күндерді балалық шақта білуші едік. Міне, бір айдан асқанда ғана аяз сәл сынып, облыстың кейбір аймақтарына қылаулап қар жауа бастады. Алайда, Катонқарағай және Зайсан аудандарында, Зырян қаласында түнге қарай ауа температурасы минус 37 градустан асып түсуде. Семей және Риддер қалаларындағы апатты жағдайдан көпшілік хабардар. Бұл екі қалада да күннің қатты суықтығынан жылу қазандықтары істен шығып, көптеген тұрғын үйлердегі адамдардың жаурағаны белгілі.
Жыл басында Семейдің Ертістің сол жағалауындағы бөлігіне жылу берудің сапасыздығы жөнінде оқиғалар тіркеліп, 5-12 қаңтар аралығында ТЭЦ-1 істен шығып, тұрғын үйлердегі температура режимі күрт төмендеп кетті. Бүгінгі таңда ТЭЦ-тегі 7 қазандықтың алтауы жұмыс қалпында, біреуіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құбырлардағы температура 76 градусты көрсетуде. Бір кездері Семейде 100 қазандық болса, қазір қалғаны – 49. Оның 22-сі ғана жұмыс істеп тұр, –деді облыс әкімінің орынбасары Серік Тәукебаев журналистермен кездесуде.
Ал Риддер қаласына келсек, мұнда да көмірдің сапасыздығына байланысты жылу беретін қазандықтар дұрыс жұмыс істемей, бірнеше тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттар суып кеткен. Көмір құрамында минералды қоспалардың көптігінен көмір тастарының мөлшері стандарт талабына сай емес. Аталмыш мәселе бойынша облыс әкімі Қаражыра кен орнының басшыларымен кездесіп, Риддер ЖЭО-ға сапалы көмір жеткізу жөніндегі келісімге қол қойылды. Ең басты кемшілік, – дейді Серік Шәуенұлы – тұрғын үйлердің қысқа әзір болмағандығы. Облыс бойынша 2 миллион 810 мың тонна көмір әзірленді, бұл қажеттіліктің 90 пайызы, демек көмір қоры жеткілікті.
Бұдан кейін әңгіме төркіні, жолдардың қысқа әзірлігі, техника және жол тазалауға ойысты. Өткен жылы да, биыл да қар мөлшерінің қалыңдығынан әрі қатты суықтан жолдар бірнеше күнге жабылып қалған. Биыл жағдай жаман емес. Барлық автожолдарға 730 қар тазалау техникасы бөлінген. Сонымен қатар, 73 шаруашылықпен қауіпті жағдай туындаған жағдайда қосымша 166 техника бөлу жөнінде келісім жасалды. Өткен жылғы су тасқынынан қорытынды жасауға тиіспіз деді С.Тәукебаев. Көкпекті ауданындағы Лайлы су қоймасын жөндеуге 70 миллионнан астам қаржы бөлініп, ол жөнделді. Қазір облыста 193 гидроқондырғылар бар. Оның 48-і мемлекеттік меншікте болса, 16-сы жеке меншікте. 55-і коммуналдық шаруашылықтарда, қала, аудан, ауылдық округтер қарамағында. 74-інің иесі жоқ. Міне, су тасқыны кезінде осыларды қатаң бақылауға алған жөн. Атап айтқанда, Бектемір су қоймасы, Черкашино және Ешкібай су қоймаларындағы ахуал алаңдатарлық. Бұл қондырғылардың барлығын облыс әкімі қатаң бақылауда ұстап отыр.
Бір айдан астам тұрып алған саршұнақ аяз салдарынан бірнеше адам үсіп қалған, 13 өрт оқиғасы, тұрмыспен қамтамасыз ету нысандарында бірнеше апатты жағдай тіркелген.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.