Жеңіс деген сөз адам жүрегін қуанышқа бөлеп, жігерін жасынға жанитын құдіретке ие. Жеңіс дегенде тұла бойына мақтаныштың нұры тарамайтын адам жоқ шығар. Ал бүгінгі ұрпақ үшін Ұлы Жеңістің орны ерекше. Сол бір ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары елін жаудан қорғаған ерлердің ерлік істері жыл сайын осы Ұлы Жеңіс күнінде санамызда қайта жаңғырады. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Шпекбаевтар әулеті де Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, соғыста рота командирі болған әкелері Жатқамбай мен аталары Мұсаханның рухына тағзым етеді.
Жатқамбай Мұсаханұлы Алматыдағы мұғалімдер даярлайтын техникумда оқып жүргенде 1939 жылы әскерге алынады да, көп ұзамай соғыс басталады. Соғыстың алғашқы кезеңінде-ақ оны алты айлық сержанттық курсқа оқуға жібереді. Ол ең алғаш қанды майданға Украинаның Терновая стансасында кіріпті. Ең алғашқы көрген қанды қырғыны болғандықтан ба Жатқамбай ақсақал сол бір соғысқа кірген алғашқы сәттерін ешқашан естен шығарған емес. Харьков қаласына таяу осы бір шағын станса үшін болған ұрыс он үш күнге созылып еді. Алматыда құрылған 38-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлері осы ұрыста асқан табандылық танытқаны соғыс тарихынан белгілі. Терновая стансасын қасық қаны қалғанша қорғаған жауынгерлердің сапындағы аға сержант Жатқамбай келесі ұрысқа Дондағы Ростов қаласында кіреді. Басынан бақайшағына дейін қаруланған неміс әскерінің жойқын күшіне төтеп бере алмай шегіне соғысқан кеңес жауынгерлерінің рухын көтерген қасиетті «Жеңіс» деген сөз еді. Жатқамбай Мұсаханұлының Сталинград қаласын қорғаудағы ерлігі бүгінгі ұрпақтары үшін әрдайым мақтанышқа айналған ерлік десе де болады.1942 жылдың 17 шілдесінен бастап 1943 жылдың 2 ақпанына дейін созылған Сталинград шайқасы кезінде Жатқамбай да жараланып, Саратов қаласындағы әскери госпитальға түседі.
Осы шайқас кезінде Сталинград маңында немістер бекінген бір төбені алудың маңызы зор болды. Полктің алға жылжуына төбеге бекінген немістер кедергі келтіріп тұрып алады. Оны талқандау міндеті Ж.Шпекбаевтың взводына жүктеледі де, жауынгерлер жер бауырлай алға жылжиды. Бірақ көп ұзамай немістердің қарша бораған оғының астында қалған солдаттардың алға жылжуы мүмкін емес еді. Мұндай қиын-қыстау кезде жауды айламен жеңбесе, адамдарды текке қырып алу қаупі зор болатыны сөзсіз. Взвод командирі дереу айлаға көшіп, соғыс тактикасын өзгертеді де, ойламаған жерден үш жақтан «уралап» атой салған кеңес әскерлерінің жанкешті шабуылынан сасқалақтап қалған жау әскері лезде қолға түседі. Командирдің жан алып, жан беріскен шешуші сәтте ұтымды шешім қабылдап, жау ұясын тас-талқан еткен тапқырлығына тәнті болған полк командирі Жатқамбай Мұсаханұлын қысқа мерзімді командирлер даярлайтын курсқа жібереді. Оны аяқтап, кіші лейтенант шенін алған Жатқамбай қайтадан майдан алаңына оралды. Көп ұзамай рота командирі болып тағайындалды.
