Желтоқсан айы еді... Әлі есімде. Дәлірек айтсам, 2013 жылдың 4 желтоқсаны болатын. Жоспарлы әскери тапсырма бойынша Алматыдан Семей қаласына қарай пойызға мініп жолға шықтық. Әскери құрамда қарауыл бастығы, қарауыл бастығының екі орынбасары, төрт сарбаз, бір аспаз және тексеруші бір офицер бар...
Жолаушылар пойызына арнайы тіркелген біздің вагонның ішінде 82 сотталған тұтқын болды. Жаңғызтөбе стансасынан өткенде әдеттегідей, сотталушылардың бірі дәретханаға сұранды. Менің қарауымдағы екі сақшының бірі камераның есігін бақылайды. Себебі, сотталғандар кез келген бір сәттік мүмкіндікті пайдаланып бір-біріне күмәнді заттар ұсынуы әбден мүмкін. Ал екінші сақшы менімен бірге жүреді әрі маған тұтқындарға тамақ беретін кезде, оларды әжетханаға шығаруда қолғабыс етеді. Ол Мүбәраков деген сақшы еді.
Дәрет алуға рұқсат сұраған тұтқынды дәлізге шығардық. Оқиға біз сақшы екеуміз орын ауыстырған кезде қас-қағым сәтте орын алды. Теріс қарап тұрған әккі тұтқын өз ернін тістеп қанатқан екен. Талмаусырап бара жатқан кейіппен Мүбәраковқа қарай сылқ түсіп құлаған сыңай танытты. Осы кезде жауынгер оны екі қолымен ұстай алмақ еді, сол кезде тұтқын оның жамбасындағы оқтаулы тапаншаны жұлып алып үлгерді. Айналуға мұрша бермейтін тар жерде арпалыс басталып кетті. Тез қимылдап тұтқынның оң жақ бетінен сол қолмен қатты ұрдым. Осы сәтте тұтқын Мүбәраковты бір рет атып үлгерді. Мүбәраков құлағанда мен тұтқынға ұмтылдым.Тамбурдың іші тар, қолыңды созу мүмкін емес. Оның екінші атқан оғы менің ішіме тиді. Сол қолыммен ішімді басып үлгерер-үлгерместен тұтқынды бас салдым. Кеңірдегіне жабысқан күйі тобығынан тептім. Әлсіз шықты. Қолым жеңіне тигенде құшақтай алып, жамбасқа салып алып ұрдым. Сол кезде ол мені екінші рет атты. Екеуміз бірдей құладық. Жаныма батқанына қарамастан «тырп» еткізбей басып жаттым. «Дабылды» естіп қарауыл бастығымен бірге толық құрамның сарбаздары келіп жетті. Маған алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Бұл кезде Семей қаласына жақындап та қалғанбыз, 20 минуттан соң стансаға жетіп тоқтадық. Алдымыздан жедел жәрдем шықты. Тұтқынды қарусыздандырып тастағанбыз. Семейдің ауруханасында 25 күндей жаттым. Ішіме екі оқ тиді. Оның бірі ішімді тесіп өткен. Дәрігерлер төрт рет операция жасады.Үшінші оқ... бәрібір сол жамбасымда қалып қойды.
Семейден Алматыға алып келген үш күннен соң қызуым көтеріліп, операция үстеліне қайта жаттым. Тағы операция жасалды. Айығып шыққан күні Қазақстан Республикасының Президенті, Бас Қолбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қолынан ІІ дәрежелі «Айбын» орденін алдым. Әскери басшылық өткен жылдың соңында лейтенант атағын берді, бұған қоса, Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтер сыйлады.
...Сол бір оқиға ұмытылмастай жадымда сақталып қалды. Бір түсінгенім, ерлік күтпеген жерде, ойда жоқта жасалады екен.
Жандос БАЯНБАЕВ,
лейтенант, №7552 әскери бөлімі бөлімше командирінің
жастар тәрбиесі ісі жөніндегі көмекшісі, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері
АЛМАТЫ