07 Мамыр, 2016

Өмірге өнеге, ұрпаққа ұлағат

492 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
9-май-логотипЕрен ерлікке шынайы құрмет көрсету «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұжымында бұлжымас парыз Елінің еркіндігі, жерінің азаттығы жолында жасалған ерлік өмірге өнеге, ұрпаққа ұлағат. Ал адамзатты фашистік езгінің қыл бұғауынан құтқарған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өшпес ерлігі мәңгілік тағзымға лайық. «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс», деп қазақтың майдангер ақыны Қасым Аманжолов жырлағандай, ХХ ғасырда күркіреп өткен соғыс адамзатқа орасан ауыртпалық әкелді. Екінші дүниежүзілік соғыста 70 миллионға жуық адам қаза тапты, кешегі Кеңес Одағы құрамындағы халықтар 27 миллион боздағынан айырылды. Неміс фашистеріне қарсы 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыста қол жеткен Ұлы Жеңіске биылғы көктемде 71 жыл толып отыр. Міне, «үлкенге құрмет...» қағидасын пір тұтқан дәстүрге берік Қазақ елі Ұлы Жеңіс күні жақындаған сайын ардагерлеріне шексіз ілтипат көрсетуде. Асылдың сынығындай, қатарлары тым селдіреп бара жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қай-қайсысы болса да бізге қымбат. Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетіп, мерекемен құттықтау «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоға­мына қарасты компаниялар тобында да жыл сайынғы ізгілікті дәстүрге айналған. Бұл ретте «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жанын­дағы Жастар ісі жөніндегі кеңес ерекше белсенділік танытып, жыл сайын соғыс ардагерлерінің шаңырақтарына барып, оларды жеке-жеке құттықтайды. Өскелең ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған қарт майдангерлерге қаржылай көмек көрсетіліп, сый-сияпаттар жасалады, жас­тар ардагерлердің естелік әңгімелерін тыңдайды. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық торқалы тойы тойланатын биылғы атау­лы жылы да осы игі дәстүр жалғасын тапты. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Жастар кеңесінің мүшелері мен ҚМГ қызметкерлері Астанадағы 80-нен астам ардагерлердің үйіне барып, өздерінің шынайы алғыстары мен құрметтерін жеткізуде. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес мүшелері мен ҚМГ қызметкерлері биыл алғаш атбасын астаналық ерлі-зайыпты ардагерлер Владимир Васильевич Кальсин мен Раиса Егоровна Сафоничеваның шаңырағына бұрды. Туған қыздарының күтіміндегі ардагерлер ширақ та тың екен. Жастарды жылы жүзбен, жақсылық лебіздерін үйіп-төге қарсы алды. «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ Жастар кеңесінің төрағасы Николай Дунисов жастар атынан қос ардагерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті. Жастар кеңесінің мүшелері ардагерлерге салтанатты жағдайда мерекелік сыйлықтарын тапсырды. DSC_7081 DSC_7066 DSC_5007 DSC_7207 DSC05270«Адамзаттың басына енді мұндай соғыс қасіретін бермесін. Ұлы Отан со­ғысы жылдарында біз көтерген ауырт­палықты ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес, – деп бастады жастарға арнаған естелігін Владимир Васильевич. – 1941 жылы тамыз айында мен 18 жасқа толар-толмастан әскерге шақырылып, май­данға аттандым. Содан Ұлы Жеңісті жақындатқан 1945 жылдың мамырына дейін от пен оқтың ортасында қар төсеніп, мұз жастанып, бүкіл Еуропаны жауынгерлік керзі етікпен жаяу басып өттім. Бастапқыда қатардағы жауынгер ретінде майданға араласып, кейіннен офицер атағын алдым. Миномет ротасының командирі болып ұзақ соғыстым. Ал 1944 жылдың 12 желтоқсанынан 1945 жылдың 25 нау­рызына дейін №88 атқыштар полкінде батальон командирі болдым. Соғыс жылдарында Великие Луки, Невель, Полоцк, Себеж, Крустпилс, Рига, Елгава, Добеле, Тильзит қалаларын жаудан азат етуге үлес қостым. Великие Луки қаласы үшін болған қанды шайқаста алғаш ауыр жарақат алдым. Одан кейін Шығыс Пруссия майданында тағы да екі рет жараландым. Бірақ жарақаттарымды емдеп, қайтадан жауынгерлік қатарға қосылып отырдым. Майдан даласында көрсеткен ерліктерім үшін екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталдым. