10 Мамыр, 2016

Сөнбеген үміт

415 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
1941Хабар-ошарсыз кеткен майдангердің деректері арада 74 жыл өткенде табылды Әштай Шарғынов 1941 жылы 24 жасында Қызыларық ауылынан Отан қорғауға аттанды. Ол 1942 жылдың мамыр айында қазіргі Ресей Федерациясының Новгород облысындағы Холм қаласының түбінде кескілескен шайқаста қаза тауып, бауырластар зиратына жерленді . Бірақ, бір өкініштісі, сол тұста оның туған жеріне қара қағаз жіберілмеді. Міне, содан бері арада қанша жыл өтсе де, Әштай Шарғынов туралы мүлдем дерек болмады. Тіптен, оның есімі хабар-ошарсыз кеткендер қатарында да болмай шықты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін басылған «Боздақтар», «Зерде» кітаптарында да майдангердің аты-жөні, шайқасқан, қаза тапқан жері туралы мәлімет болған жоқ. Бұл жайт Әштайдың туған-туыс­та­ры­на, әсіресе, онымен бірге туған қарын­дасы Күләнда апайдың қабырғасына қат­ты батты. Қызыларық ауылында тұрған кейуана өмірінің ақырғы күндеріне дейін бауырынан бір дерек болып қалар деген үмітпен өтті. Тек қайтыс боларының аз алдында Қордай ауданында тұратын қызы Жұмайымды шақырып алып, оған жанын мазалаған сырды ашады. Сонда анасы қызына ағасын қалай болғанда да іздеп тауып, басына туған жердің бір уыс топырағын салуды аманат етіп табыстайды. Таяуда Жұмайым Күлішбекова біздің редакциямызға келіп, нағашы атасы майдангер Әштай Шарғыновтың дерегі табылғанын хабарлады. Бүгінде жасы жетпістен асқан Жұмайым апайдың жүзінен қуаныш нұры төгіліп тұрды. – Анамның аманатын алғалы нағашы атамды іздеуге кірістім, – деді апай ауыр күрсініп. – Одан бір дерек кездесіп қалар ма екен деген оймен ақпарат құралдарына жиі құлақ түріп, шарқ ұрып іздей бастадым. Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандық боздақтардың есімдері басылған кітаптарды қарап шығып, шығарушыларымен хабарластық. Алайда, олардан ешнәрсе таппай, тауым шағылғандай болып, уайымым қалыңдай түсті. Дегенмен, мойымай, үмітімді үзбес­тен іздеуімді жалғастыра бердім. Бір күні басыма  «Мен осы анамның бауырын неге Интернеттен іздеп көрмей­мін?» деген ой келді. Міне, содан бас­тап компьютерді жақсы меңгерген немерем Нұргүлді қасыма қосып алдым. Екеуі­міз ғаламторды шарлап, ай бойы табан­дап іздедік. Қордайдағы Қақпатас ауыл­дық округі әкімдігінің әскери есеп үс­телі маманының көмегі көп тиді. Ол бізге май­дангерді Ресейдің қорғаныс сала­сындағы мекемелердің сайттарынан іздеу керектігін айтты. Біз енді осы сайттарға кіріп, алдымен «а», «ш», «ч» әріптерімен нағашымның аты мен тегін жазып, іздеуді жалғастырдық. Ішкі түйсігім бізді алдамапты. Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архиві Интернетке орналастырған мәліметтер арасында (ҚМОМ қайтарымсыз шығын­дардың Атаулы тізімі, қор нөмірі 58, тізімдеме нөмірі 818883, іс нөмірі 1112) сержант Әштай Шарғынов (Шарчинов) туралы дерек көзіме оттай басылды! Соңғы қызмет еткен жері: 1077 гвардиялық атқыштар полкінің 8 гвардиялық дивизиясы делініпті. Сержант Әштай Шарғыновтың 1942 жылдың 19 мамырында сол кездегі Калинин облысы Холм ауданының Дубовки деревнясы түбінде Холм қаласы үшін болған ұрыста мерт болғаны, денесі сол жерде жерленгені анықталды. Қазір мұнда Новгород облысы Холм муниципалды ауданының Морхов селолық қонысы әкімшілігі орналасқан екен. Атамның нақты жерленген жерін анықтау мақсатында 2015 жылдың жазында Морхов селолық қонысының әкім­ші­лігіне хат жаздым. 