10 Мамыр, 2016

Ұрпақтың мақтаныш сезімін оятатын шақ

411 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_7027+Кеше Астанадағы «Отан қорғаушы» монументіне Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай салтанатты гүл қою рәсімі өтті. Салтанатты шараға Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік орган басшылары, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандықтарды еске алу үшін жиналған елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты. «Отан қорғаушы» ескерткішіне гүл қою рәсімі Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің орындауындағы музыкалық шығармалармен сүйемелденді. Соғыс кезінде және одан кейін де халыққа жігер беріп, рухани азық болған әуезді туындылардың орындалуы шараға қатысушыларды ерекше күйге бөледі. Жиналған қауымның жүзінен қуаныш пен толқыныс, ерекше мақтаныш сезімі анық байқалып тұрды. Осы күні «Отан қорғаушы» ескерткішіне 1 500-ге жуық гүл шоқтары қойылды. Мерекелік шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған Ұлы Отан соғысының 45 ардагеріне ерекше ілтипат көрсетілді. Өкі­ніш­ке қарай, жыл өткен сайын елі­мізде соғысқа қатысқан, тыл­дағы еңбегімен Ұлы Жеңісті жақын­датқан ардақты ардагерлер қата­ры азайып келеді. Осы орайда, жұрт­шылық, әсіресе, жастар жағы қа­һарман ардагерлердің деніне сау­лық тілеп, олардың ерлігі мәң­гілікке ел жадында қалатынын жеткізді. Мерекелік жиын барысында Әнұран шырқалып, қан майданда ерлікпен қаза болған отан­дас­тарымыздың рухына тағзым жасалып, бір минут үнсіздік жа­рияланды. ERA_6832+ Гүл қою рәсімі аяқталғаннан кейін шараға қатысқан қонақтар әскери түрлі тағамдардан дәм татты. Ал жеңімпаз ардагерлер арнайы шатырларда демалып, жергілікті әкімдік тарапынан сыйлықтар алды. «Барлығы жақсы өтіп жатыр. Шатырдың ішінде ардагерлерге арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы біздің жұмысымыздың басы-қасында жүрді. Үстел басында ізгі, жылы тілектер айтылды. Барлығын құт­тықтадық. Олар жақсылап тамақтанды. Майдан даласында өздеріне қуат берген сарбаз ботқасынан дәм татты. Арнайы сыйлықтар үлестірдік. 11 шатыр тігілді. Ардагерлерді қалай күтетініміз туралы арнайы жоспар құрылған болатын», – деді жиынды ұйымдастырушылар. – Баршаңызды Жеңіс мере­ке­­­сі­мен құттықтаймын! Зор ден­сау­­­лық тілеймін, аман болыңдар, ба­лаларым! Аспанымыз ашық, бей­бітшілік болсын! Халқымыз бен елімізге игілік пен өсіп-өр­кен­­­деу тілеймін! – деді Ұлы Отан со­­ғысы­ның ардагері Рәтбай Медетбеков. Ал ҰОС ардагері Әзімбай Майрықов: «Еліміз тыныш болсын. Халқымыз аман болсын. Халықпен бірге бәрің де аман болыңдар. Со­ғыс болмасын. Жастар өсе берсін!» – деп ақ батасын берді.  Сол сияқты, бір топ тыл ардагері бүгін­гі мерекенің мән-маңызын, со­н­дай-ақ, еліміздің өсіп-өркендеуі ішкі бірлік пен ынтымақтың болуы­на тікелей байланысты екенін айта келіп, бүгінгі Қазақстанның ұстан­ған бағытынан жаңылмауын тіледі. Ұлы Отан соғысындағы Же­ңістің 71 жылдығын мереке­леу қарсаңында жергілікті атқа­ру­шы органдар ардагерлерді қол­дау, оларға құрмет көрсету ша­раларының ауқымды жоспарын іске асыруда. 2016 жылға арнал­ған жергілікті бюджетте ар­­дагерлерге бір жолғы мате­риал­­дық көмек көрсету үшін 2,6 млрд. теңге қарастырылған. Ал аста­налық ардагерлер биыл 1 млн. теңгеден алады деп шешім қабыл­данған. Бұл – республика бо­йынша ең жоғары материалдық көмек. Еске сала кетейік, 2016 жыл­дың 1 сәуіріндегі мәліметке сүйен­­­сек, Қазақстанда ҰОС-қа қатыс­­қан 3668 ардагер, 146 342 тыл ардагері, 220 Ленинград қоршауын көрген аза­мат, 548 концлагерь тұтқыны тұрады. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