07 Мамыр, 2016

Халық мүддесі үшін

472 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Жабал ЕРҒАЛИЕВ«Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың ша­қы­рымнан астам мемлекеттік шекарасын ресімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қам­тамасыз ету үшін жасалды», деген сөзді Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 26 сәуір күні болып өткен Қазақстан халқы Ассам­блеясының XXIV сессия­сында ағынан жарыла айтқан-ды. Елбасының осы бір ауыз сөзі Тәуелсіз ел болудың ши­рек ғасырлық тарихи жолы ту­ралы бүгінгі ұрпаққа тағылым ретінде айтылған пікір деп ойлаймын. Соңғы кездері Қазақстанның жері шетелдіктерге сатылады екен де­ген жалған қауесеттің та­ратылуы салдарынан жер мә­селесіне қатысты алаңдаушылық көбейген еді. Соған сәйкес Елбасы Жер кодексінің былтырғы жылы енгізілген бірқатар нормаларына белгілі бір кезеңге дейін мораторий жария­лап, тағы да өз халқымен сана­сып, былайша айтқанда, өз хал­қының сөзі мен пікірін елеп, ескере білді. Қабылданған заңның тетіктері мен нормалары жұртшылықты кеңінен қатыстыру арқылы талқы­ланбады. Сондықтан көп жағдайда халықтың алаңдауы дұрыс. Егер қазақстандықтар қабылданған шешімге сенбейтін болса, демек бұл дұрыс емес деген сөз. Өйткені, бұл өзгерістер халық үшін жасалып жатыр. Қоғамда жерді жалға алу жөніндегі бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күмән туғанын ескеру маңызды, деген Нұрсұлтан Назарбаев заңдағы жаңа нормалардың мәні тиісті топтарға жеткізілмегенін атап өтті. Сөйтіп, Елбасы бұл жолғы заңның не себепті халықтың басым көпшілігінің тарапынан қолдауға ие болмағандығының басты себептерін дөп баса білді. Бұған аймақтарда болғаны­мызда анық көзіміз де жетті. Өйткені, ауылды жердің халқы теледидардың алдында ертелі кеш телміріп отырған жоқ. Тіпті, кей ауылдарға қазақстандық теледидар мен радиохабарлары жетпей жатқандығы тағы да бар. Олар күн ұзаққа алқапта, фермада, жайлауда еңбек етеді, сіздердің жаңалықтарыңызды күтіп, теледидар алдында отырмайды. Бірақ сіздер өз ұсыныстарыңызды әзірлеу барысында министрліктен шықпай отырып, бәрін өз араларыңызда шешесіздер. Кімнен жасырынасыздар? Сонда біздің заңдарымыз кім үшін жазылған? Ауыл шаруашылығы министрлігінің де, Ұлттық экономика министрлігінің де, әкімдіктердің де бір де бірінің ресми сайтында жер реформасы жөнінде қолжетімді және көрнекі ақпарат болған жоқ. Ал бұл дегенің халықтың игілігі үшін, экономиканы дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін жүргізіліп жатыр ғой, деді Елбасы. Және де бұқаралық ақпарат құралдарының түрлі себептерге байланысты елді мекендерге таралуы жыл сайын кеміп те, қиындап та келеді. Соған сәйкес Қазақстандағы ақпараттық саясат кеңістігінде қазіргі қалыптасып отырған жағдайда елді мекендердің халқы жерге қатысты жалаң әрі негізсіз «аттан» салған ақпаратты интернет және қолдарындағы ұялы телефондарындағы «ватцап» желілерінен ғана алып келгендігі бар. Өз басым кәсіби журналист әрі жазушы ретінде Елбасының ақ­па­раттық саясат мәселесін қозға­ған­дығына және де Үкіметке Ақпарат және коммуникация министрлігін құруды тапсырғандығына ерекше қуандым. Өйткені, соңғы кездері ақпараттық саясат мәселесі иесіз қалып бара жатқандығын айқын сезініп жүрдік. Үкіметте бұл саланы ешкім үйлестірмейді, мемлекеттің ақ­парат­тық саясатқа бөлетін қара­жатын ешкім бақыламайды, дегенді айта отырып Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев алда­ғы уақытта құрылуға тиісті Ақпа­рат және коммуникация министрлігіне маңызды міндеттер де жүктеді. Біз алдағы уақытта өз еліміздің тәуелсіздігін одан әрі нығайтамыз, еліміздің бірлігін сақтаймыз, қазақстандықтардың ынтымағын күшейтеміз, біздегі берекелі өміріміздің шырқын бұзғысы келетін жат пиғылдыларға қарсы соққы береміз және де еліміз­дің алдында тұрған басты міндет­терді жүзеге асырамыз десек Қазақ­стандағы ақпараттық саясатты нығайта білуіміз керек. Ол үшін ең әуелі Елбасының ішкі және сыртқы саясатын қалың бұқараға адал жеткізіп жүрген қазақ­стандық бұқаралық ақпарат құрал­дарының кез келген елді мекендерге таралуы мен олардың уақы­тында жеткізіліп отырылуына және де оларды қаржыландыру мен жур­налис­тердің тұрмыстық жағдай­лары­на да көңіл бөлген жөн болар еді. Қандай жағдай болмасын ауыл халқы Елбасының өздеріне жасап келе жатқан шынайы қамқорлықтары үшін әрдайым риза екендігін айтар еді. Ал ендігі арада, жерге қатысты мәселені сол жерге егін егіп, сол жерге малын жайып, жанын бағып отырған халықтың өзінен сұрап білуге тиістіміз. Ол үшін бір мезгіл жайлы кабинеттерімізден шығып, ауылға барып, не істеу керектігін сондағы диқан мен малшылардан сұрауымыз керек. Бұл орайда Мемлекет басшысы: «Ақпараттық жұмыс тек журналистер алдына брифингке шығып, қағазда жазылғанды оқып беруден ғана тұрмайды. Біздің министрлер тіпті, брифингтерде де журналистерден қашқақтап, қарапайым сауалдарға жауап бермейді. Қазіргі кезде біз министрліктерді қандай да бір саладағы саясатты айқындайтын органдарға айналдырдық. Саясаткер жұртпен тілдесуге, өз ұстанымын түсіндіруге, қоғамның сеніміне ие болуға тиіс. Халықпен, ең алдымен, жаңа заңдарды қолданатын жұртпен кездесу керек, деді. Елбасының бұл айтқаны Жер кодексіне қатысты алдағы уақытта атқарылатын жұмыс кезінде басты ұстаным болуға тиісті ғой деп ойлаймын. жер-5Ал әзірге босқа даурықпайық, жел сөзге желікпейік! Жер ешқашан шетелдіктерге сатылған емес, сатылып та жатқан жоқ, алдағы уақытта да ешқашан сатылмайды! «Жерді шетел азаматтарына сату мәселесі болған емес, қазір де жоқ», – деді Елбасы тағы да кешегі мәлімдемесінде. Мына алмағайып заманда, біріне бірі ерегісіп, бірін бірі «санкциялап» жатқан дүние кезеңінде Тәуелсіз еліміздің ширек ғасырлық тарихи жолында қалыптастыра білген тұрақтылығымыз бен бірлігімізге сызат түсірмеудің және де қоғамдағы тыныштықты нығайту мен сақтаудың тарихи маңыздылығының арта түсері бар. Ел бірлігін бәрінен де жоғары қоя білейік. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты