07 Мамыр, 2016

Партия қуатты саяси күш болып қалуы тиіс

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
06-05-05-05Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің Бюро отырысына қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Отырыс барысында Мемлекет басшысы атқарған жұмысы үшін А.Мырзахметовке алғыс айтып, партия Төрағасының жаңа бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммедті таныстырды. Қазақстан Президенті партия Төрағасының бірінші орынбасары ретінде А.Мырзахметовтің өзіне жүктелген міндеттерді орындағанын, парламент сайлауын табысты өткізгенін атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев А.Мырзахметовке жаңа лауазымында бірқатар кешенді мін­деттерді, соның ішінде жер мә­се­лесінің тиімді шешілуін жүзе­ге асыру қажет болатынын айтты. А.Мырзахметов сенім артқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, тапсырылған жаңа салада өз міндетін жауапкершілікпен атқаруға дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы М.Құл-Мұхаммедтің журналистік және заңгерлік білімі бар екеніне, әр жылдары Парламент Сенатының депутаты, Президенттің баспасөз хатшысы, кеңесшісі, Мәдениет министрі болып қызмет атқарғанына назар аударды. Қазақстан Президенті партия Төрағасының жаңа орынбасары партияның қызметін одан әрі нығайту қажеттігін ескере отырып тағайындалғанын, «Нұр Отанда» бұл үшін қаржылық, кадрлық және материалдық ресурстың бәрі бар екенін атап өтті. – Партия қуатты саяси күш болып қалуға тиіс. Барлық пікір, идеялар партия тарапынан өрбуі керек. «Нұр Отанның» өзінің талдау орталығы болуы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. М.Құл-Мұхаммед өзіне сенім артылғаны үшін алғыс білдіріп, партияның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бар күші мен білімін жұмсайтынын айтты.