Ал оның соғыстағы ең алғашқы жоғары наградасы – «Қызыл Жұлдыз» орденін алу кезіндегі ерлігі де бір төбе. Дивизия командирі кіші лейтенант Ж.Шпекбаевты рота командирі етіп тағайындай салысымен оған жәй солдатша киінуге бұйрық береді. Әдетте, мұндай тапсырма аса қиын кезеңдерде берілетінін білетін командир алдағы шайқастың жауапкершілігін бар жан-тәнімен сезінеді. Өйткені, шабуыл кезінде немістер командир киіміндегіні ең бірінші нысанаға алатыны, тіптен жау қолына түсе қалса да командирлерге ең қатаң жаза тағайындалатыны анық. Дивизия командирінің жаңадан ғана рота командирі болып тағайындалған өзін осындай қауіптен қорғаштаған қамқорлығы оның жігеріне жігер қоса түсті. Расында да, Шпекбаевтың ротасы талай боздақтың қаны төгілген, жаны үзілген бекіністі алуда асқан табандылық көрсетті. Рота командирінің «Отан үшін алға!» деп саңқылдаған жігерлі дауысының өзі солдаттардың рухын көтеріп, жеңіс биігіне көтерді. Міне, осы шайқастағы ерлігі үшін Ж.Шпекбаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
Жатқамбай Мұсаханұлы Днепрді алу кезінде де ерлік көрсеткен командир. Днепрдің екі бетіне орналасқан екі жақтың әскері де өліспей беріспеуге бел байлағандай. Бұл шайқаста да ол басқаратын ротаға ең маңызды тапсырма – түн жамылып өзеннің немістер бекінген жағына өтіп, сондағы төбе басына пулеметтерін орнату еді. Егер осы тапсырма ойдағыдай орындалса кеңес әскері негізгі шабуылға көшкенде рота мына жақтан оларға қолдау көрсетпек. Бұл тапсырманы орындау үшін рота түн қараңғысын жамылып, өзеннен қайықпен өтуі керек болатын. Кеңес әскерлерінің бұл әрекетін байқап қалған жау жағы өзен бетін барлау барысында самолеттен қару-жарақ тиелген қайықтарға оқ жаудырады. Бұл шабуылдан да аман қалған рота түнделетіп, келесі жағаға асықты. Бірақ Жатқамбай осы маңызды тапсырманы орындау кезінде желкесіне бомба жарықшағы тиіп тағы да жараланады.
Ол қырғын соғыста жүріп қазақтың «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөзінің тегін айтылмағанына көз жеткізеді. Соғыс кезінде үш рет жараланғанын айтпаған күннің өзінде, қаншама рет ажал аузынан аман қалды. Ол атақты Курск шайқасына да бастан-аяқ қатысып, Белгород, Днепрді алуға, Молдавия, Болгария, Венгрия, Югославияны неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, Ұлы Жеңісті Вена қаласында қарсы алады. Бірақ Жатқамбай Мұсаханұлына соғыс бітісімен туған жерге оралудың сәті түспеді. Украинада екі жыл әскери борышын өтеуге қалдырылған ол, туған ұясына соғыс басталмай тұрып кеткеннен жеті жылдан соң бір-ақ оралды.
Жатқанбайдың әкесі Мұсахан Шпекбаев Ұлы Отан соғысында қаза табады. Жалғызының жолында жанын құрбандық етуге аянбаған әкесі Жатқамбайдың Отан қорғауға аттанып бара жатқанын мақтаныш тұтып, «Балам, еліңе абыройлы қызмет ет те аман-сау орал!» деген бұйрыққа бергісіз тілекпен шығарып салып еді. Жалғыз ұлы әскерге алынысымен көп ұзамай соғыс басталғанда сыртқа білдірмегенмен, іштей жанын шүберекке түйіп, тәңіріден Жатқамбайдың амандығын тілеген шығар. Әкесі Мұсахан мен анасы Айман Жатқамбайдан «Алты айлық сержанттық курсты бітірдім, енді Украина жерінде соғысқа кіргелі тұрмыз» деген хат алғаннан-ақ құдайға жалбарынумен болды. 1942 жылдың басында Мұсаханның өзі де ел қорғауға аттанып кетті. Оны сол кезде «соғыста ұлымды көріп қалармын» деген арман ширата түскені де шындық. Бірақ баласымен бір майданда соғысып жүрген Мұсаханның маңдайына жалғызын бір көріп өлуді жазбапты.
Ұлы Отан соғысының ардагері Жатқамбай Шпекбаев туралы әңгімелегенде оның соғыста опат болып, майдан даласында қалған әкесі Мұсахан жайлы айтпай кету мүмкін емес. Сталинград шайқасы кезінде қаза тапқан әкесінің жерленген орнын табу Жатқамбайдың көкейіне тұнған үлкен арманы еді. Сол арманын генерал ұлы Алик Шпекбаев орындады. Ол атасы Мұсахан Шпекбаевтың Саратов қаласындағы бауырластар зиратына жерленгенін тауып, туған жердің бір уыс топырағын салып қайтты.
Қарт жауынгер, командир Жатқамбай ақсақал 2007 жылы 87 жасында қайтыс болды. Шпекбаевтар әулеті әкелерінің көзі тірісінде Ұлы Жеңіс күнін үлкен мерекеге айналдыратын. Бүгінде оның ұл-қыздары мен немере-шөберелері Отан алдындағы ғана емес, ұрпағы алдындағы әкелік парызын да абыроймен өтеп кеткен әкелерін жыл сайын Жеңіс күнінде еске алып отырады.
Гүлнәр ЖАПАРҒАЛИҚЫЗЫ
АЛМАТЫ