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмысына кірістім. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталған кезде Қазақстанға келіп, содан бері Раиса Егоровна екеуміз осы жерде ұрпақ өсіріп, өмір сүріп келеміз». Отағасынан кейін әңгімеге араласқан Раиса Егоровна сол бір сұрапыл соғыс жылдарын санасында қайта жаңғыртып, көз алдынан өткізгендей бір сәт үнсіз жанарларына үйірілген жасын сығып алды. «Мен Нижний Новгород қаласында тудым. Соғыс басталғанда мен 14 жас­тағы мектеп оқушысы едім. Біз майданға аттанған ерлердің орнын басып, зауыт­тағы ауыр жұмысқа араластық. Күндіз зауыттың ауыр еңбегін атқарып, түн­де жау бомбысынан тұтанған қала көшелеріндегі өртті сөндірдік. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» ұранымен барымызды да, жанымызды да жеңіс жолында құрбан етуге дайын едік. Мен зауытта еңбек ете жүріп екі жыл госпитальдер үшін қан тапсырып, донор атандым. Бір алғанда бізден 500 грамм қан алушы еді. Осы екі жыл ішінде 8 литр 700 грамм қан тапсырдым. 1944 жылы наурыз айында өз еркіммен майданға аттандым. Ол кезде мен 17 жас­та едім. Бізді алғаш жаудан азат етілген Минск қаласындағы қысқа мерзімдік байланысшылар курсына қабылдады. Оны бітіргеннен кейін сержант атағын алып, ІІ Украин майданына аттандым. Осында артиллериялық бөлімшенің байланысшысы ретінде майданға араластым. Шайқас кезінде байланыс сымы оралған катушканы иыққа асып алып, жарылған снаряд пен зуылдаған оқтың арасымен байланыс орнататынбыз. Артиллерия бөлімшесінің байланысшысы ретінде Украина, Бессарабия, Румыния және Венгрияны жаудан азат етуге қатыстым. Бір шайқаста жақыннан жарылған снаряд толқынынан зақымданып, контузия алдым. Соғысты Будапешт қаласында аяқтадым. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталдым. 1946 жылы Нижний Новгородтағы өзім істеген зауытта еңбекке араластым. Владимир Васильевичпен шаңырақ құрып, тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде Қазақстанға келдік. Балаларымыз да, немерелеріміз де дін аман. Қазір қызы­мызбен бірге тұрамыз», дейді қарт майдангер Раиса Сафоничева. Ардагерлер алдындағы ұрпақ парызын жете түсінетін Жастар кеңесінің мүшелері мен ҚМГ қызметкерлері ардақты майдангер Мұқан Темірғалиұлы Балапановтың шаңырағына келді. Тоқсанның үшеуінен асса да ойы ұшқыр, сөзі ширақ Мұқан ақсақал қонақтарды қазақи болмысқа сай аңқылдай қарсы алды. Жастар ардагерді айтулы мерекемен құттықтап, сый-сияпаттарын тапсырып, барынша құрмет көрсетті. «Мен 1943 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық әскери комиссариа­тынан әскер қатарына шақырылдым. Соғыстың нағыз қызып тұрған шағы. Әскерге енді келген жас жауынгерлерді шамалы уақыт әскери жаттығуларға үйретіп, бірден Сталинград майданына әкеліп салды. Жан беріп, жан алысқан осы шайқаста дәрі иісін иіскеп те үлгермеген талай боздақтар қыршынынан қиылды. Мен соңғы кезде эшелон-эшелон болып тиеліп, соғысқа кірген сол бір қыршын замандастарымды жиі еске аламын. Жаңбырша жауған оқ астында шабуылға шығамын деп талайы жер жастанып, көмусіз қалды...». Ардагер ауыр күрсініп, сол бір отты кезеңдердің көріністерін көз алдынан өткізгендей көзін жұмып үнсіз отыр. Иә, фашизмнің адамзат баласының