26 Қаңтар, 2011

Халық Қадырымен қоштасты

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, аса көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің өмірден озуы қазақтың әдебиеті мен мәдениеті үшін, жалпы ел үшін орны толмас ауыр қаза болды. Алаш үшін азалы осынау күндерде Алтай мен Атырау, Жетісай мен Қызылжар арасындағы қарындас қауым «қазақтың Қадыры» атанған ардагер ақынын күйзеле жоқтауда. Екі күн алай-дүлей ақ қар қар­лата бұрқанып, кеше көкала бұлт­тан сө­гіліп ашылғандай Алматы ар­­дақты ақынға соңғы құрмет-қо­ше­метін көр­сетті. Марқұммен қош­­та­су рә­­сімі өткен М.Әуезов атын­дағы акаде­мия­лық драма теат­ры ғимара­ты­ның маңайы да, іші де қара­құ­рым халық. Иә, Қадекең өзі айт­қан­дай, «сөз сыйлайтын халқы аман тұр­ғанда» ақынын өлімге бермейтінін айғақтайтын көрініс еді бұл. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин қаралы митингіні ақын рухын асқақтатар тебіреністі лебізбен аша келе, Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкі­нішті қазаға байланысты жол­да­ған көңіл айту жеделхатын оқ­ып берді. Қайғыға ортақтасқан мұндай жеделхаттар Сенат Төр­ағасы Қ.Тоқаевтан, басқа да бір­қатар лауа­зымды, белгілі адамдардан келген екен. Президент Әкім­шілігі Ішкі саясат бөлімінің мең­ге­рушісі Дархан Мыңбай ақ­ын­ның өлмес ту­ындылары оның екін­ші өмірін бастағандығын ат­ап көрсетті. Үлкен делегацияны бастап кел­ген Батыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бетов туған елі мен жерінің алып перзентіне деген ыстық сүйіс­пеншілігі мен соңғы қош-қошын жеткізді. Бұдан кейін сөз алған Қадекеңнің қаламдас та қанаттас һәм мұраттас аға-інілері мен дос­тары Шериаздан Елеукенов, Тұ­ман­бай Молдағалиев, Асанәлі Әш­імов, Бексұлтан Нұржекеев, Ақұштап Бақтыгереева еліне кенішті жыр, кенен сыр толғап өт­кен азамат ақын жайында жүрек­жарды сөздерін толғады. «Қазақ барда Қадыр бар, халқы барда Қадыр ақын өлмейді», деді олар. Әсіресе, Тұмағаңның қимас асыл досқа арнаған ақ адал жыры көңілдерді елжірете егілтті. Біртуар азаматпен қоштасуға Қы­зыл­орда облысы арнайы делегация жіберіпті. Алматы қаласы әкі­мінің орынбасары Серік Сейдуманов ақын есімін есте қал­дыруға байланысты шаралар ойластыратынын айтып жатыр. Жарты ғасырдан астам «жыр кемесін көк дауылмен жағалас­тырған» дана шайырдың мәйітін ақырында, өзі айтқандай, Кеңсай­дағы «Қабірстан құшағымен қау­сырды». Қазақтың тағы бір ұлы ақынының аруағына бағышталып құран оқылып, асы берілді. Қорғанбек АМАНЖОЛ.