10 Мамыр, 2016

Алапат өрттен 46 пәтерге зақым келді

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
10-05-2016 ort 2АЛМАТЫ. 10 мамыр. Алматы қаласындағы «Юбилейный» супермаркеті жайласқан жеті қабатты тұрғын үйді шарпыған өрттен зардап шегушілермен қала әкімі Бауыржан Байбек кездесті. Бұл туралы қала әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Қала әкімі уақытша құрылған «палаткалы қалашықта» қоныстанған тұрғындардың хал-жағдайларымен танысып, өрт зардабының үш күн ішінде толықтай жойылатынына уәде берді.Оттың ұшқыны тиген барлығы 46 пәтер иелерінің талаптары толықтай қамтамасыз етілетініне сендірді. Қазір үш мердігер мекеме тұрғын үйлерді бастапқы қалпына келтіру мәселесімен айналысып жатыр. Қаланың Алмалы ауданы әкімдігінің жанынан құрылған арнаулы комиссия өрттен келген шығынның сомасын анықтап та қойды. Айта кетейік, бүгін таңертең Алматыдағы Абылай хан мен Гоголь көшесінің қиылысындағы жеті қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатына жапсарласып салынған «Корова бар» дәмханасында өрт шығып, жедел арада тосын апаттан 7 адам құтқарылып, 120 адам қауіпсіз жерге жеткізілген болатын. Олардың ішінде үш бала бар. Газға уланған бір адам ауруханаға жатқызылды. Өзге зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жауды жоюға қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметінен 115 адам, 21 арнайы техника, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем дәрігерлері, коммуналдық қызмет мамандары жұмылдырылды. Аумағы 1100 шаршы метрді шарпыған қызыл жалын бір сағаттың айналасында толықтай ауыздықталды. Қазір тергеу орындары өрттің шығу себеп-салдарын анықтау үстінде. Талғат Сүйінбай. Дерек: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Фото: Юрий Беккер. 10-05-2016 ort 1