26 Қаңтар, 2011

«Мәдени Азиада» мәнісі

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазіргі заманғы Олимпиада қоз­ғалысының негізін салушы Пьер де Кубертен: «Өнер Олимпиада ойын­дарына қатысуға ти­іс. Музыкасыз, өлең­сіз, кереметтей кескін-суреттермен безендірілмеген стадионсыз қандай мереке болмақ? Музалар Ойындарға ресми бекітілуі керек», – деген ек­ен. Ал поляк ойшылы Кристоф Зухора спорт пен өнер арасына нәзік байланыс жүргізудің мә­нісін былайша түйін­депті: «Спорт өнердің мәдени-жасампаз әле­уе­тін тануы тиіс, ол спорт­ты жалғыздыққа душар ететін топтан алып шы­ғады. Сан мыңдаған көрерменмен тығыз бай­ланыс жасау үшін өнерге спорт тілімен сөйлей білуді үй­ренуіне тура келеді». Елордадағы Тәуелсіздік са­рай­ында «Мәдени бағдарлама» шең­берінде ұйымдастырылған Бей­нелеу өнері көрмесінің діттегені де осы. Яғни, құрлықтық жа­рыс­қа қа­тысушы спортшылар мен қонақ­тар­ға рухани күш сый­лап, ежелгі заманнан нәр алатын қазақ хал­қының мәдениетімен таныс­тыру. VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған бейнелеу өнері көрмесіне отанымыздың белгілі суретшілері – қылқалам иелерінің 500-ге тарта қайталанбас экспозициялық туын­дылары қойылыпты. Көрме 4 бөлікпен айшық­тал­ған. Алғашқысы «ғасырлар қой­на­уынан» сыр шерте отырып, қазіргі қазақ мәдениеті мен оның тари­хының тұма бұлағын айқындай түседі, сол арқылы ежелгі өмір ты­нысымен қоса тыныстайды. Мұн­да қола дәуірінен, сақ заманынан басталып, Орхон құлпытастары – көне түркі жазуларына дейінгі ке­зең керуені көз алдыңа келеді. Мұндағы әрбір жәдігер – белгілі реставратор, ежелгі тарих пен мәдениет зерттеушісі, археолог әрі зергер Қырым Алтынбековтың ең­бегі мен талмай ізденісінің жемісі. Көрменің «Дәуірлер ізімен» деп аталатын бөлігінен графика жә­не сәндік-қолданбалы өнер су­рет­шілерінің шығармашылығымен жете танысуға болады. 60-шы жыл­дардағы өзгеше эстетика мен мінсіз стильді шебер шендестіре білген С. Айтбаев, Е.Сидоркин, И. Исабаевтың сондай-ақ, «...көру, тану» ұстанымын өмірлік кредосына айналдырған М.Қисаметдиновтің еңбектерінің сырына үңілесіз. Сол бір алдыңғы буын ағаларының ізін жалғастырған Е.Оспанұлының ең­бек­терінен замана құбылысына құ­лақ түресіз. Бұйымдарды сәндеудің сан алуан тәсілін көрсете отырып, зергерлік өнердің көркемдік және техникалық тәсілдерін жетілдіріп жүрген С. Бәшіров, Н. Жиреншеев сынды белгілі қолөнер шебер­лерінің туындылары да бұл бө­лім­нің өзегі. «Замандас суретшілеріміздің кар­тиналарынан «Біз осы кімбіз?», «Біз қайдан келдік?», «Қайда бара жатырмыз?» деген сұрақтарды жиі естисің. Бәлкім, бұл филосо­фия­лық сауалға көрменің «Замандастар жолдауы» бөлімі жауап беріп қалар», – дейді өнертанушы Әсел Өміршина бізбен әңгімесінде. Бір байқағанымыз, бұл бөлім А. Сы­ды­ханов, А. Есдәулет, С. Сүлей­ме­нова, М. Бекеев, А. Нода, К. Хайруллин сынды суретшілердің шы­ғармашығымен, сонымен қатар, Е. Төлепбай, Ж. Қайрамбаев, Б. Бә­пішев сияқты қылқалам иелерінің образдық-реалистік компо­зиция­ла­рымен таныстырады. Азиада – 2011-ге арналған көр­менің «Жұлдызды көшпенділер» деп аталатын актуальді өнер бөлімі – жалпы экспозицияның тиянақ­тау­шы бөлімі. Оған еліміздің және шетелдің өнерді бағалай білетін қауымына танымал авторлардың туындылары қойылыпты. Өнерта­нушы мамандардың айтуынша, 10 ақпанға дейін жалғасатын көрме экспозициясы Азия ойындарының жалауын көтерген Қазақстанның ерекшелігін ғана емес, халықтық өнердің сан ғасырлық тылсым сырын, өзіне тән стилі мен қа­лыбын және даму бағытын жан-жақты айқындай түспек. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.