*Басқа басылымдардан
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге жұмыс сапары мен Жеңіс парадына қатысуы Ресей бұқаралық ақпарат құралдарында үлкен ілтипат тудырды
2016 жылғы 10 мамыр. №80 (29 572)
«Біздің күшіміз сенімділік пен ар-намыста»
Жеңістің 71 жылдығы мерейтойлық дата емес, сондықтан шет мемлекеттердің басшыларын Мәскеуге міндетті түрде шақыру қарастырылмайды. Бірақ осы жолы Ресей Президентінің жанында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Достас елдің Президенті әлемдік лидерлердің ішінде Жеңіс күнін Ресей астанасында атап өтуге шешім қабылдаған жалғыз Мемлекет басшысы болғанын атап өткен жөн.
Ресей мен Қазақстан басшылары жаяу әскерлердің өткенін тік тұрып бақылады... Мұның алдында Ресей басшысы Қазақстан Президентін қарсы алып, оған қазақтардың соғыстағы ерлігі туралы жазылған материалдар бар соғыс жылдарының газетін тапсырды.
Парадтан соң Владимир Путин трибуна түбінде сап түзеген парад есептоптарының барлық командирлері мен ардагерлерді құттықтап, өзінің ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Ресей лидері Александров бақшасына бет алып, онда олар Белгісіз солдат қабіріне гүл шоқтарын қойды.
2016 жылғы 10 мамыр. №49 (26 526)
«Бұл – теңдессіз еңбек жеңісі»
– Бұл – екі ел арасындағы ерекше қарым-қатынастың белгісі, – деді Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевпен Жеңіс күні қарсаңындағы кездесуі кезінде. Ал парадтың өзінде Назарбаев барлық мерекелік шараларға қатысқан бір ғана Мемлекет басшысы болды.
– Бүгінде бір жарым мыңнан астам зауыттың көшіріліп, қайта қалпына келтірілуі қандай күш-жігерді қажет еткенін сезінудің өзі қиын, – деп жалғастырды сөзін Президент. – Арада бірнеше ай ғана өткенде олар жұмыс істеп, майданға танктерді, ұшақтарды, оқ-дәрілерді, басқа да әскери техникаларды үзіліссіз бере бастады. Осы аса ұлы, теңдессіз еңбек жеңісі біздің армиямызға жауды түре қуып, бүкіл Еуропаның дерлік экономикалық әлеуетін өзіне жұмыс істеткен басқыншыны күл-талқан етуге мүмкіндік берді.
Парад аяқталғаннан кейін Путин мен Назарбаев Қызыл алаңда парад есептоптарының командирлеріне ризашылықтарын білдіріп, соңынан Белгісіз солдаттың қабіріне гүлдесте қою үшін Александров бақшасына бет алды.
Жеңіс күніне арналған салтанатты қабылдауда Ресей Президенті былай деп атап көрсетті:
– Кеше кешкісін мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Ұлы Отан соғысында жасаған қазақ халқының ерліктері туралы айтылатын сол кездің газетін үлкен қанағат сезімімен тапсырдым. Мейманымызға зор құрмет көрсетейік. Сізге бүгін біздің ортамызда болғаныңыз үшін мың да бір рахмет.
2016 жылғы 10 мамыр. №96 (6 966)
«Ерекше одақтастық қатынастың белгісі»
Әскери парадты Владимир Путин қазақстандық әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тамашалады.
Қазақстан лидерінің Жеңіс күнін Мәскеуде өткізу туралы шешімі ерекше, одақтастық қарым-қатынастың белгісі, деп бағалады Путин Жеңіс күні қарсаңында Кремльде Назарбаевпен болған кездесуі кезінде. Ол Қазақстан Президентіне Ұлы Отан соғысында жасаған қазақ халқының ерліктері туралы айтылатын сол кездің газетін тапсырды.
«Бұл – біздің ортақ мерекеміз», – деген Қазақстан Президенті келесі кезекте Ресейді үлкен табысымен – «Восточный» космодромындағы ұшырылыммен құттықтады. «Заманауи космодром салуды жүзеге асыра алатын мемлекеттер бүгінде аса сирек болса керек. Сіздер мұны жасадыңыздар, сіздер Ресей үшін тарихтың жаңа парағын жаздыңыздар», – деді тәнті болғанын жасыра алмаған ол.
2016 жылғы 10 мамыр. №94 (27 096)
«Өткенге марапат
қана емес, болашаққа
қаһарлы ескерту де»
Жеңістің 71 жылдығы мерекесіне орай Мәскеуге тек бір ғана шетелдік лидер – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Және бұл қадамға Кремльде лайықты баға берілді. «Бұл біздің ерекше одақтас қарым-қатынасымыздың белгісі», – деп атап көрсетті мейманды қарсы алған Владимир Путин.
Назарбаев Путинмен бірге Қызыл алаңда өткен әскери техника парадына қатысып (Литвадан басқа елдердің бәрінен дипломатиялық миссия басшылары болды), Белгісіз солдат қабіріне Қазақстанның туын білдіретін көгілдір лентамен көмкерілген гүл шоқтарын қойды.
Жеңіс күніне арналған салтанатты қабылдауда Путин Назарбаевқа сапары үшін тағы да жұртшылық көзінше ризашылық білдірді, өйткені, мұның Ресей билігі үшін шын мәнінде күтпеген және осы себепті екі есе жағымды оқиға болғаны анық. Президент мейманға қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы ерліктері туралы айтылатын соғыс уақытының газетін сыйлағанын мәлімдеді.
«Біз нацизмді көпұлтты кеңес халқы тас-талқан етіп, адам айтқысыз тамаша Жеңіске жеткенін әркез есте сақтайтын боламыз», – деп атап көрсетті Путин. Бұл жерде Жеңіс, Мемлекет басшысының сөзінше, өткенге мақтану ғана емес, сондай-ақ, болашаққа қаһарлы ескерту де. Ресейдің беріктігін сынағысы келетіндерге ескерту.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