1 шілдеде қоныс әкім­шілігі басшысының (әкімінің) орын­ба­сары Г.Егоровадан «атаңыз Әштай Шар­ғыновтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін Сіз Новгород облыстық әскери комис­сариатының Старая Русса, Холм қала­лары, Старорусский, Холм, Парфин, Поддор аудандары бойынша бөліміне өтініш­пен жүгінуіңіз керек» деген жауап алдым. Хатта көрсетілген мекенжай бо­йын­ша Новгород облыстық әскери комис­сариа­тының аталған бөліміне хат жаздым. Көп ұзамай бөлім бастығы И.Скачков хат жол­д­ап, «Дубовки деревнясындағы бауыр­лас­тар зиратын­дағы жауынгерлердің мәйіт­тері өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары Нов­город облысы, Холм ауданының, Пер­во­майск кентіндегі жауынгерлер зира­ты­на қайта жерленген» деген жауап жазып жіберді. Хатты оқып, көңілім босай берді. Анам­ның аманатын орындауға бір табан жақын қалғанымды сезініп,  немеремді құшақтай, көз жасыма ерік бердім. Жұмайым апайдың ендігі діттеген мақсаты – атасы жерленген зиратқа туған елінің топырағын салу және оның зиратынан топырақ әкеліп, туған жеріндегі әке-шешесінің зиратына салу болды. Осы оймен Новгород облыстық әскери комиссариатының аталған бөлім бастығы И.Скачковқа қайтара хат жолдады. Олардан оң жауап алған Жұмайым апай өткен жылы қара күзде туған жері Қызыларық ауылына келіп, ата-бабасының зиратынан топырақ алып, Ресейге жөнелтті. Жаңа жылдың қарсаңында Новгород облыстық әскери комиссариаттың бөлімінен жауап хат келді. «Топырақ тым дымқыл екен. Оны кептіріп алып, Холм қаласының неміс-фашист бас­қын­шыларынан азат етілген күні – 21 ақ­панға және Отан қорғаушы күніне орай өткізілетін дәстүрлі митингте қазақ­стандық Әштай Шарғыновтың туған жерінен келген топырақ ретінде жауын­гердің зиратына салтанатты жағдайда жерленеді. Ал оның есімін мәңгі есте қал­дыру мақсатында алдағы жылдың 9 мамы­рында зират басындағы монументке майдангердің есімі қашап жазылатын болады» депті. Хатта сондай-ақ жауынгер Әштай Шарғыновтың зиратынан алған топырақтың Қазақстанға, хат иесінің Қордайдағы мекен-жайына жолданғаны жазылыпты. Осы атаулы күн қарсаңында Холм қаласында Әштай Шарғыновтың Отаны Қазақстаннан Холм қаласына жеткізілген топырақ қазақстандық жауынгердің зиратына салынды. Ал, ол жақтан жіберілген топырақ елге Наурыз мерекесі қарсаңында жетіпті. Жұмайым апай осы келісінде анасының ақтық аманатын орындады. Анасының бауыры Әштай жатқан жердің топырағын туған жеріне алып келіп, ата-бабасы жерленген зиратқа салды. Жақын-жуықтағы ағайын-туыстың басын құрап, құран оқытып, құдайы тамақ берді. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында майдангердің туған жұрты Қызыларық ауылындағы ҰОС-қа қатысушыларға арналған ескерткішке боздақтың есімі жазы­­лып, осындағы Алтынсарин атын­дағы орта мектепте оқушылар арасында Әштай Шарғынов туралы сабақтар ұйымдастырылмақ. 74 жыл бойы беймәлім болып келген майдангердің есімі осылайша ұлықталды. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран деген осы. Өйткені, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ол – мәңгі тірі!  Абылайхан СӘРСЕН, журналист  Жамбыл облысы, Жуалы ауданы