АСТАНА. 9 мамыр. Бүгін Астанада 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай «Отан қорғаушылар» монументіне салтанатты гүл қою рәсімі өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Шараға Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжілістің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік орган басшылары, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандықтарды еске алу үшін жиналған елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.
«Бүгін мерекелік шараға Ұлы Отан соғысының 45 қатысушысы құрметті қонақ ретінде қатысты. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан ардагерлердің көңіл-күйі көтеріңкі. Өкінішке орай, жылдан-жылға олардың саны азайып барады. Ардагер аталарымызға денсаулық тілеймін. Балалары мен немере, шөберелерінің ортасында аман-есен жүрсе екен деймін» , деп атап өтті Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Бахтияр Пернебеков.
Бұл күні «Отан қорғаушылар» ескерткішіне 1 500-ге жуық гүл шоқтары қойылды. Гүл қою рәсімі Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің орындауындағы музыкалық шығармалармен сүйемелденді. Шара қатысушыларының жүзінен қуаныш пен толқыныс, ерекше мақтаныш сезімі байқалып тұрды. Қан майданда ерлікпен қаза болған отандастарымыздың рухына тағзым жасалып, бір минут үнсіздік жарияланды.
Дастан Кенжалин.
Дерек, фото: Қорғаныс министрлігі.