07 Мамыр, 2016

Ерлігі дастан ер тұлға

821 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
СнимокҚызылорда облысы Қармақшы ауданындағы ерлігі дастан, есімі елге белгілі, ардақты да атақты ер тұлғалы азаматтар аз болмаған. Олардың арасында 1896 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы №10 ауылда туған Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың есімін ерекше құрметпен атаймыз. Өйткені, ол кісі 1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қан майданда от кешіп, Отан үшін кеудесін оққа тосқан. №128 Псков атқыштар дивизиясының 533-атқыштар полкінің 5 атқыштар ротасының бөлімше командирі кіші сержант Т.Көмекбаевқа 1945 жылы 10 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Тәйімбет Көмекбаев соғыстың басынан аяғына дейін барлаушылар бөлімшесін басқарды. Бұрынғы жылқышы бір көрген жерін есте сақтай алатын, жыртқыш құстың әдет қылығын түсінетін қырандай қырағы еді. Тәжірибелі солдат атқыштар қару-жарағының қай түрін болса да жақсы білетін. Ұрыста ептілігімен, батылдығымен көзге түскен. 1943 жылдың басында Т.Көмекбаев өзінің жерлестері Т.Сарыбаев пен Ж.Жарқынбаев үшеуі фашист әскер­лерінің штабына кенеттен шабуыл жасайды. Олар дивизия штабына олжа ретінде тұтқынға 12 солдат, екі офицер алып келеді. Кеңес жауынгерлерінің кенеттен пайда болуы жау жағын састырды. Жаудың 37 солдаты мен офицері біздің барлаушыларға ұрыссыз беріледі. Т.Көмекбаев 1945 жылғы қысқы шабуыл ұрыстары кезінде ерлік пен батылдық көрсетті. Ол бірінші болып Глейвиц қаласына кірді. Колховица қаласына шабуыл жасаған кезде жаудың атыс ұясын талқандады. 1945 жылы ақпанда Көмекбаев Одерден алғашқы өткендердің қатарында болып өзеннің оң жағалауындағы Эйхиринд елді мекенінің маңындағы плацдармды ұстап тұрды. Ұрыста ол жаудың 5 қарсы жойқын шабуылына тойтарыс берді. Түнде ержүрек жауынгер шабуыл жасаушы топты бастады. Бриг қаласының кіре берісінде жаудың станокты пулеметінің есептобын жойды. Т.Көмекбаев қала үшін болған ұрыста 60 фашист басқыншысын жайратып, 12 адамды қарусыздандырды және тұтқынға алды. 1945 жылғы 8 ақпанда Ванзен қаласы үшін болған ұрыста жаудың 7 атқышына тойтарыс берді. Т.Көмекбаев соғыста ерекше ерлі­гімен, жаужүрек батырлығымен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атанды. Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев 1-Украин майданы өкілдерінің құра­мында Мәскеуде болған Жеңіс парадына қатысты. Сондықтан оның жауын­герлік өмір жолы жерлестерінің, ізбасар ұрпақтарының мәңгі жадында. Майданнан қайтып оралғаннан кейін Тәйімбет Көмекбаев соғыс жылдарында әбден әлсіреген туған жерінің халық шаруашылығын қалпына келтіруге батырға тән белсенділікпен қызу араласып кетті. Сөйтіп, алғашқы жылдары ауданымыздың бірқатар ұжымшарларын басқарып, кейін ауылдық кеңестің төрағасы болып ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Халық шаруашылығының қандай саласында жүрсе де Тәкең өзінің батырлық күш-жігерін аямай жұмсап, ел байлығын арттыруға, алда тұрған жауапты міндеттерді шешуге аянбай атсалысты. Тәкеңнің ерлік істерін талай жер­лестері жырға қосты. Жерлесіміз Мұзарап Жүсіпов «Тәйімбеттің ерлігі туралы жыр» деген шығармасында былай жырлаған екен: Шақылдап снарядтар, аспан шулап, Бомбалар борап қардай будақ- будақ. Жыртылып жер қыртысы қопарылып, Долданып, тас-топырақ жатты тулап.   Түн іші. Орман, дала тұрған мүлгіп... Жасқанбай Тәйімбеттер алға жылжып. Жүз қадам жау шебіне жақындады, Жамылған жендеттерге түннен түндік.   Батырдың көңілі толып, көзі жайнап, Бұрқанды мұзды бүркіп, бұлт шайнап. Желкелеп ата дұшпан фашистерді, Штабқа жалғыз өзі келді айдап. Қызылорда облысы Қармақшы ауда­нының орталығы мен батыр Т.Кө­мекбаевтың туған ауы­лында Ұлы Отан соғысының тарихи маңызын, батырдың қаһарман ерлігі мен еңбегін бағалауға, құрметтеуге және жастардың отансүйгіштік қасиетін оятуға, тәрбиелеуге, патриоттық се­зімге баулуға, елін, жерін, Отанын сүюге, ер­жүректілікке тәрбиелеуге арналған жүйелі жұ­­мыстар жалғасын табуда. Т.Көмекбаев атындағы қор мен жергілікті атқарушы органдар бастамасымен және Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің қолдауымен жастар арасында жыл сайын 9 мамыр мерекесі қарсаңында күрес спортынан халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйым­дастырып, өткізіп тұру дәстүрге айналған. Білім беру мекемелерінде батырдың ерлігіне арнап тәрбие сағаттары, ұрпақтарымен кездесу кештері, шығармалар мен өлең жазу, ән-жыр кештері, ақындар айтысы, т.б. тәрбиелік шаралар ұйымдастырылып өткізілуде. Осындай шаралар Елбасымыздың ауыл тұрмысын көтеру, ауыл адам­дарының ден­саулығын жақсарту, саламатты өмір салтын орнықтыру, ауылда білімді, мәдениетті, өнерді да­мыту жөніндегі бағдарламаларына сәйкес өсіп, өр­кендеген, жаңарған ауылдың бүгінгі көрінісін дамытуға үлес қосу – Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев еңбегінің тарихта қалатынының куәсі. Мұсахан БАСШЫБАЕВ, саяси ғылымдар кандидаты  АСТАНА