07 Мамыр, 2016

Балқашта «Балақайдың» тұсауы кесілді

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
логотип к 25 летию ДНК-1Көк теңіздің жағасындағы Балқаш қаласында ел Тәуелсіздігінің биылғы ширек ғасырлық тойына орай әрі «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 320 бүлдіршінге арналған жаңа «Балақай» балабақшасы ашылды. Көптің қажетін өтеп, қуа­ныш­қа бөлеген жаңа меке­менің ашылу салтанатында қала әкімі Александр Аглиулин болашағымыз балаларға қамқорлық пен жас отбасыларға қолдау көрсетіп отыру мемле­кеттік саясаттың басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының же­ке қадағалауымен, елімізде бала­лардың тәлім-тәр­биесіне оңтайлы жағдай жасау үрдісі  қанат жайып келеді. Бала­бақша дегеніміздің өзі – баланың мектепке дейінгі таным-түсінігін қалыптастыратын бастапқы әлеу­меттік құрылым. Ата-аналар қауымының атынан сөз алған алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Гүл­зира Биғазинова қуанышты лебі­зін жеткізіп, әлеуметтік-эконо­микалық өзге проблемаларға қара­мастан, жас ұрпаққа осындай қамқорлық жасап отырған жандарға, атқарушы және өкі­летті билік өкілдеріне ризашы­лығын білдірді. Ашылу салтанатына келген қонақтар жаңа балабақша ғи­маратына шағын саяхат жасады. Басқа дәстүрлі көріністерді айтпағанда, дәл осы кезде «Өзін-өзі тану» кабинетінде жоға­ры топтағы балалар үшін «Дос­тық дегеніміз не?» деген тақы­рыпта сабақ өт­кізіліп жатты. Ал патриоттық тәрбие залында бүлдіршіндерге, олардың өмірінде тұңғыш рет болса керек, еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы әңгімеленуде. Одан бө­лек топтағы ең кішкентай 1,5-2 жастағы сәбилер де құр отырмай, алуан түрлі ойыншық шаршылардан «үй соғып жатыр»... Балабақшада арнайы «Кіш­кентай чемпион» үйірмесі жұ­мыс істейді екен. Оған жетек­ші­лік ететін жас маман Нұр­зат Кәрібай балдырғандарды си­қыр­лы спорт әлеміне тартып, қы­­зықты әңгімелер айтып, дене­шы­­нықтырумен тұрақты шұғыл­дануларын қадағалайды. Жаңа мекеме толық заман талабына лайық техникалармен қамтамасыз етілген. Ойын залдары, компьютер сыныбы, киім ауыс­тыратын, ұйықтайтын бөлмелер, медициналық, әдістемелік кабинеттер, асхана, Монтессори кабинеті, бейнелеу студиясы, бә­рі-бәрі де әдемі жабдықталып, көзді де, көңілді де қуантып тұр. Ал жазғы уақытта балақайлар бір мезгіл ашық аспан астында, ғимарат ауласындағы спорт ала­ңында аунап-қунай алады. Қысқасы, жаңа балабақшада балаға керектің бәрі бар. Тұсаукесер  салтанатына  жиыл­ған халайық бүлдіршіндердің шағын концертін тамашаласып, тағы бір қуанды. Апыл-тапыл ба­сқан балдырғандар шырқаған әй­гілі «Әрқашан күн сөнбесін» әні әудем жерге естіліп жатты. Иә, «Әрқашан күн сөнбесін, Аспаннан бұлт төнбесін!»... Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Балқаш қаласы