11 Мамыр, 2016

Солтүстік Қазақстанға Польшадан арнайы делегация келді

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
11-05-2016-polchaПЕТРОПАВЛ. 11 мамыр. Польша Республикасы Сенатының төрағасы Станислав Карчевский бастаған делегация Қызылжар өңірінде болып, бірқатар кездесулер өткізді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Шетелдік меймандар Тайынша ауданына қарасты Озерное, Келлеровка, Ясная поляна елді мекендерінің тұрғындарымен жүздесті. Осында аймақ басшысы Ерік Сұлтанов пен Станислав Карчевскийдің кездесуі өтті. Жиынға поляк диаспорасы қатысты. «Өңірде 90-нан астам этнос өкілдері тұрады. Тайынша ауданында поляктар көп шоғырланған. Олар соғыс жылдары туған жерінен амалсыз жер аударылып, осында тұрақтап қалған поляктардың ұрпақтары саналады. Ауданда этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 9 мектепте поляк тілі үйретіледі. Соңғы жылдары аймақтың Польша елімен экономикалық байланысы нығайып келеді», – деді облыс әкімі. Станислав Карчевски өз сөзінде екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың одан әрі дами түсеріне кәміл сенім білдіріп, Қазақстанда қабылданған реформалардың зор қарқынмен атқарылып жатқанын атап өтті. Кездесуде «Тайынша Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Анатолий Рафальский, Келлеровка ауылының тұрғыны Галина Сосновская достыққа, өзара түсіністікке құрылған елде тұратындарын мақтан ететіндерін жеткізді. Мұнан кейін делегация Ясная полянадағы мұражайда, Озерноедегі костел мен монастырьда болды. Келлеровкадағы балабақшаға сыйлықтар табыстады. Өмір Есқали. Дерек, фото: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 11-05-2016-polcha 2 11-05-2016-polcha 1