басына төндірген қасіреті мен қатерін тоқтату үшін жүздеген мың қазақстандықтар опат болды. Жалпы, Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам адам майданға аттанды. Соның ішінде 700 мыңнан астам боздақтар қан майданда құрбан болып, жат жерде қалды. Осы бір қасаң цифрлардың артында қаншама тағдыр, қаншама қасірет жатыр десеңізші. «Гитлерлік фашистерді өздерінің ордасында талқандап, Рейхстагқа жеңіс жалауы желбіреген 1945 жылдың мамыр айына дейін майдан даласында болдым, деп жалғастырды үзілген естелігін Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқан Темірғалиұлы. От пен оқтың ортасында бел шешпей жүріп Беларусьті, Польшаны басқыншылардан азат етуге қатыстым. Соғыс жылдарында көрсеткен ерлігім үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын алдым. Соғыс аяқталып, әскер қатарынан босағаннан кейінгі бүкіл саналы ғұмырым Жезқазған өңірінде өтті. Осында 38 жыл бойы құқық қорғау органында қызмет еттім. Полковник дәрежесінде зейнеткерлікке шықтым. Одан кейін де ұзақ жыл Жезқазған облыстық азаматтық қорғаныс бөлімін басқардым. Алты бала тәрбиелеп, бәрін жоғары білімді маман етіп өсірдік. Бүгінде балалар мен немерелердің қызы­ғына кенеліп, «тәубе» деп отырған жағдай бар. Балаларым, сендерге айтарым, Отанның патриоты болыңдар! Тәуелсіз Қазақстанның ұлан-ғайыр даласына сұқтана қараушылар аз емес. Елдің, жердің болашағы сендердің қолдарыңда. Аға ұрпақтың ерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, ел тыныштығын көздің қарашығындай сақтау сендердің парыздарың». Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтауға келген жастарға осындай аталық ақ батасын арнаған Мұқан ақса­қал қонақ кәдесі үшін бір-екі ауыз ән салып беруді ниет етті. Ардагердің үйіне жиналған жұрт дабырлай қол соғып, ақсақалдың ниетін қуана қабылдады. Тоқсаннан асқан қазыналы қарт қанатын қомдап, ұшуға қамданған кәрі қырандай отырған орнында бір-екі ұмтылып, баяу қоңыр дауыспен ұлы Абайдың «Сегіз аяғын» шырқап кетті. Уақыт салмағымен сәл сызат түскен ақсақалдың дауыс әуезі әлі бабында екен. Ардақты ақсақал Мұқан Балапановпен қимай қоштасып, Жастар кеңесінің мүшелері сапарларын одан әрі жалғастырды. «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ Жастар кеңесінің төрағасы Николай Дунисовтің айтуынша, Ұлы Жеңістің 71 жылдық мерекесі күндерінде елордадағы 80-нен астам ардагерлеріне құрмет көрсетілмек. Былтырғы жылы ҚМГ Жастар кеңесінің бастамасымен «Сіздер бізге бейбіт күн сыйладыңыздар» акциясының аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компания­лар тобының қызметкерлері ерікті түрде жинаған ақшалай қаржысының есебінен еліміз бойынша 150 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне материалдық көмек жасалды. Осы шара барысында жастар еліміздің аймақтарындағы соғыс ардагерлерімен шынайы кездесулер ұйымдастырып, оларға қаржылай және басқа да көмектер көрсетілді. Ардагерлердің үйлеріне жөндеу жұмыс­тарын жүргізу шараларын да іс жүзіне асырды. Сонымен бірге, ҚМГ-ның жиыр­маға жуық компаниясы соғыс ардагерлеріне мереке күндері мерекелік дастарқан жайып, естелік сыйлықтар тапсырады. Қарттар өздеріне көңіл бөліп, шынайы ілтипат жасағанды қуана қабылдайды, ұрпақ сабақтастығына адал жастарға дән риза. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бізге бей­біт күн, ашық аспан сыйлаған соғыс ардагерлеріне шынайы құрметпен қарайды. Компания қан майданда қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, бүгінде асылдың сынығындай селдіреп ортамызда жүрген қарт майдангерлерге шынайы құрмет көрсетуді бұлжымас парыз санайды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»