Бала қиялына шек бар ма? Қазір зіңгіттей жігіт болғандардың барлығының да кішкентай кезінде арман құшағында тербетілгенін ешкім де жоққа шығара алмасы анық. Айбат Кәрімов те бала кезінен әскери адам болуды жаны қалайтын. Мұндай ойдың өз қиялына қалай қанат бітіргенін тап басып айта алмайды. Әйтеуір, әскери адам болсам деп талпынғаны есінде.
Содан да болар, Шұбарқұдықтағы орта мектептің сегізінші сыныбын бітірген соң облыс орталығындағы Есет Батыр атындағы полиция мектебіне түсіп, оны жақсы аяқтағаны. Ұстаздар отбасында тәрбиеленген оның мектепте де, полиция мектеп-интернатында да үлгілі болуы сол тәрбиенің арқасы деу орынды. Бала болып, шәлкес мінез танытпады десек, ақиқаттан аттағанымыз болар еді. Ол да балалық шақтың бал дәуренін белінен кешті. Бірақ, артық қылықтарға барған емес.
– Мен өзім ұстаздар отбасында өстім. Отбасындағы үш баланың кенжесімін. Әкем Сран да, марқұм анам Күләнда да мұғалімдер. Мен неге екенін білмеймін, әскери адам болуды армандадым. Сол арманыма жеттім де. Міндетті әскери борышымды Астанада өткердім, 2007 жылы осында орналасқан №6655 әскери бөлімге келісімшартпен жұмысқа тұрдым. Қазір осы әскери бөлімнің тылдағы жұмыстар жөніндегі комендантымын, – деді ол.
Оның өміріндегі оқыс оқиға 2009 жылдың сәуір айында болған еді. Қашанда жан-жақтағы оқиғаларға қағылездікпен қарайтын Айбат өртті бірден аңғарды. Ол өрт тұтанған «Анар» кафесі екенін де кейін естіді. Бірақ, бір сәтте ойланып-толғанатын уақыттың жоқтығын сезінген ол қасындағы сарбаздарды, оқыс оқиғаға таңғалушыларды кейін ысырып, қауіпсіздік аймағын қорғады. Осындай ұйымдастыру жұмысын атқарып жүрген ол, кафенің ішінде қалған иесін құтқарудың қажеттілігін түсінді. Сөйтті де ол отқа оранған кафеге кіріп, түтінге тұншыққан кафенің қожайынын далаға алып шықты. Айбаттың бұл азаматтығы ақтөбеліктерге тез тарады. Сондықтан да болар, оған деген қалалықтардың ықыласы, ниеті ерекше.
– Мен, мұны ешқандай ерлік деп есептемеймін, азаматтық парызым деп түсінемін. Менің орнымдағы әр азамат осылай істейтініне кепілдік беремін. Біз татулық пен тұрақтылық іргетасы берік елде тұрып жатырмыз. Сондықтан бір-бірімізді қиыншылықтан құтқару азаматтық парызым деп есептеймін, – дейді ол.
Осындай азаматтық қимылы үшін ол Ішкі істер министрлігінің «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. Мектепке баратын Исламы мен балабақша тәрбиеленушісі Инабатын өзіндей азамат болса екен деп тілейді. Көңілі қалаған кәсібіне қалтқысыз болуға бейім жігіт алдағы күндерге үлкен үмітпен қарайды. Отбасындағы ынтымақты қалайтын талапты жастың алар асуы биік боларына сеніміміз мол.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы