07 Мамыр, 2016

Командир туралы сөз

595 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
992E6127«Командирді тағайындау мүмкін емес, командир болып туу керек» деген сөз бар. Бұл – асыра сөйлегендік емес, бұл – шындық. Жаратқан мұндай қасиетті кез келгеннің маңдайына жаза салмаған. Мұны жоғары кәсібилік, толайым тәжірибемен байланыстыра салу да аздық ететіндей. Құбылыстың астарында адам бойындағы адалдық пен ашықтық, ұлысты үйіріп алар ұстамдылық пен кең жүректілік жатса керек. Сондықтан да көшбасшының бұйрығына көзсіз бағынудан гөрі, оған деген сенім сезімі алға жетелеп отырады, жеңіске жеткізеді. Әскердегі әкең де, шешең де сол. Дәл осындай қасиетті жанына қондыра білгендер – командир. Жүрегі Отан деп жалындап тұратындардың бірі – Ұлттық гвардияның Көкшетаудағы №5510 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жанболат Төлегенов. Ол 1978 жылдың 14 наурызында Ақтөбе облысының бұрынғы Ле­нин ауданындағы Қайрақтысай ауылында, қарапайым отбасының шаңырағында туған.  Еңбектің майын жеп, елге сыйлы атанған әке-шешесі Жанболат пен оның бауырларына Отанды сүюдің қарыз-парызын барынша сіңдіріп өсіргені көрініп тұр. Жанболат Өтегенұлы өзімен сөйлескенімізде, бұл сезімдер өмірінің басты мәні-мағынасы екенін айтты. Ж.Төлегенов 1995 жылы орта мектепті бітіріп, ауыл ішіндегі жұмысқа араласты. Келесі жы­лы міндетті әскери қызметке ша­қырылған. Азаматтық борышын Көкшетаудағы №5510 әскери бөлімде өтеді. Мынаны қараңыз, бүгінгі күні өзі командир болып отырған әскери бөлім. Кездейсоқтық деуге қимайтындай жағдай. Дәл осы бөлімде қатардағы жауынгердің өміріндегі бетбұрысты кезең басталғаны анық. Жас адам­ның бойындағы бұрыннан бар қасиеттерді тербетіп, «сен әскери адамсың» деген сезімді оятып, сеніміне серпіліс қосқан бұл бөлім тегін болмағаны. Міндетін өтеп, өзінің қасиетті Қайрақтысайына келген ол әкесі­нің батасын алып, көп ұзамай Петропавлға аттанды. Маздаған мақсат, әскери бөлімнің мінездемесі де сеп болғандай, ол осындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Әскери училищесіне курсант болып қабылданды. Оқу орнын 2001 жылы үздік бітірген Ж.Төлегенов еліміздің әртүрлі аймағындағы әскери бөлімдерде взвод командирінен әскери бөлім командиріне дейінгі қызмет сатыларынан өтті. Әскери өмірдің оңай емес­тігі белгілі. Жанболаттың төзім­ділігі, қарауындағы солдаттар мен офицерлердің жан-жүрегін түйсіне білуі, қатал да болса әділ шешім қабылдай алуы, қойылған міндеттерді мінсіз атқаруға жұ­мыл­­дыруы абырой ауылын жақын­датқаны анық. Мұндай жігіттердің мақсаты да биік болады. Соның бір айғағы – 2010 жылы Ұлттық қорғаныс университетін тәмамдауы дер едік. Подполковник Жанболат Өте­ген­ұлының басшылығындағы №5510 әскери бөлім көкшетау­лықтардың көз алдында елеулі өзгеріске түскенін екінің бірі ай­тады. Оның ішкі ауласы мен казар­масындағы жағдайдың қандай екендігін бөлімнің айналасындағы мұнтаздай тазалықтан, жайқалып өсіп келе жатқан балауса ағаш­тардан, көшеде кездесе қалған офи­церлер мен солдаттардың ізеттілігінен де байқауға болады. Бұрнағы жылы әскери бөлімге Түрік жандармериясының жоғары лауазымды қызметкерлері тәжірибе алмасу мақсатымен келгені, жақсы лебіздер білдіргені есімізде. Мұны елімізге көрсетілген құрмет деп қабылдағанымыз жөн. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы